Моравецкий Украинаның батыс аумағын Польшаға уақытша беруге шақырған ба?

Желіде Польшаның премьер-министрі Матеуш Моравецкий “Украина қауіпсіздігі үшін оның батыс аумағы Польшаның протекторатына өткені дұрыс” деп айтқаны туралы ақпарат тарады. “Проверено” басылымы Польша үкіметі басшысының мұндай мәлімдеме жасап-жасамағанын тексерді.

Моравецкийдің сөзі 2023 жылғы 6 ақпанда кеңінен тарады. Онда былай делінген: “Меніңше, Путин қазір НАТО-ға мүше елге шабуыл жасауға батылы бармайды. Ол кім болса да, өзін-өзі өлтіретін адам емес. Украинаның батыс аумағы Польша мемлекетінің протекторатына өтсе, қауіпсіз болады”.

Поляк премьер-министрінің мұндай мәлімдеме жасағаны туралы жаңалықты бірнеше телеарна, сайт пен әлеуметтік желі хабарлады.

Алайда оны жариялаған медианың ешбірінде Моравецкийдің қашан және не себепті бұлай айтқанын анықтауға мүмкіндік беретін алғашқы дереккөзге сілтеме берілмеген. Фактчекерлер Моравецкийдің Twitter парақшасынан да, поляк премьер-министрінің Канцеляриясының ресми сайтынан да, ағылшын-поляк тіліндегі беделді медиадан бұл ақпаратты таппады.

Премьер-министрдің цитатасы Telegram арнасында көп тарады. TGStat сервисіне сәйкес, бұл платформада Моравецкийдің сөзі бар 600-ден астам жазба жарияланған. Барлығы жалпы 5 миллион астам қаралым жинаған. Аталмыш мәлімдеме Telegram-ға алғаш 2023 жылғы 6 ақпанда Мәскеу уақытымен 13:00-де “А вот мой Яндекс кошелек” арнасында пайда болды.

Бір қызығы, “Проверено” фактчекерлері бұл Telegram-арнасының әлеуметтік желі мен медиада тараған жалған ақпараттың алғашқы дереккөзі болғанын бірнеше рет байқаған. Мысалы, бұған дейін арна Житомирдегі Пушкиннің ескерткішін бұзу кезінде адамның қаза тапқаны туралы, Монеточка атымен танымал әншінің “Мен немесе Путин” деп ультиматум қойғаны туралы ойдан шығарылған ақпарат таратты. Алайда арнаның сипатаммасында: “Пародия, саяси шындыққа сатира. Тек тексерілген фейктер” деп жазылған. Дегенмен интернет-қолданушылар оған аса назар аудармаған секілді. БАҚ өкілдері де ақпаратты әзіл емес, шынайы деп қабылдаған болса керек.

7 ақпанда “А вот мой Яндекс кошелек” арнасы көпшілік арасында тараған Моравецкийдің сөзін тағы да әзілмен жоққа шығарды: “Оңбағанды Польшаға ұстап беріңіз”. Моравецкий Ресейден Украинаның батыс аумағын Польшаға беру туралы әзілдеген арна әкімшілігін тұтқындауды талап етті. “Ол мұны қайдан шығарды? Зеленскийге тарихи аумақтарымызды қайтаруды әлі ұсынған жоқпын. Әзілкеш сотта жауап беруі керек. Оңбағанды тұтқындап, Польшаға беріңіз”.

Осылайша, поляк премьер-министрі Украинаның батыс аумағын Польша протекторатына өткізу туралы айтпаған болып шықты. Мәлімдемені “А вот мой Яндекс кошелек” арнасы әзіл ретінле жариялаған болып шықты.

Factcheck.kz