Алматыда Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» алған фильмнің премьерасы өтеді

2023 жылғы 12-14 қыркүйек аралығы Алматыдағы “Арман” кинотеатрында француз кинопремьералары өтеді. Оны Францияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырады.

Фестивальде Қазақстанда прокатқа шықпаған үш француз фильмі көрсетіледі. 12 қыркүйекте Жюстин Триенің «Құлау анатомиясы» (Anatomie d’une chute) фильмі ұсынылады. Бір отбасының өмірі туралы бұл туынды 2023 жылы Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» алды.

13 қыркүйекте Каннда ұсынылған Валери Донзеллидің тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбына арналған «Махаббат пен ормандар» (L’Amour et les forêts) деген әсерлі триллері көрсетіледі.

14 қыркүйекте Франсуа Озонның «Менің қылмысым» (Mon Crime) деген фильмі экранға шығады. Сюжет желісінде 1930 жылдардағы сот шиеленісіне қатысты оқиға баяндалады.

Айта кетейік, жыл сайын бұл фестиваль көрерменге француз фильмдерінің түпнұсқасын субтитрмен көрсетіп, француз киносының байлығымен танысуға мүмкіндік береді.

Factcheck.kz