Фактчек | Т. Дүйсенова жұмыс күші туралы рас айтты ма?

11 қазанда өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еліміздегі жұмыс күшіне қатысты бірнеше дерек келтірген. Factcheck.kz оның айтқан сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Министр сөзінен үзінді (тайм-код: 36:06)

Мәлімдеме: 2016-2020 жылдары жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті.

Тамара Дүйсенова

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2016-2020 жылдар арасында жұмыс күші түрлі мәнде өсіп-азайып отырған — 5 жылдың орта мәні 36,5 мың адам екені рас. Ал 2021 жылы 2020 жылға қарағанда 75,9 мың адамға өскен.

Мәлімдеме: Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмыскерлер саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды.

Тамара Дүйсенова

Үкім: Жалған

Министр нені меңзегені белгісіз, алайда Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, жалдамалы қызметкерлер саны 2016 жылдан 2021 жылға дейін тоқтаусыз өсіп отырған.

Мәлімдеме: 2000 жылдардан бастап дүниеге келген балалардың саны артты. Сол балаларымыз ержетіп, қазір еңбек нарығына қосылуда. Сол себепті, алдыңғы жылдары біртіндеп азайып келе жатқан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны қайтадан өсіп, 51 мың адамға көбейді.

Тамара Дүйсенова

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, расымен кейінгі жылдары өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны төмендеп, тек 2021 жылы 2020 жылға қарағанда 51,5 мың адамға артқан.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz