Радиация қаупі кезінде йод қолдану туралы мифтер — «Без брехнi» фактчегі

Украинадағы Запорожье АЭС-ін 2022 жылғы наурыз айынан бері Ресей әскері басып алған. Станция төңірегіндегі жағдай қиын, атқылау жалғасып жатыр. Халықаралық ұйымдар күн сайын аймақты демилитаризациялауға шақырып, ядролық апат қаупі туралы айтады. Бұрынғы ірі атом электр станцияларындағы апаттар көрсеткендей, жарылыстан кейін радиация кең аумаққа тарауы мүмкін, сондықтан бұл жағдай бүкіл әлемді алаңдатады. Адамдар өзін және жақындарын қорғау жолдарын іздеп жатыр. Интернеттегі ең танымал қорғану әдістерінің бірі йод екені жазылған. Алайда, шын мәнінде, ядролық апат кезінде дәріхана мүмкіндіктері өте шектеулі.

Без брехні фактчекерлері радиациялық қауіп кезінде «құтқарушы йод» туралы мифтерді талдады. Біз әріптестеріміздің тұжырымдарын толықтырып, бірлескен жұмысымыздың нәтижесін ұсынып отырмыз.

Мәлімдеме: Кәдімгі йод ішсем, радиациядан қорықпауға болады

Үкім: Жалған

Алкогольді йодтың әдеттегі ерітіндісі көмектеспейді, тіпті зиян тигізуі мүмкін. Радиация тарауы жағдайында калий йодидін қабылдау ұсынылады. Бұл қалқанша безін қорғауға көмектеседі, бірақ сонымен шектеледі. Калий йодиді дененің басқа мүшелерін қорғамайды және радиоактив йодтан басқа радиоактив элементтерден қорғамайды.

Украина Денсаулық сақтау министрлігі атом электр станциясындағы апат кезінде йод, цезий, стронций және басқа да радионуклидтердің радиоактив изотоптары бөлінетінін айтты. Осының нәтижесінде радиустық бұлт пайда болып, оның радиусындағы барлық нәрсені ластауы мүмкін. Мұндай бұлттан болатын жауын-шашын адамның терісі мен киіміне тисе, адам сыртқы сәулеленуге; ал ластанған тамақ пен су ішсе, ішкі сәулеленуге шалдығады. Бұл шығарындылардың едәуір бөлігінде радиоактив йод бар. Профилактикалық шаралар қабылданбаса, ол қалқанша безіне сіңіп, аурулар қоздырады. Бұл процесс әсіресе балаларда жылдам жүреді.

KI (калий йодиді) құрамында тұрақты (қауіпсіз) йодтың жоғары концентрациясы көп болатыны сонша, қалқанша безі толып кетіп, енді ешқандай йодты, соның ішінде радиоактив йодты сіңіре алмайды. Препарат әсері 24 сағатқа созылады.

Мынаны ескеру маңызды:

  • KI радиоактив йодтан басқа радиоактив элементтерден денені қорғай алмайды – ал радиоактив йод болмаған кезде препаратты қабылдау қорғамайды, керісінше зиян болуы мүмкін.
  • KI радиоактив йод қоршаған ортаға түскен жағдайларда ғана тағайындалады. Денсаулық сақтау бөлімінің, құтқару қызметінің не жеке дәрігердің кеңесінсіз оны қабылдау немесе басқаларға беру ұсынылмайды.
  • KI емдеу құралы емес және қалқанша безінің зақымдануын қалпына келтіре алмайды.

Қарапайым йод не себепті көмектеспейді? Калий йодидінен айырмашылығы, йод ерітінділерінің бірде-бір түрі қалқанша безінде жиналмайды, сондықтан ол изотоптан қорғай алмайды. Сондай-ақ, йод торлары және басқа да сыртқы манипуляциялар көмектеспейді. Анық пайдасыз екенімен қоса, мұндай препараттарды қабылдау және қолдану химиялық күюге әкелуі мүмкін.

Радиациялық қауіп кезінде қорғаныстың тағы бір маңызды шарасы туралы ұмытпаңыз: баспанаға кіріп, содан шықпаңыз.

Мәлімдеме: Дәріхананың йод қосылған витаминдерін ішу қорғайды

Үкім: Жалған

Сәулелену деңгейі жоғары болған кезде қалқанша безін қорғау үшін йод дозасы маңызды, ол шамамен 125 мг (ересектер үшін) болуы керек. Ал кәдімгі витаминдерде стандарт мөлшер 100-200 мкг болады.

Миллиграмм (мг) мен микрограммды (мкг) шатастырмау маңызды!

Радиоактив сәулелену қаупі кезінде бір рет қабылдау үшін ұсынылатын доза:

  • 1 айлыққа дейінгі балалар (нәрестелер мен емшек сүтімен қоректенетін балалар) — 16 мг;
  • 1 айдан 3 жасқа дейінгі балалар — 32 мг;
  • 3 жастан 12 жасқа дейінгі балалар — 62,5 мг;
  • 13 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 40 жасқа дейінгі ересектер, жүкті және бала емізетін аналар — 125 мг.

Қолдану әдісіне мұқият болу керек, өйткені препараттың жанама әсерлері бар.

Мәлімдеме: Алдын ала дайын болу үшін калий йодидін ерте іше бастау қажет!

Үкім: Манипуляция

Мұның бәрі препараттың қаншалық алдын ала қабылданғанына байланысты. Өйткені KI әсері шектеулі уақытқа созылады, оның үстіне ұсынылған дозалар бар. Ал ол нормадан асып кетсе, күрделі ауруға және өлімге жеткізетін жанама әсерлер болуы мүмкін.

Біз KI 24 сағат ішінде тиімді екенін айттық. Сондықтан радиоактив йодпен жанасу мүмкін болатын жағдайдан 6 сағат не одан аз уақыт бұрын (ресми хабарламаны күтіңіз!) қабылдау ұсынылады. Сондай-ақ, зардап шеккен аймақта болған кезде және одан кейін 6 сағат ішінде қолдануға болады.

Калий йодидін тек 24 сағатта бір рет ішуге рұқсат етіледі. Қайта пайдалану қажет болған жағдайда бір тәулік күту керек.

Мәлімдеме: 40 жастан асқан адамдарға калий йодидін ішу қажет емес

Үкім: Шындық

ДДСҰ-да мұндай ақпарат бар. 40 жастан асқан адамдар үшін калий йодидін қабылдаудың ауыр жанама әсерлерінің қаупі радиациядан туындаған қалқанша безінің қатерлі ісігі қаупінен әлдеқайда жоғары. Дегенмен ДДСҰ төтенше жағдайларды жою қызметкерлеріне йод профилактикасын ұсынады. Сонымен қатар, ұйым халық арасында қалқанша безі бұзылуының тарауы елге байланысты әртүрлі болуы мүмкін екенін, сондықтан ұлттық денсаулық сақтау органдарының өз тәсілі мен басшылыққа алатын ұсыныстары болуы мүмкін екенін айтып өтеді.

Қорытынды:

Үрейленудің және алдын алу үшін препаратты өз бетіңізше ішудің қажеті жоқ! Тұрып жатқан елдiң құзыреттi мемлекеттiк органдары ұсынысын күту қажет.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz