Берлиндіктер газ орнына саябақ ағаштарын пайдаланғаны рас па?

Ресейлік медиа Берлин орталығындағы Тиргартен саябағы ағашының барлығы дерлік үйлерді жылыту үшін кесілгенін хабарлады. “Проверено” ақпаратты тексерді.

Немістердің Тиргартен саябағындағы ағаштарды кескені туралы хабар бірнеше ресейлік медиада (News.ru, «Рен-ТВ», РИА «ФАН», «Аргументы и факты», Pravda.ru, «Взгляд» және тағы басқа) жарияланды. Бұл жаңалықты барлық дерлік басылым америкалық Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап таратты. Алайда түпнұсқа мақалада (оған қоса «ИноСМИ» сайтындағы аудармада) немістердің 2022 жылы Тиргартендегі ағаштарды кескені жөнінде ешқандай ақпарат табылмады.

Мақалада шынымен де Еуропадағы энергетика дағдарысы, отын мен ағаш түйіршіктеріне сұраныстың өскені баяндалады. Дегенмен саябақтағы ағаштарды кесуге қатысты бірде-бір сөз жоқ.

Мәтінде Тиргартен жайлы тек бір рет сөз қозғалады: «In Berlin, the crisis creates unsettling echoes of the desolation following World War II. With fuel in short supply, residents chopped down nearly all the trees in the central Tiergarten park for heating». Мұның аудармасы мынадай: “Берлиндегі дағдарыс екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қираған ауыр сәттерді еске түсіреді. Ол уақытта тұрғындар жанар-жағармай жетпегендіктен отын үшін Тиргартен орталық саябағындағы ағаштың барлығын дерлік кесіп тастады.” Яғни онда әңгіме 2022 жыл емес, соғыстан кейінгі уақыт туралы. Оның үстіне мақалада қазір берлиндіктердің мұндай “шектен шығатын” шараларға жүгінбейтіні жазылған.

Соғыс кезінде саябақ шынымен қатты зардап шекті, Германия жеңілгеннен кейін аман қалған бірнеше ағаш отын мен құрылыс материалдарына пайдаланылды. Соғысқа дейінгі 200 мың ағаштан мыңға жуығы ғана аман қалған. Алайда 1949 жылы саябақ қалпына келтіріле бастады. Қазір ол 210 гектардан астам аумаққа созылған орман алқабына айналды.

Бір қызығы, мақаланың ешқайсында кесілген ағаштардың фотосы мен видеосы жоқ. Ал Instagram-ға кіріп, #tiergarten хэштегі не геобелгілеу арқылы фотолар мен бейнелерді қарасаңыз, ағаштардың кесілуі жөнінде ешқандай әңгіме жоқ екенін көреміз.

Factcheck.kz