2023 жылы желтоқсанда АҚШ-тың бір телеарнасының сюжетінің үзіндісі тарады. Бір қызығы, онда баланы сексуал түрде бопсалаған қылмыскер деп президент Джо Байденнің фотосын көрсеткен. “Проверено” басылымы кадрдың қаншалық шынайы екенін тексерді.
Көпшілік арасында тараған видеоның ұзақтығы — 12 секунд. Онда тілші: “71 жастағы ер адам жексенбі күндіз Уест-Миффлиндегі Walmart дүкенінде 12 жасар қызға тиіскені үшін айыпталды”, – деп хабарлады. Тілші дәл осы жаңалықты айтып жатқанда артындағы экраннан АҚШ президенті Джо Байденнің суреті көрсетілді.

Осы жағдайдан соң көптеген ресурс пен желі қолданушылары “журналистер педофил туралы жаңалыққа қателесіп не әдейі Джо Байденнің суретін шығарды” деп жазды (1, 2, 3, 4, 5).
Кадрдағы логотипке қарағанда сюжет — АҚШ-тың WTAE-TV Pittsburgh деген өңірлік арнасының үзіндісі. Фактчекерлер телеарнаның Youtube арнасынан, әлеуметтік желісінен жаңалықтың шығарылымын таппады. Алайда бұл арна бұған дейін де интернетке трансляцияларының толық нұсқасын жарияламайтын. Олар тек қысқа, әсіресе оқиға орнынан репортаждар салады. Ал көпшілік арасында тараған видеоның теледидардан түсірілгені байқалады.
Жаңалықта айтылған оқиға 2022 жылғы 28 ақпанда болған. Бұл күні шынымен де 71 жастағы ер адам АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Уест-Миффлиндегі Walmart дүкенінде 12 жасар қыздың жамбасын ұстағаны үшін айыпталды. Полиция қылмыскерді ұстаған және дәл сол күні арнадан оның суреті көрсетілген. Бұл жаңалық WTAE-TV Pittsburgh сайтына да шықты. Онда көпшілік арасында тараған ролик жоқ, бірақ 30 секундтық видео және кадр сыртында айтылған жаңалықтың мәтіні тұр.

Көпшілік арасында тараған видеодағы тілшінің артындағы экранда Байденнің суреті бейнеленген және оның астында «State of the Union tonight» деп жазылған. Бұл — АҚШ президентінің 2022 жылғы 1 наурызда Конгрестте жасаған жолдауының анонсы. Оның жаңалыққа еш қатысы жоқ.
Фактчекерлер “Педофил туралы жаңалық айтылып жатқанда Байденнің жолдауы үшін дайындалған анонс экранға шығып кеткен” деген қорытынға келді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.