Фактчек | Алматыдағы экологиялық апатты мойындау туралы петиция

2023 жылдың 7 ақпанында ALASH online сайтында Алматының экологиялық апатын мойындауды талап еткен петиция жарияланды. Үндеу жарияланған бір ай ішінде оған 53 мыңнан аса адам қол қойған. Factcheck.kz редакциясы петиция авторлары келтірген аргументтердің қаншалықты рас екенін және қала тұрғындары «ауа бізді өлтіріп жатыр» деген пікірге неліктен қол қойып жатқанын анықтап көрді.

Қара түтін астындағы қала

Мәлімдеме: Қазгидрометтің 2023 жылдың 19 қаңтардағы есебінде «атмосферадағы ластаушы заттар дәрежесі мөлшерден асқаны анықталмады» делінген. Бұл қала улы түтін астында тұншығып жатқан күндер еді.

Петициядан үзінді

Үкім: Шындық

Осы жерді бірден түзете кетсек: 2023 жылдың 19 қаңтарындағы есеп Қазгидромет сайтында емес, Алматы экология департаментінің Instagram парақшасында жарияланды.

Қаңтардың сол күндерінің хронологиясын жасасақ, былай болмақ:

2023 жылдың 17 қаңтарында Tengrinews.kz ақпараттық порталында «Бұл тозақ тәрізді» деген тақырыппен фоторепортаж жарияланды. Алматының төбесінде қара сызық тұр, оны тіпті ұстап көруге болатын тәрізді, деп мегаполистегі ауаның ластану мәселесі жазылған.

2023 жылдың 18 қаңтарында Алматы экология департаменті қызметкерлері қаладағы атмосфералық ауаға көшпелі мониториң жүргізді. Сол күні IQAir сайтында Алматыдағы ауа сапасының индексі (AQI) мен PM2.5-пен атмосфераның ластану дәрежесі «зиян» деп бағаланған (193 және 136,1).

2023 жылдың 19 қаңтарында Алматы экология департаментінің Instagram-дағы парақшасында қалада ластаушы заттар шекті рұқсат етілген концентрациясынан аспағаны хабарланды. Департамент қызметкерлері атмосферада қандай мөлшерде қалдық тіркегенін нақтыламаған – олар өздерінің сөзіне дәлел ретінде тек жылу желілері түтінінің жанында құрылғы ұстаған жастар таспаланған видеороликті жариялады. Сондай-ақ өлшеу жүргізілген нүктелер тізілген: Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағы, Райымбек көшесінен төмен Сейфуллин даңғылының бойы, Жангелдин көшесінің шығыс жағынан Рысқұлов даңғылының бойы.

Қалдық, күйе мен шаң қосындысы

Мәлімдеме: Біз бұдан артық өлім ауасын жұтқымыз келмейді және таза табиғи ортада өмір сүруге толық құқымыз бар

Петициядан үзінді

Үкім: Шындық

Шынында, Қазақстан Конституциясында адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау нақты жазылған (заң нормасы 31-бап, 1-тармақ). Өмір мен денсаулыққа қолайлы қоршаған орта» құқы Экологиялық кодекстің 13-бабымен де бекітілген.

Яғни, бәрінің және әрбір қазақстандықтың таза ауамен я тым құрығанда денсаулыққа зиян тигізбейтін, өмірге қауіп төндірмейтін ауамен тыныстауға құқы бар.

Қазір Алматы көптеген мегаполис сынды дилеммаға тап болды: экология мәселелерін шешу үшін (яғни қала ауасы таза болуы үшін) қатаң әрі түбегейлі шараларды қолдануы керек.

Мәселен, 2017 жылы Мадридте өлшеу станциялары азот диоксидімен (NO2) ластану деңгейі текше метрге 200 миллиметрден асқанын тіркегенде үкімет дағдарыс жағдайында қоршаған ортаны қорғауға арналған «А жоспарын» қабылдады. Жоспарда 30 негізгі бағыт бар, оның ішінде:

  • Жеке көлікті пайдалануды, айдаумен қатар, тұраққа қоюды да айтарлықтай шектеу;
  • Қоғамдық көлікке және қала ішінде велосипед пен жаяу жүруге арналған инфрақұрылымды дамытуға инвестицияны арттыру;
  • Қала автотұрақтарын қалдық мөлшері аз автокөліктермен ауыстыру;
  • 2020 жылға қарай 2006 жылға дейін тіркелген жанармаймен жүретін автокөліктер мен 2014 жылға дейін тіркелген дизельді автокөліктер қалдық деңгейі нөлдік дәрежедегі аймақтарға, сол ауданның (ол дегеніміз қала ортасындағы 4,5 шаршы шақырым аумақ) тұрғыны болса да, кірмеуі керек.

«А жоспарындағы» 30 пункттің 21-і көліктерді қаладан қысыммен шығарып жіберуге арналған. Алматыда автокөліктің жартысы (193 402 автокөлік) 20 жыл бұрын шығарылған, яғни экологиялық санаты жоқ. Экология мәселесін көмірмен жұмыс істейтін Алматыдағы 2-ЖЭО ушықтырып тұр. Бірақ газға көшуге өте көп инвестиция қажет, ол тұрғындар үшін тарифтің артуына әкелуі мүмкін. Қаладағы ауа сапасына әсер ететін үшінші фактор – жеке секторлар. Олар газбен қамтамасыз етілмегендіктен, үйлері мен моншаны көмірмен және ағашпен жылытуға мәжбүр.

Алматыны экологиялық апат аймағы деп тану – жоғарыдағы үш мәселенің шешімін табу деген сөз.

Мәлімдеме: Кейінгі 20 жылда Алматыда автокөлік саны тым көбейіп кетті. Қазірг қаладағы көлік саны – жарты миллион.

Петициядан үзінді

Үкім: Шындық

Алматы – еліміздің ең көп көлігі бар қаласы. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарында Алматыдағы тіркелген автокөлік саны 530 092 болған.

Дәл осы Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2003 жылы Алматыда 218 200 жеңіл көлік тіркелген. Яғни кейінгі 20 жылда қаладағы автокөлік саны 140%-тен аса артқан.

Ауа «тазалығының» нормасы

Мәлімдеме: Жыл сайын Алматы ауасына 100 000 тонна лас қалдық тасталады (…) бұл 100 000 тонна билікке мүлдем көрінбейді, себебі олар өздерінің ауа «тазалығының» нормасын бекітіп алған. Қазақстанда қабылданған ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы (ШРК) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған сандардан бірнеше есе жоғары.

Петициядан үзінді

Үкім: Дәлелденбеген және шындыққа жақын

Неге дәлелденбеген: Ұлттық статистика бюросының сайтынан стационарлық көздерден атмосфералық ауаға шыққан ластаушы зат қалдықтарының жалпы көлемі бойынша ғана және тек 2021 жылдың деректерін табуға болады:

  • Қазақстан бойынша стационарлық ластау көздерінен атмосфераға 2,4 млн тонна ластаушы зат шығарылды.
  • Алматы бойынша стационарлық көздерден атмосфераға шығарылған ластаушы заттар адам басына шаққанда 20,4 кг болған.

Аса күрделі емес арифметикалық әрекеттердің көмегімен стационарлық көздерден шыққан (қалдықтардың стационарлық көздеріне өндірістік мекемелер, жылу электр станциялары, қазандықтар және басқалары жатады) қалдық көлемін шамамен анықтауға болады: 20,4 кг ластаушы затты шартты түрде 2 млн адамға көбейтіп, 40 800 тоннаны аламыз.

Мәселен, Алматы станционарлық көздерден шығатын қалдық көлемі бойынша елде ең төмен көрсеткіштердің біріне ие. Қозғалмалы көздерден (автокөліктер, жүк көлігі, автобус, мотоциклдер, ұшақтар) мегаполис атмосферасына қанша көлемде зиян қалдық түсетінін айту қиын.

Мемлекеттік шенеуніктер Алматыдағы зиянды қалдықтардың жалпы көлеміне қатысты түрлі баға береді. Мәселен, Мағзұм Мырзағалиев 2020 жылдың қарашасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметінде болған кезде үкімет отырысында қалдық көлемі 144 мың тонна деп мәлімдеді. 2022 жылдың қарашасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кездескенде жыл сайын қалдық көлемі 125 мың тонна болатынын айтты. Екі жыл ішінде көрсеткіш қысқаруы әбден мүмкін, дегенмен нақты, ашық өлшеу әдістемесі бар дереккөз болмағандықтан бұл мәлімдемелерге лайықты баға бере алмаймыз.

Шындыққа жақын: ШРК-ға (адам денсаулығына әсер ететін ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті көлемі) келсек, ол ел мен аймаққа байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Сондай-ақ олардың барлығы туралы ақпарат жоқ, сол себепті жан-жақты салыстыру мүмкін емес. Ауа ластануының ең қауіпті түрлерінің бірі — PM2.5 қалқыма бөлшектерінің Қазақстандағы шекті рұқсат етілген көлемі, расымен, ДДСҰ ұсынған нормадан асып кетеді.

Қазақстандағы ауа сапасын түрлі нормативтік-құқықтық құжаттар реттейді. Ластаушы заттардың ШРК мөлшері «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтері» ҚР Санитарлық-эпидемиялық ереже мен нормаларында бекітілген (03.08.2022 ж. № ҚР ДСМ-70).

Қазақстан атмосферасындағы NO2-нің орташа тәуліктік ШРК — 0.04 мг/м3 (немесе 40 мкг/м3). Бұл ДДСҰ-ның жаңартылған ұсынысы — 25 мкг/м3-ден (немесе 0.025 мг/м3) айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар ауаның күкірт қостотығымен (SO2) орташа тәуліктік ластануы ДДСҰ ұсынысы бойынша 40 мкг/м3-ден аспауы керек, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 50 мкг/м3 болып бекітілген. PM2.5 қалқыма бөлшектерінің орташа тәуліктік шекті рұқсат етілген концентрациясы Қазақстанда 35 мкг/м3 шамасында болса, ДДСҰ ұсынысы бойынша норма 5 мкг/м3 болуы керек.

Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің сайтында былай деп жазған: «ДДСҰ-ның ауа сапасы бойынша ұсыныстары заңды түрде міндетті құжат емес, бірақ олар саясатқа жауапты адамдар ауаның ластану деңгейін төмендетуге және ауаның ластануының әсерінен болатын аурулардың ауыртпалығын азайтуға бағытталған заңнамалық және басқа да нормативтік шараларды қабылдау кезінде негізге алатын ғылыми құжат».

Апат емес, ахуал

Мәлімдеме: Алматыдағы экологиялық апатты мойындау керек. Билік жөтеліңді емес, дауысыңды естісін.

Петициядан үзінді

Үкім: Дәлелденбеген

БҰҰ-ның Апат қаупін төмендету басқармасы экологиялық апатты «адам шығыны, материалдық, экономикалық және экологиялық шығын мен әсер сынды салдарлардың бір не бірнешеуіне әкелетін… қауіпті оқиғалар салдарынан қоғамның кез келген көлемдегі жұмысының айтарлықтай бұзылуы» деп сипаттады.

Еуропалық комиссия апатты былай деп түсіндіреді: «зардап шеккен қоғам тек өз ресурсын пайдаланып жеңе алмайтын, ауқымды адами, материалдық я экологиялық шығындарды тудыратын қоғам жұмысының елеулі бұзылуы».

А.Д. Тимофеев бойынша экологиялық апат дегеніміз, экожүйенің ауысуына әкелетіндей биогенді константтардың өзгерісіне негізделген экожүйенің бұзылған немесе өте ауыр күйі: жаһандық мағынада – Жердің барлық экожүйесінің ауысуына не тіпті өліміне, ал жергілікті мағынада – жергілікті экожүйелердің жойылуына, олардың айтарлықтай және тез өзгеруіне әкеледі.

