Израильде “палестиналық баланың қуыршағын” сатып жатыр ма?

Әлеуметтік желілер мен кейбір сайттарда “палестиналық баланың бейнесіндегі израильдық қуыршақтың” суреті мен видеосы тарап жатыр. Тараған пост авторларының бір тобы мұны “израильдық қуыршақ” десе, енді бірі “Мексиканың жәрмеңкесінде Газадағы соғыс тақырыбына арналған балалардың ойыншықтары сатылып жатыр” деп жазды (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8).

Қуыршақ келесідей кейіпте жасалған: бет-аузында қан іздерін байқауға болады, денесіне арнайы киім кидірген, үсті кір-қожалақ. Ал сыртқы орауында АҚШ-тың, Еуроодақтың, НАТО мен Израильдың туы бейнеленген. Одан бөлек сыртында “INCLUYE BEBE PALESTINO” (онлайн аудармаларға сай, испан тілінен “Палестиналық баланы қоса береміз” деп аударуға болады) және “SOL DA DOS DE ELITE” (онлайн аудармаларға сай, португал тілінен “элиталы сарбаздар” деп аударуға болады) деген жазу бар.

Израильде "палестиналық баланың қуыршағын" сатып жатыр ма?
Желіде тараған ақпарат

Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Үкім: Фейк

Біріншіден, суреттегі қуыршақтың бейнесі рас болғанымен, ол сатылымға шықпаған. Оны Instagram әлеуметтік желісіне @vlocke_negro деген атаумен тіркелген про-палестиндік белсенді жариялаған және мұны арт-жоба ретінде ұсынған. Өзінің жазуынша, ол тек бірнеше кадр жасаған (желіде дәл сол кадрлар тараған). Екіншіден, қуыршақтың да, бұл арт-жобаның авторы @vlocke_negro-ның да Израильге қатысы жоқ. Ол Мексикада тұрады.

Толығырақ

Сурет бойынша кері іздеуімізге сәйкес, қуыршақтың алғашқы бейнесі мен видеолары @vlocke_negro аккаунтында 6 қаңтарда жарияланған. Алғашқы видеосының (архив) астына автор базардан осы қуыршақты тауып алғанын айтады. Оның сөзінше, израильдық элиталы сарбаздардың ойыншығын алсаңыз, осы қуыршақ қосымша сый ретінде беріледі. Ол сөйлем соңында “ойыншық Израильде жасалған ба?” деген сұрақ қояды.

Дәл сол күні жарияланған (артынан өңделген) тағы бір постта (архив) автордың ойы тереңірек тарқатылған. Оның жазуынша, 5 қаңтарда ол Палестинаны қолдау мақсатында және “Үш король күніне” (Мексикада 6 қаңтарда тойланатын мереке) сай, базарды аралап, өзі жасаған қуыршақты ұстап жергілікті сатушыларға барған. Жобаның мақсатын түсіндіріп, басқа ойыншықтардың фонында бірнеше кадр жасап үлгерген. Одан бөлек, автор жоба жұрттың назарын Газадағы қақтығысқа аудару үшін медиаға бағытталғанын келесідей түсіндіреді:

Бұл жоба медиа мен әлеуметтік желілерге бағытталған, кейбіреулер жобаның мақсаты туралы сұраса, қалғандары өз дегеніне жету үшін ашкөздікпен әрекет етіп жатыр. Ойыншықтар бізге бақыт түсінігі сөзсіз болған кезді, балалық шақтың ең жарқын шағын еске түсіреді.

@vlocke_negro парақшасындағы жазбадан үзінді

Мәтінде автордың Газа мен палестиналықтарды қолдайтынын меңзейтін басқа да сөйлемдері бар. Бұдан соң @vlocke_negro парақшасында 10 және 12 қаңтарда қуыршақты жасау процессі бейнеленген видеолар жарияланды.

Бұдан бөлек, @vlocke_negro аккаунтының биосынан «”Палестиналық бала” — про-палестиндық белсенділердің өнер интервенциясы» деген жазуды көруге болады. Ал Instagram парақшаның орналасқан жері Мексика екенін дәлелдеп тұр.

Сонымен, қорыта айтқанда, тараған видео мен суреттегі қуыршақ сатылымға шығарылмаған және Израильде жасалмаған. Ол тек ХАМАС пен Израильдің қақтығысына медианың назарын аудару үшін жасалған арт-жоба, оның авторы — про-палестиндік @vlocke_negro аккаунтының иесі.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz