2019 жылы жасанды интеллект зерттеушісі, Уашиңтон университетінің профессоры және Аллен институтының атқарушы директоры Орен Этциони жасанды интеллект желіде жалған ақпаратты тез таратады деп алғаш айтқан ғалымның бірі болды. Былтыр ол жасанды интеллектінің жалған ақпарат таратып, АҚШ-тағы президент сайлауына зиянын тигізгенін айтып, қынжылған. Биыл қаңтарда ғалым осы қауіппен күресу үшін TrueMedia.org деген коммерциялық емес ұйымды құрды. Жақында ұйым цифрлық жалған ақпаратты анықтауға арналған тегін құралдарды шығарды. Бұл туралы New York Times хабарлады.
Адамдар TrueMedia.org сайтындағы құралдар арқылы жалған суреттерді, аудио және бейнелерді анықтай алады. Олар медиа файлдары бар сілтемелерді басып, лезде оның рас-өтірігін тексере алады.
Доктор Этциони бұл құралдарды цифрлық фейктрден қорғанудың бір қадамы деп санайды. Десе де дауыс беру, сайлау кезінде көп фейк-мағлұмат тарап жатқанын да мәлімдеді.
«Мен қорқамын. Біз жалған ақпараттың цунамиіне тап болуымыз мүмкін», – деп келтіреді басылым оның сөзін.
Мәселен, биыл жасанды интеллект технологиясы арқылы президент Байденнің жалған дауыстық қоңырауларын, әнші Тейлор Свифттің жалған суреттерін және Украина шенеунігі Мәскеудегі теракт үшін жауапкершілікті өз мойнына алып отыр деген жалған сұхбаты жасалды.Мұндай жалған ақпаратты анықтау қазірдің өзінде қиын және индустрия барған сайын шынға ұқсас фейктерді жасайтын, оларды анықтауды одан сайын қиындататын мықты ЖИ жүйелерін шығарып жатыр.
Өткен айда мыңнан астам адам, соның ішінде доктор Этциони және тағы басқа зерттеушілер зиянын тигізетін фейктерді жасағандарды және таратқандарды жауапкершілікке тарту туралы заңдарды талап ететін ашық хатқа қол қойды.
Өткен аптада NYT-ге берген сұхбатында доктор Этциони фейк жасаудың қаншалық оңай екенін көрсетті. Мәселен, ол интернеттегі құралдарды қолданып, өзінің түрмеде отырған фотосын жасады. Шын мәнінде, ол ешқашан абақтыда отырмаған еді.
Сондай-ақ ол аурухана төсегінде жатқан фейк суретін жасады. Ол мұндай дезинформацияны Байденге немесе Трампқа дауыс беру алдында қолданса, сайлау нәтижесіне әсер етуі мүмкін деп санайды. Сайып келгенде, Этционидің айтуынша, проблемамен күресу үшін мемлекеттік реттеушілер, технология компаниялары және браузерлер мен әлеуметтік медианы басқаратын технология алпауыттарының кең ынтымағы қажет. Дегенмен АҚШ-тағы күзгі сайлауға дейін мұндай өзара әрекеттестіктің орнатылу ықтималды төмен.