Эбола қайта пайда болғаны рас па?

Бұқаралық ақпарат құралдары мен Қазақстан әлеуметтік желісінде Эболаның тағы бір толқыны Конгода анықталғаны туралы хабарланып жатыр. Factcheck.kz Конгодағы жағдай қалай өрбіп жатқанын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Эбола туралы не айтқанын тексеріп көрді.

1 маусымда Конго Демократиялық республикасының билігі эболаның жаңа толқыны туралы хабарлады. Эболадан бес адам қайтыс болып, тағы екі адамда вирус анықталған. ДДСҰ қызметкерлері Мбандакуға келді.

Желі жазбасынан

Үкім: Шындық

Расымен ДДСҰ ұйымының сайтында 1 маусым күні Конго Демократиялық Республикасында Эболаның тағы бір толқыны анықталғаны туралы жазылған. Конгоның денсаулық сақтау министрлігі Эболадан төрт адам қайтыс болып, тағы төрт адам вирусты жұқтырғаны туралы хабарлады. БҰҰ-ның дерегінше, бесінші адамның да қайтыс болғаны хабарланған.

18 мамыр мен 30 мамыр аралығында бес адамның қайтыс болғаны анықталған. Олардың Эболадан өлгені енді белгілі болды.

ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус өзінің твиттер парақшасында былай деп жазған:

Эболаның жаңа толқыны Конго Демократиялық Республикасының батысында, Экватор провинциясының Мбандаки маңында 6 жағдай анықталды. Олардың ішінде 4 адам қайтыс болды. Сонымен бірге, Конгоның шығыс бөлігі Эболамен күресудің соңғы сатысына келді.

Тедрос Адханом Гебрейесус

Ұйым басшысы адам денсаулығына тек COVID-19 ғана қауіп төндіріп отырмағанын ескертіп, ДДСҰ қызметкерлері Мбандакиде екенін айтты.

Контекст

Бұл — Эболаның 11-толқыны. Ауру алғаш рет Конгода 1976 жылы анықталған. Конгоның шығыс бөлігі ресми түрде Эбола індетін тоқтатуды шамамен екі ай бұрын жоспарлаған.

8 маусымдағы дерек бойынша, КДР-да COVID-19-ды 4015 адам жұқтырып, оның 84-і қайтыс болған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz