Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан журналист Руслан Бикетов қамаудан шықты

Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан журналист Руслан Бикетов әкімшілік қамауға алынып, 3 ақпанда босап шықты. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

Полиция департаменті алдында Бикетовті жақтастары қарсы алды. Олардың әрекетін қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мен полиция бақылап тұрды.

Журналист сот шешімімен келіспейтінін айтты. Ол қаулыны әлі алмағанын және құжатпен таныспағанын жеткізді. Бикетовтің адвокаты апелляциялық шағым да түсірген.

18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Белсендінің жақтастары істің саяси астары бар деп есептейді.

Темірлан Еңсебек қамауға алынғаннан кейін журналист Руслан Бикетов жалғыз адамдық пикет өткізген. Ол «Менің елім жазылмас дертке шалдыққан. Әлем, елімді құтқаруға көмектес. Бізге демократиялық болуға көмектес. Темірланға бостандық. Қазақстанға бостандық!» деп жазылған плакат ұстап шықты.

Журналист Әсем Жәпішеваның айтуынша, пикет бар болғаны бес минутқа созылып, Бикетовті полиция ұстап әкеткен. The Village Қазақстан мәліметінше, сол күні кешке өткен сот процесі де бес минутқа ғана созылған. Іс әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы – «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу» бойынша қаралған. Артынша Қазақстанның бірнеше өңірінде белсенділер Еңсебектің босатылуын талап етіп, пикетке шықты, перформанстар өткізді. Белсенділердің кейбірі әкімшілік қамауға алынды, кейбіріне айыппұл салынды.

Басты беттегі сурет The Village Қазақстан басылымынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz