Әскерге байланысты мифтер

Көктем мезгілі ер азаматтарды әскерге шақыру науқаны басталатын мезгіл. Бұл үрдіс Қазақстанда жылына екі рет: сәуірден маусымға және қазаннан желтоқсанға дейін жүзеге асырылады. ҚР “Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы” Заңының 31-бабы бойынша 18-27 жас аралығындағы азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады.

Соңғы уақытта жалпы әскери қызметке, оны өтеуге/өтемеуге және әскери билетке байланысты көптеген мифтер таралып жүр. Factcheck.kz сайты осынау мифтердің рас-өтірігін тексеріп көрді.

Алдымен халық арасында тараған мифтердің тізімін жасасақ:

  1. Әскерге шақырту келгенде бармасаң айыппұл салады
  2. Әскери билетсіз жұмысқа алмайды
  3. Ақылы әскери қызметке барып, әскери билет алуға болады
  4. Егер орын толмай жатса еш нәрсеге қарамай әскерге алып кетеді
  5. Әскерге тіркеу құжатын (приписной) жоғалтқан жағдайда айыппұл салынады
  6. 27 жасқа толғаннан кейін де әскери билет алуға болады

Әскерге шақырту келгенде бармасаң айыппұл салады

Үкім: Шындық

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 647-бабына сәйкес әскери есепте тұрған азаматтардың әскери органның шақыруы бойынша көрсетілген мерзімде дәлелді себепсіз келмеуі – 5 АЕК мөлшерінде айыппұлға әкеп соғады.

Дәл осы Заңның 648-бабына сәйкес медициналық тексерілуден немесе әскери жиындардан (воинских сбор) жалтару: әскери міндеттілерге (военнообязанных) – 5 АЕК, ал әскерге шақыртылушыларға (призывников) – ескерту не 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Әскери билетсіз жұмысқа алмайды

Үкім: Манипуляция

ҚР Еңбек Кодексі 32-бабында “Еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттар” тізімінде әскери билет қарастырылмаған.

ҚР Қорғаныс министрінің 2017 жылы 24 қаңтардағы №28 бұйрығы бойынша әскери есепке тұруын растайтын негізгі құжат – әскери билет. Ал, жұмысқа орналасу кезіндегі әскери билет сұрауының басты мақсаты – азаматтардың әскери есепке тұрғанын бақылау. Әскери билетсіз жұмысқа қабылдамайды деген қауесет – манипуляция.

Ақылы әскери қызметке барып, әскери билет алуға болады

Үкім: Шындық

ҚР “Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы” Заңының 12-бабына сәйкес азаматтарды дайындау 2013 жылдан бері ақылы негізде “Әскери қызметке азаматтарды даярлау ережелері” бойынша жүзеге асырылады.

Ақылы негіздегі әскери қызметтен 24 ден 27 жасқа дейінгі, денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамды немесе жарамдылығы шектеулі, соның ішінде әскери қызметке шақыру мерзімі кейінге қалдырылған азаматтар өтей алады. Ақылы әскери қызметтің құны – 263 318 тг.

Егер орын толмай жатса еш нәрсеге қарамай әскерге алып кетеді

Үкім: Жалған

ҚР “Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы” Заңының 36-бабына сәйкес мына азаматтар әскери қызметке шақыртылудан босатылады:

  • Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
  • 27 жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
  • Туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
  • Басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
  • Ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
  • Тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.

Ал, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру дәл осы заңның 35-бабы бойынша жүзеге асады, осыған сәйкес мына азаматтар кейінге қалдыра алады:

  • Отбасы жағдайлары бойынша;
  • Білім алуды жалғастыру үшін;
  • Денсаулық жағдайы бойынша;
  • Басқа да себептер бойынша беріледі.

Әскерге тіркеу құжатын (приписной) жоғалтқан жағдайда айыппұл салынады

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 649-бабына сәйкес әскери билетті немесе әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтың басқа да есептік-әскери құжаттарын қасақана бүлдіру, жою немесе жоғалту – ескерту жасауға немесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

27 жасқа толғаннан кейін де әскери билет алуға болады

Үкім: Шындық

ҚР Қорғаныс министрінің 2017 жылы 24 қаңтардағы №28 бұйрығы, 51-тармағына сәйкес 27 жастан асқан азаматтар әскерге шақырылушы емес, бірақ әскери міндетті болады.

Алдымен, Әскерге шақыртуды кейінге қалдыруына байланысты әскери қызметті өткермеген 27 жасқа толған азаматтар төмендегі құжаттарды жинап, жергілікті әскери басқару органына барады:

  • сарбаздардың, запастағы сержанттардың әскери билетті (әскери билет орнына уақытша куәлікті ) беруге өтініші;
  • жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
  • шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасы;
  • білім туралы құжаттың көшірмесі (түпнұсқасы – салыстырып тексеру үшін);
  • аудандық (қалалық) шақыру комиссиясының хаттамалар кітабынан үзінді көшірме (медициналық комиссияны өткеннен кейін жергілікті әскери басқару органымен беріледі);
  • көлемі 3х4 фотосурет – 2 дана.

Содан кейін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша, әскери міндеттерді орындамауға ешқандай себеп болмаса, 5 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салынады.

Айыппұлды төлегеннен кейін медициналық комиссиядан өтіп, жиналған құжаттарды жергілікті ХҚКО-ға өткізеді. Ал, ХҚКО әскери билеті 28 жұмыс күннен кейін береді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz