Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішева әкімшілік қамауға алынып, 4 ақпанда босап шықты. Бұл туралы «Тіл кеспек жоқ» хабарлады.
Жәпішеваны жақтастары мен достары қарсы алды. Журналист сот шешіміне келіспейтінін, әрі 15 күнге әкімшілік қамауға алынғанын заңсыз деп есептейтінін айтты.
Бұдан бір күн бұрын Темірлан Еңсебекті қолдағаны үшін 15 күнге қамалған Руслан Бикетов те қамаудан босап шықты. Пикетке шығып, перформанс өткізген өзге де белсенділер – Сергей Зинченко, Ақмарал Жәкібаева, Ақторғын Ақкенжебаласы, Гүлбақыт Өтебайға айыппұл салынғанын айта кетейік.
18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Белсендінің жақтастары істің саяси астары бар деп есептейді.
Ал халықаралық ұйымдар Қазақстанда адам құқығы мен сөз бостандығы өрескел бұзылып жатқанын ескертіп, Темірлан Еңсебекті босатуды талап еткен.
Басты беттегі фото «Тіл кеспек жоқ» телеграм-арнасынан алынды.