24 ақпанда Ресей Украинаға соғыс ашқалы әлеуметтік желіде түрлі сенімді де, сенімсіз ақпарат тарады. Олардың көбін соғыс жағдайында тексеріп, ақ-қарасын анықтау мүмкін емес. Жақында желі қолданушылары мен Ресей пропагандашылары Зеленский онлайн кездесу өткізіп жатқан сәтте үстелінде есірткі бейнеленген видео таратты. Factcheck.kz видео түпнұсқасы қашан және қайда жарияланғанын анықтады.

Үкім: Фейк
Видео түпнұсқасы Украина президенті Владимир Зеленскийдің инстаграм парақшасында 6 наурызда жарияланған. Сондықтан да желіде тараған видеоның фейк екенін және оригиналда ұнтақ пен банк картасы жоқ екенін көруге болады. Бұған дейін де BBC сайтының фактчекер журналисі Шаян Сардаризех (Shayan Sardarizeh) және Bellingcat негізін қалаушы Элиот Хиггинс видеоның фейк екенін жазған.

Видеоның оригиналы төменде көрсетілген. Зеленский SpaceX негізін қалаушы Илон Маскпен видеоформатта сөйлескен. Онлайн кездесуде Маск Зеленскийге Starlink интернет жүйесінің терминалдарын Украинаға беретінін айтқан. Сонымен қатар, Зеленский Илон Маскты соғыс аяқталған соң Украинаға шақырған.
Бұдан бөлек желіде осыған ұқсас фейк тараған. Фейктің негізі — жоғарыдағы фейк видео. Автордың айтуынша, Зеленскийдің үстелінде кокаин ізін байқауға болады-мыс.

Видеоның оригинал нұсқасы Зеленскийдің инстаграм парақшасынан алынған және фейк “жасаушылар” “кокаин ізі” деп үстелдегі алтын түсті оюды көрсеткен.
Зеленскйидің YouTube каналынан алынған скриншот. Дереккөз: m.day.kyiv.ua
Контекст
- Ресей Украинаға соғыс ашпай тұрып және соғыс ашқаннан кейін де ресейлік медиада Зеленскийдің “есірткі тартуы мүмкін” немесе “тартады екен” деген секілді дәлелсіз әңгіме жиі айтылады.
- Rollingstone.com сайтының жазуынша, Зеленскийдің есірткі қолданатыны жайлы фейк ақпарат президенттікке ұсынылған кезден бастап тарады.
- AFP фактчекерлері Зеленскийдің кокаин қолданатыны жайлы тараған тағы бір видеоның монтаждалғанын анықтаған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.