Аборт денсаулыққа зиян ба? | Түсік жасатуға қатысты мифтерді талдаймыз

Жақында АҚШ Жоғарғы соты Уэйдке қарсы Роу ісінің қайта тыңдалымын өткізді, бұл түсік жасатуға конституциялық құқықтың жойылуына әкелді. Жаңалық басқа елдерге де тарап, қоғамдық резонанс тудырды. Бұған дейін, 2020 жылдың күзінде Польшада осындай шешім қабылданған. Бұл үрдіс әлемдегі құқық қорғаушыларды алаңдатып отыр.

Түсік жасату – өте сезімтал тақырып және оның айналасында пікірталас көп. Біреулер бұл тәсіл әр әйелдің құқы деп есептесе, енді бірі бала өлтірумен тең деп бағалайды және мұндай амал «бедеулікке» әкеп соғады деген сенімде. Үшіншілері түсіктің философия және діни көзқарас тұрғысынан этикаға қаншалықты сай екенін талдап әлек.

Сол себепті Factcheck.kz редакциясы түсік туралы ең танымал мифтер мен пікірлерді тарқатып көрді. Кіріспес бұрын екі маңызды ескерту жасай кетейік.

Біріншісі: Бұл материал тек ақпараттандыру мақсатында жазылды және ешқандай медициналық ұсынысқа жатпайды. Ем-шара туралы кез келген шешім дәрігеріңізбен ақылдаса отырып шешілуі керек. Екіншісі: Мақала ғылыми және статистикалық деректерге негізделген. Бұл мәселенің этикалық, діни және философиялық тұсы фактчек құзырына кірмейді.

Миф: Түсік жасатудың қажеті жоқ, себебі контрацепция тәсілдері көп

Үкім: Жалған

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) статистикасы бойынша, жыл сайын әлемде 121 млн-ға жуық әйел қалауынан тыс жүкті болады. Мәселен, оған сексуалдық зорлықты, сондай-ақ жыныстық серіктесі не отбасы мүшелері әйелге қалауынан тыс жүктілігін тоқтатуға кедергі болатын репродуктив зорлықты жатқызуға болады. Жоспарсыз 10 жүктіліктің 6-ы не жалпы 10 жүктіліктің 3-і абортпен аяқталады екен. Яғни жоспарлы жүктілік кезінде де түрлі себеппен аборт жасалуы мүмкін. Ал контрацепция жүктіліктен 100% қорғайды деген кепілдік жоқ.

Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметіне сай, жыныстық серіктесінен қынапты зорланған [вагиналды зорлық-ред.] АҚШ-тағы 18 млн әйелдің 30%-і дәл сол адамның репродуктивті зорлығына да ұшыраған. 23%-ке жуығы серіктесі секс алдында мүшеқап киюден бас тартқанын айтқан. ДДСҰ 2008 жылы жүргізген зерттеуі бойынша, 80 млн жоспарланбаған жүктіліктің шамамен 33 млн-ы контрацепция тәсілдерін қолданғаннан кейін болған.

Сондай-ақ әйел жүктілікті басқа да себептерге байланысты үзуі мүмкін. Мәселен, әлеуметтік, экономикалық немесе саяси жағдайлар, сонымен қатар өміріне қауіп төніп, жүктілікті жалғастыруға денсаулығы жарамаған жағдайда.

Аборт әлем бойынша кең тараған процедура. Орта есеппен жыл сайын 4 жүктіліктің біреуі түсік жасатумен аяқталады.

Миф: Аборттан кейін психологиялық күйзеліс болады

Үкім: Манипуляция  

Психологиялық күйзеліс өмірдегі көптеген қиын жағдайлардан соң болуы мүмкін, оның ішінде аборт та бар. Бірақ бұл үрдіс не ереже емес.

