Мифтер | Алиментті тек еркектер төлей ме? Табысы жоқ болса ше?

Ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін ортақ балаларды күтіп-бағуға алимент өндірілетіндіктен, бұл мәселе – қазақстандық қоғамда маңызды тақырыптардың бірі. 2022 жылдың 11 айының өзінде Қазақстанда 16 334 ажырасу тіркелген, 2021 жылдың сол уақыт аралығында 17 738 жұп ажырасқан. Сәйкес мерзімдерде қазақстандықтардың ажырасуы абсолют мәнде кемісе де, алиментке қатысты сұрақтар мен мифтер азайған жоқ.

Factcheck.kz жанындағы Online Factcheck Academy түлегі Эльмира Назирова осы тақырыпқа қатысты жаңсақ ой мен мифтерді жинап, мәселенің ақ-қарасын ажыратуға тырысты.

Анықтама: Алимент – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат.

1-миф. Алиментті ажырасқаннан соң ғана өндіруге болады.

Үкім: Жалған

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 138-бабы, 1-тармағында «Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті <…> кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы келісім (алимент төлеу туралы келісім) жасасуға құқылы» делінген. Яғни ерлі-зайыптылар балаға алимент өндіру үшін сотқа барып арыз жазбай-ақ, ажыраспаса да ортақ мәмілеге келе алады.

Шарт жасаған кезде екі тарап нақты талаптарды және болжамды төлемдерді көрсетуге міндетті. Ол нотариус арқылы жүзеге асады. Осы тұста «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 159-бабы, 2-тармағына сәйкес, жасалған шартты ерлі-зайыптылардың бірі өз бетімен өзгертуге не бұзуға құқығы жоқ екенін айта кеткен жөн.

Осы заңның 138-бабы, 2-тармағына сай, «Егер ата-ана өздерінің кәмелетке толмаған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады» делінген. Яғни, алиментті ажырасқаннан соң ғана өндіруге болады деген пункт жоқ.

2-миф. Бала кәмелет жасқа толған соң алимент төлемеуге болады.

Үкім: Жалған

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 138-бабы, 1-тармағында «Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын, сондай-ақ <…> кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы келісім (алимент төлеу туралы келісім) жасасуға құқылы” делінген. Яғни, бала мектепті бітіргеннен соң ЖОО немесе колледжге күндізгі оқу бөлімінде оқыса, алиментті тағы 3 жыл (21 жасқа дейін) ала-алады. 

Сондай-ақ, бала кәмелетке толса да алимент төленетін жағдайлар болады. Кодекстің 143-бабына сәйкес, ата-аналар кәмелетке толған балаларын еңбекке жарамсыз болған жағдайда (мүгедектігі бар) бағып-қағуға міндетті.

3-миф. Алимент төлеуі керек адамның (ресми) жұмысы болмаса алимент төлемейді.

Үкім: Жалған

2014 жылдың қаңтарынан бастап, жұмыс істемей қашып жүрген әке не анадан өндірілетін алимент Қазақстандағы орташа айлық жалақыны негізге ала отырып есептеледі. Қазақстанда 2022 жылдың III тоқсанында орташа айлық жалақы 299 782 теңгеге жетті.

Алимент сот шешімінен кейін емес, сіз өтініш берген сәттен бастап өнідірілетінін ескеру қажет. Өйткені, екінші тарап сот процесін әдейі кешіктіруі мүмкін. Мысалы, сотқа түрлі сылтаулармен қатыспау немесе сотқа кері арыз жазу арқылы «алимент өндіру» ісі ұзаққа созылуы ықтимал.

Бұдан бөлек, халықтың басым көпшілігі алиментті тек айлықтан ғана өндіреді деп ойлайды. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 139-бабы, 1-тармағында «Сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің – 4/1; екі балаға – 3/1; үш және одан да көп балаға 50%-ін өндіріп алады» делінген.

Ал, 140-бапта, «алимент ұсталатын жалақысы және (немесе) өзге де кірісі түрлерінің тізбесін ҚР Әділет министрлігі бекітеді» делінген. Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы ҚР Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 бұйрығында:

  • айлықтан;
  • қосымша ақылар мен үстеме ақылардың барлық ақылардан;
  • ақшалай сыйақылардан;
  • демалыста алатын жалақыдан;
  • комиссиялық сыйақыдан (сақтандыру агенттеріне, брокерлерге);
  • бір реттік сипаттағы көрсетілген қызметтер үшін алынатын сыйақылардан; 
  • авторлық сыйақы төлемдерінен;
  • зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен;
  • білім алушыларға төленетін стипендиялардан;
  • кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен кірістерден;
  • мүлікті жалға беруден түскен кірістерден;
  • бағалы қағаздар бойынша түскен кірістерден және заңды тұлғаның мүлкін басқаруға қатысудан түскен басқа да кірістерден;
  • «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңының 13-бабының 1) тармақшасымен және «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағының 2) тармақшасымен көзделген кірістерден жүргізіледі. 