Қазақстанда заңнамалық тұрғыда «Экологиялық апат» сөзіне анықтама берілмеген. Бірақ Экологиялық кодекс «Экологиялық ахуал» сөзіне сипаттама береді:

Экологиялық ахуал – антропогендік қызмет не табиғи процестер нәтижесінде қоршаған ортаның терең қайтымсыз өзгерістері болып, халық денсаулығының айтарлықтай нашарлауына, табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуына және (немесе) өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан аумақта туындаған экологиялық жағдай.

Сондай-ақ кодексте «Халық денсаулығының айтарлықтай нашарлауы денсаулықтың қайтымсыз және өмірге сәйкес келмейтін бұзылуларының, өлім себептерінің құрылымындағы өзгерістердің және қоршаған ортаның ластануынан туындаған ерекше аурулардың пайда болуының, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануына байланысты қайтымды денсаулық бұзылыстарының жиілігінің айтарлықтай артуын білдіреді» делінген.

Егер жоғарыдағы анықтамаларды негізге алсақ, Алматының лас ауасына апаттан гөрі экологиялық ахуал анықтамасы жақынырақ тәрізді. Қала атмосферасындағы зиянды заттардың концентрациясы көзбен көрініп тұрғанын ескерсек, экологиялық жағдай расында күрделі. Оған қоса Алматы үнемі әлемнің ең лас қалаларының антирейтиңдеріне жүреді.

Экологиялық ахуал мен экологиялық дағдарыс апаттың алдында болуы мүмкін екенін айта кету керек. ДДСҰ-ның Оңтүстік-Шығыс Азия бойынша өңірлік директоры Пунам Хетрапал Сингх өзінің авторлық бағанында ауаның ластануы экологиялық апаттан да үлкен екенін айтып, денсаулыққа әсер ететін ең үлкен қауіптің бірі деп пікір білдірді.

2021 жылдың мамырында «Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» Дөңгелек үстел өткізді. Пікірталас тақырыбынан түсінгеніміз, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі экологияның нашарлауы адам денсаулығына нашар әсер ететінін қабылдап қана қоймай, соның салдарынан денсаулық сақтау саласындағы шығын артқанын атап өтті.

ДДСҰ дерегі бойынша, ауаның ластануы бронхит, астма, пневмония сынды ауруларды туындатуы мүмкін (алматылықтардың нашар экологияның денсаулықтарына әсерін қалай бағалайтынын мына жерден, мына жерден және мына жерден оқуға болады).

«Жыл сайын ауа ластануының әсері жеті миллион адамның мерзімінен бұрын өліміне әкеледі», – делінген ДДСҰ-ның 2021 жылдың қыркүйегінде жарияланған ауа сапасына қатысты Жаһандық ұсыныстарында. – Балаларда ауа ластануының салдары даму мен өкпе қызметінің бұзылуына, респираторлық инфекция мен астманың асқынуына әкелуі мүмкін. Ересектерде атмосфералық ауаның ластануынан болған, мерзімінен бұрын өлімнің кең тараған себептері – жүректің ишемиялық ауруы мен инсульт. Жаңа деректер ауа ластануы мен диабет пен нейродегенеративті аурулар сынды басқа да денсаулық мәселелерінің арасында байланыс бер екенін көрсетті”.

ДДСҰ нашар экологиядан өлім мен ауру көлемі көп болатынын ресми растағанымен, құжат жүзінде оны дәлелдеу мүмкін емес: өлім туралы куәлікте, жөтел себебінде «қара түтіннен улану» деп көрсетілмейді.

Контекст

2023 жылдың жазында Стокгольмде БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі конференциясының өткеніне 50 жыл толады. Сол кезден бастап әлемде экологияға қамқорлық көрсетіле бастады.  

Factcheck.kz