Мысалы, Американың психологиялық қауымдастығының (APA) есебінде бірінші триместрде түсік жасатқан адамдарға психологиялық тұрғыда әсер ететін факторлар бар екені жазылған: стигматизация, әлеуметтік қолдаудың төмендігі, бұған дейінгі психикалық денсаулық мәселелері, өзін-өзі бағалаудың төмендігі және басқа да жеке факторлар, сондай-ақ жүктіліктің сипаттамалары, оның ішінде қаншалықты жоспарлы әрі қалауымен болғаны әсер етеді.

Сондай-ақ осы факторлар баланың өмірге келуі не балалар үйінен бала асырап алу сынды басқа да өмірдегі қиын кезеңдерде психологиялық тұрғыда жағымсыз әсер етеді.

Миф: Түсік жасату денсаулыққа қауіпті

Үкім: Манипуляция

Кез келген медициналық амал-тәсілдер секілді түсік жасатудың да қаупі бар. Түсіктің қауіпті және қауіпсіз түрлері болады. Кейінгілерін біліксіз адамдар жасайды не ең төменгі медициналық стандарттарға сай емес ортада жасалады, кейде екеуі де қатарласуы мүмкін. Қауіпті аборт сипаттамалары түсік жасатқанға дейін, жасату кезіндегі және жасатқаннан кейінгі кезеңдерді қамтиды. Ол денсаулыққа үлкен залал келтіруі мүмкін.

Ереженің бәрі сақталатын болса түсік жасату ең қауіпсіз медициналық тәсілдердің біріне жатады, бұл тіпті бала туудан да қауіпсіз.

Қауіпсіз аборт, яғни кәсіби медицина қызметкерлері жүктіліктің алғашқы кезеңінде (бірінші триместрде) не медицина қызметкерінің ұсынысымен дәрі-дәрмек ішу арқылы жасалғаны қиындық тудырмауы керек.

АҚШ акушер-гинекологтарының кәсіби қауымдастығы түсік кезіндегі қауіпке жартылай түсікті, жатырға инфекцияның түсуін, қан кету немесе жатыр мен басқа мүшелердің зақымдануын жатқызады. Дегенмен мұндай жағдайлар сирек кездеседі және көбіне қауіпсіз орта мен дәрігерлердің біліктілігіне байланысты.

Жүктілік кезеңі өскен сайын түсік жасату кезіндегі қауіп-қатер де арта түседі деп есептеледі. Дегенмен қажетті талаптар орындалып жатса екінші триместрдегі түсік те тиімді әрі қауіпсіз бола алады. Оған дилатация және эвакуация тәсілдерін қолдану ұсынылады. Мәселенің түп-төркіні әлемнің көптеген бөлігінде бұл процедураны оқып-үйренген мамандардың жетіспейтіндігінде болып тұр. Сол себепті жүктіліктің бұл кезеңіндегі әйелдердің қауіпсіз түсік жасауы үшін дәрілік тәсіл қолданылады. Швеция, Шотландия сынды Еуропаның кейбір елдерінде екінші триместрдегі аборт үнемі дәрілік тәсіл арқылы жасалады.

Миф: Түсік жасату одан кейін жүкті болу мүмкіндігін азайтады

Үкім: Манипуляция

Алдыңғы жағдайдағыдай, пікір біржақты айтылған және соған сай манипуляция жасап тұр. Медициналық тұрғыда аборт дұрыс жасалса бала көтеруге байланысты қиындық туындамайды.

Ұлыбританияның Денсаулық сақтау ұлттық қызметінің (NHS) дерегіне сай, кейінгі жүктілікке қауіп төндіруі мүмкін жағдай – түсік жасату кезінде жатырға инфекцияның түсіп кетуі. Дегенмен уақытылы емдеу жүргізілсе, салдарын жоюға болады.