Бала бағып отырған ана не әке бұрынғы жұбайының барлық табыс түрінен алимент өндіріп ала алады.

4-миф. Некесіз туған балаға алимент төлемеуге болады.

Үкім: Жалған

Некесіз туған баланың құқығы — некеде туған баланың құқығынан кем емес. Бұл туралы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 52-бабының 1-тармағында жазылған. 

Егер баланың әкесінің аты, тегі туу туралы куәлікке жазылмаса, онда әкелікті анықтау туралы өтінішпен сотқа жүгіну керек. Әкесі баланың өзінен туғанына күмәнданса және әкесі екендігін жоққа шығарса, онда соттан молекулалық-генетикалық сараптама жүргізуді талап ету керек. Бұл жайында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 47-бабында жазылған. Ал, 48-бапта «Әке болуды сот тәртібімен анықтау» туралы, яғни «Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) ата-аналардан бала туған жағдайда және ата-аналарының бiрлескен өтініші немесе баланың әкесiнiң өтініші болмаған кезде баланың нақты адамнан туу тегi (әкесі) ата-аналарының бiреуiнiң, бала қорғаншысының немесе қамқоршысының өтініші бойынша немесе баланы асырап отырған адамның өтініші бойынша, сондай-ақ бала кәмелетке толған соң оның өз өтініші бойынша сот тәртiбiмен анықталады. Бұл ретте сот баланың нақты адамнан туу тегiн дәйекті түрде растайтын айғақтарды назарға алады» делінген. Бала ресми некеде дүниеге келмесе де, оның құқықы толық қорғалады және алимент алуға толық хақы бар.

5-миф. Алимент тек әкеден өндіріледі.

Үкім: Жалған

Неке бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалар ата-анасының қайсысымен тұратыны айқындалған соң, анасы не әкесі бұрынғы жұбайынан алимент өндіруге құқылы. 

Некені бұзу тәртібі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 21-,22-баптарында көрсетілген. Яғни, 22-баптың 1-тармағында «Неке (ерлі-зайыптылық) сот тәртібімен бұзылуы кезінде ерлі-зайыптылар кәмелетке толмаған балалары өздерінің қайсысымен тұратындығы туралы, балаларды және (немесе) еңбекке қабілетсіз жұбайын күтіп бағуға қаражат төлеу тәртібі, осы қаражаттың мөлшері туралы не ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы келісімді соттың қарауына ұсына алады» делінген. 

Кодекстің 138-бабының 1-тармағында «Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті және кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы келісім (алимент төлеу туралы келісім) жасасуға құқылы», ал осы баптың 2-тармағында «Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады» делінген. Яғни, кәмелетке толмаған бала кімнің қарамағында қалса, екінші тарап алимент төлеуге міндеттеледі.  

! Заңда бала алдындағы ананың не әкенің басымдылығы көрсетілмеген.

Сондай-ақ, әке не анасы алимент төлей алмаса, оны кәмелетке толған туған аға, әпкесі немесе ата-әжесі де төлейді. 151-бапта «Кәмелетке толмаған бауырларының өз ата-аналарынан алимент төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, өздерінің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар еңбекке жарамды, кәмелетке толған бірге туған ағалары мен апаларынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар». 

6-миф. Алиментті тек ата-ана ғана төлейді.

Үкім: Жалған

Баласына алимент төлеген ата-ананың бірі көмекке мұқтаж болса, онда ол алимент төлеген баласымен келісімге отырады. Келісім болмаған жағдайда, сотқа арыз жазып, баласынан өзіне алимент өндіре алады. Кодекстің 145-бабы, 1-тармағында «Көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-ананы күтіп-бағуға еңбекке жарамды, кәмелетке толған балалары міндеттеледі» десе, 2-тармақта «Егер алимент өндіру туралы келісім болмаған [баламен ата-ана арасында – ред.] жағдайда, сот тәртібімен өндіріледі» деп жазылған.

«Ата-анаға алимент өндіру» «балаға алимент өндіруден» басқаша екенін ескеру керек. Сот балалардан ата-анасына алимент өндіру кезінде оның материалдық және отбасылық жағдайын ескереді. Алимент төлеу кезіндегі айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасын белгілейді. 

Осы тұста алимент төлейтін әке не ана өз міндетінен жалтарса, сәйкесінше бала да алимент төлеуден босатылуы мүмкін (145-бап, 5-тармақ), сондай-ақ ата-ана құқықтарынан айырылғандарға, балалары алимент төлеуден босатылатынын ескеру қажет.

Материалды дайындаған: Эльмира Назирова

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz