Көпшілік арасында “ұзын не қиғашынан кесілген кекіл адамның көру қабілетін нашарлатады” деген мәлімдеме тарап жүр (1, 2, 3, 4). “Проверено” басылымы деректің рас-өтірігін тексеріп көрді.
Амблиопия не жалқау көз синдромы — баланың дамуы кезінде көздің аз жұмыс істеуі салдарынан көздің көру қабілетінің нашарлауы. Көру жүйесі дұрыс дамуы үшін ми екі көзден де анық, дұрыс, біркелкі кескінді қабылдауы керек. Бір көз жалпы визуалды анық көре алмаса, ми ол арқылы келетін ақпаратты қабылдамай қояды.
Амблиопия қылиланудан, астигматизмнен, миопиядан, көру осінің кедергісінен туындауы мүмкін. Бұл көбіне барлық баланың 1%-тен 4%-ке дейінгісінде кездеседі. Әдетте ол екі жасқа дейінгі балаларда болады. Дегенмен 7-8 жасқа дейінгі кішкентайларда да болу қаупі бар.
Офтальмолог баладан амблиопияны анықтаса, оған көзілдірекпен бірге окклюдер тағуға кеңес береді. Окклюдер — көзілдіріктің әйнегін жабатын резеңке, мата немесе пластик жапқыш. Онымен жақсы көретін көздің әйнегін жауып қояды. Осылайша, дұрыс көрмейтін көз жұмыс істейді, ал жақсы көретін көзге салмақ түспейді. Кейінгі клиникалық нұсқаулар бойынша, дәрігерлер әдетте окклюдерді тәулігіне екі-алты сағат аралығы тағуды ұсынады. Кейбір науқас оны 24 сағат бойы тағуы мүмкін.
Адамдар осы окклюдердің функциясына қарап, “кекілдің кесірінен көз дұрыс көрмей қалуы мүмкін” деген пікірде болуы мүмкін. Аустралиялық оптометрлер қауымдастығының мүшесі Эндрю Хоган былай деді: “эмо-жасөспірімнің кекілі үнемі бір көзін жауып тұрса, кейін ол көз көп детальді көрмей, жалқау болып кетуі мүмкін“. Бұл туралы ол 2012 жылы аустриялық The Telegraph басылымына айтты. Ол нақты бір дереккөзге сүйеніп айтпаса да, ақпаратты HuffPost, Independent, Fox News, Time және New York Post жарыса жазды.
Эндрю Хоган — офтальмолог және Optometry Australia компаниясының бұрынғы директоры, бірақ PubMed-тен — ең үлкен медициналық зерттеу базасынан оның амблиопия туралы бірде-бір ғылыми жұмысы табылмады.
Хоганның әріптестері оның пікірімен келіспеді. Америкалық оптометрлер қауымдастығының амблиопия клиникалық нұсқаулығының авторы, офтальмолог Леонард Пресстің айтуынша, Хоганның бұл мәлімдемесі “абсурд”. Біріншіден, адамда амблиопия болуы үшін оның бала кезден ұзын кекілі болуы керек. Себебі жеті жастан кейін баланың көру жүйесі толық қалаптасып үлгереді. Екіншіден, Пресстің айтуынша, адамның көзі кекілдің кесірінен көрмей қалуы үшін көзі 24 сағаттан астам уақыт толық, мықтап жабылып тұруы керек. Ал шаш ондай қалың әрі қатты емес. Дәрігер кекілдің ондай болуы мүмкін емес екенін, сәйкесінше бұл шаш үлгісі көзге зиянын тигізбейтінін айтады. АҚШ-тағы Вирджиния көру орталығының мамандары да осы пікірді қолдайды.
Осылайша, ұзын немесе қиғашынан кесілген кекіл адамның көру қабілетін нашарлатпайды.