Мейо Ивонн Тоба клиникасының экспертінің сөзінше, мерзімінен бұрын босану қаупі мен хирургиялық аборт арқылы дүниеге келген баланың салмағының аз болуы арасында байланыс бар. Қырнауышты пайдалана отырып көп мәрте хирургиялық түсік жасатқан әйелдердің жатырының ішкі жағында тыртық пайда болу қаупі бар, ол болашақта бала көтеруге кедергі келтіруі мүмкін.

АҚШ акушер-гинекологтарының кәсіби қауымдастығы аборт жасату бедеулік қаупін арттырмайтынын хабарлады. 2016 жылы 2008-2010 жылдары аралығында босанған 57 406 финляндиялық әйелдің (олардың 5 167-і оған дейін түсік жасатқан) анамнезін зерттеген Холмлунд пен әріптестері де осындай қорытындыға келді. Алғаш рет босанып отырған, бірақ оған дейін түсік жасатқан аналар бірінші рет босанып, бұрын түсік жасатпағандарға қарағанда бедеуліктен емдеуді азырақ қажет ететіні анықталған (1,95% пен 5,14%).

Миф: Абортқа тыйым салу оның санын азайтады

Үкім: Жалған

Статистикаға назар аударсақ, абортқа тыйым салу оған деген сұранысты азайтпайды. Тек абортты қауіптірек етеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі аборттардың 45%-ке жуығы қауіпсіз емес. Олардың үштен бір бөлігі қауіпті жағдайда, яғни біліксіз қызметкерлер немесе түсік жасатуға арналмаған жерде қауіпті тәсілдерді қолданып жасалған. Қауіпті аборттардың көбі, 97%-і дамушы елдердің еншісінде. Бұл мемлекеттердің көбінде осы тәсіл стигматизацияланған не тыйым салынған (ішінара немесе толықтай).

Бұл нені білдіреді? Түсік жасатуға тыйым салынса, медициналық стандарттарға сай жерде кәсіби мамандар орындауы керек процедура көлеңкеде қалады. Қауіпті аборттардың саны артады, себебі заңнан қашқан әйелдер күмәнді мамандардың көмегіне жүгінуге немесе қолда бар құралдарды пайдаланып өздері жасауға мәжбүр болады.

Гуттмахер Институтының есебіне сілтеме жасай отырып Amnesty International ұйымының хабарлауынша, аборт рұқсат етілген елдерде түсік жасатудың саны репрдуктивті жастағы 1 000 әйелге 34 жағдайдан келеді, ал ішінара немесе толығымен тыйым салынған елдерде бұл көрсеткіш репродуктивті жастағы 1 000 әйелге 37 жағдайды көрсетіп тұр. Айта кеткен жөн, кейінгісінде түсіктің шынайы саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі процедура тыйым салынған елдерде жасырын аборт пен «аборт туризмі» көбіне тіркелмейді және статистикаға енбейді.

Қорытынды:

  1. Контрацепция абортқа балама бола алмайды, себебі жүктіліктен 100% қорғамайды. Контрацепция қолданылмайтын кей жағдайларда жоспарланбаған жүктілік болуы мүмкін. Тіпті, жоспарлы жүктілік кезінде де түсік жасату туралы шешім қабылдануы ықтимал.
  2. Аборттың бәрі психикалық күйзеліспен аяқталмайды. Бұл жағымсыз әсер мен басқа да өмірдегі қиын жағдайларда предиктор болатын белгілі бір факторларға байланысты.
  3. Қауіпсіздік шаралары сақталған түсік тиімді әрі қауіпсіз саналады және келесі жүктілікке қауіп төндірмейді. Сондай-ақ бедеу болу қаупін арттырмайды.
  4. Абортқа тыйым салу оған деген сұранысты азайтпайды, тек оны қауіптірек етеді.
  5. Стигматизацияның болмауы және абортқа дер кезінде қол жеткізе алу бізді осы материалда айтылған көп мәселеден қорғайды.

Оқи отырыңыз

АҚШ вице-президенті әйелдердің күнде жүкті болуын күрделі мәселе деді ме?

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

Factcheck.kz