Фейк | Столтенберг: НАТО Ресейге қарсы соғысу үшін 8 жыл дайындалды

Ресей Украинаға басып кіргелі кремльшіл медиалар батыс елдері жайлы түрлі түсініксіз әрі жалған (бұрмаланған) ақпарат таратып жатыр. Жақында билікшіл медиалардың бірі НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергке қатысты ақпарат таратты. Tsargrad.tv сайтының жазуынша, Столтенберг НАТО-ның Ресейге қарсы соғысуға сегіз жыл дайындалғанын айтқан-мыс. Сонымен қатар, материал НАТО Ресейге қауіп төндіретіндей етіп жазылған. Factchcek.kz сайты тараған ақпаратты Украинадағы серіктестеріміз Stopfake.org материалына негіздей отырып тексеріп көрді.

Фейк | Столтенберг: НАТО Ресейге қарсы соғысу үшін 8 жыл дайындалды
Ресейлік медиа таратқан ақпараттың скриншоты.

Столтенберг НАТО-ның 8 жыл бойы Ресейге қарсы соғысуға дайындалғанын абайсызда айтып қойды.

Ресейлік медиада тараған ақпарат.

Үкім: Фейк

Шынтуайтында, Столтенберг Альянстың Ресейге қарсы соғысу үшін сегіз жыл бойы дайындығы жайлы ештеңе айтпады. НАТО бас хатшысы Ресейдің 2014 жылы Украинадағы Қырым, Луганск пен Донецктің кейбір жерін жаулап, еуропалық қауіпсіздік негізін бұзғанын айтқан. Бұдан бөлек, Столтенберг Ресейдің Украинаға сегіз жыл бұрын жасаған шабуылынан кейін альянстың қорғанысты күшейте бастағанын ғана мәлімдеген. “Әлем өзгере бастағанда, НАТО да өзгеруі керек” – деді Столтенберг.

Ресейлік медиа әдеттегідей “НАТО-ның Ресейге қарсы агрессиясын” көрсету мақсатында Столтенберг мәлімдемесін бұрмалап, контексттен жұлып, тіпті өз тарапынан “абайсызда айтып қойды” деп эмоция қосқан.

Шын мәнінде, біз мұндай жағдайға [Ресейдің Украинаға басып кіруіне – ред.] ұзақ уақыт дайындалдық. НАТО Ресейдің қауіпті екенін біліп, 24 ақпанда кенеттен оянған жоқ. Бұл шабуылды біздің арнайы қызмет дәл болжады… Әрине, біз мұндай жағдайға тап болмас үшін соңына дейін жұмыс жасадық. Ресеймен кездестік, байланыстық, бірақ олар жоспарларын жалғастырып, Украинаға басып кірді. Шындығында, 2014 жылдан бастап [Ресейдің Украинаға шабуылына – ред.] дайындалдық. Сондықтан біраз уақыт жаңа күштер құрылымында [НАТО-ның қорғаныс қабілетін арттыру үшін – ред.] жұмыс істедік.

НАТО Бас хатшысы.

Сонымен қатар, жақында НАТО-ның Мадридте өткен саммитінде Бас хатшы Альянстың Ресейге шабуыл жасау туралы ақпаратты тағы да жоққа шығарды. Бұған қоса, ол Ресей агрессиясына қарсы күресу үшін НАТО-ның Украинаға қаржылай және әскери қолдау көрсететінін айтты.

Контекст

  • Солтүстік Атлантикалық Шарт Одағы (НАТО) – əлемдегі ең ірі халықаралық ұйымдардың бірі.
  • НАТО – Еуропа жəне Солтүстік Американың 30 мемлекетін біріктіретін саяси жəне əскери одақ.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz