28 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында Қазақстанның 30 цифрланған елдердің қатарында екенін айтты.
Factcheck.kz президент мәлімдемесінің қаншалықты рас екенін тексерді.
Қазақстан БҰҰ-дағы цифрланған 30 елдің қатарына кіреді.
Қ. Тоқаев (Медиада тараған мәтіннен)
Үкім: Техникалық қате
2022 жылы Біріккен ұлттар ұйымы цифрланған елдер туралы емес, электронды үкімет бойынша рейтиң жариялады. Мұнда Қазақстан 193 елдің арасында 28-орынға тоқтаған. Ал цифрландыруға қатысты деректер басқаша. Мәселен IMD дерегінше (Халықаралық менеджментті дамыту институты), Қазақстан цифрлық бәсекеге қабілетті елдердің әлемдік рейтиңінде 63 елдің арасында 36-орында.
БҰҰ рейтиңі не туралы?
Электронды үкіметтің даму индексі (Global e-Government Development Index) — әлем елдеріндегі электронды үкіметтің даму деңгейін сипаттайтын көрсеткіш. Зерттеуде БҰҰ-ға мүше елдер қамтылған. Рейтиң үш деңгейге негізделген:
- Интернеттің сапасы мен қамтылу деңгейі (Online Service Index).
- Ақпараттық коммуникация технологияларының даму деңгейі (Telecommunication Infrastructure Index).
- Адами капитал (Human Capital Index).
Екі жылда бір жарияланатын Біріккен ұлттар ұйымының 2022 жылғы электронды үкімет бойынша шолуында Қазақстан 193 елдің арасында 28-орында тұр. Рейтиңдегі электрондық үкіметтің даму индексі 0-ден басталып, 1-ге дейін барады. Ең жоғарғы ұпай Данияда — 0,9717. Ал Қазақстанның жалпы ұпайы — 0,8628.

Цифрлық мәселелер бойынша сарапшы Данила Бектұрғановтың айтуынша, Қазақстан телекоммуникация инфрақұрылымының индексінде (TII) Ресей және Беларусьтен (ескерту: Қазақстан жалпы EGDI рейтиңінде Ресей мен Беларусьтен жоғары тұр) төмен орналасқан және БҰҰ әзірлеген EGDI рейтиңінде онлайн қызметтердің жоғары болуына байланысты алғашқы отыздықта.
Қазақстан бұл рейтиңде 2014 жылы да 28-орында болып, 2016 және 2018 жылдары орны төмендеген. 2020 жылы қайтадан алғашқы отыз елдің тізіміне кірді.
Контекст
- IMD Халықаралық менеджментті дамыту институтының дерегі бойынша, Қазақстан цифрлық бәсекеге қабілетті елдердің әлемдік рейтиңінде 63 елдің арасында 36-орында. IMD World Digital Competitiveness (WDC) әлемдегі елдердің қоғамды өзгертуге арналған цифрлық технологияларды енгізу деңгейін анықтайды. Алғашқы үштікте Дания, АҚШ және Швеция орналасқан.
- БҰҰ-ның телекоммуникация инфрақұрылымының индексінде Қазақстан 64-орында. Ал 2020 жылы 61-орында болған. Бұл рейтиңді БҰҰ әр екі жыл сайын жариялайды. Алғашқы үштікте Лихтенштейн, Дания, Исландия орналасқан. Қазақстан электронды үкімет рейтиңінде біраз елден жоғары болса да(28-орын), телекоммуникация инфрақұрылымының индексінде біраз елден төмен орналасқан(64-орын). Мысалы Ресей және Беларусь.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.