Халук Байрактар украиналықтарға “өздерің соғысыңдар” деді ме?

2022 жылғы қазанның ортасында орыстілді ресурстарда әйгілі түрік әскери-өнеркәсіп компаниясы басшысының Twitter-інің скриншоты тарады. Жазбада Халук Байрактар украиналық шенеуніктің өзінің өнімдері туралы айтқан ауыр сөздеріне жауап берген деседі. “Проверено” Халук Байрактардың желідегі парақшасында шынымен мұндай жазба жариялағанын тексерді.

18 қазанда ресейлік пранкерлер Вован мен Лексус Украинаның қорғаныс кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Сергей Пашинскиймен әңгімесінің үзіндісін жариялады. Онда украиналық азамат түріктің “Байрактар” ұшқышсыз ұшақтарының жауынгерлік мақсаттағы пайдасына қарағанда жарнамасы мен жемқорлығы көп екенін, “тиімсіз” ұшқышсыз ұшақтар қоры соғыстың алғашқы аптасында-ақ жойылғанын айтқан.

Келесі күні орыстілді медиа ұшқышсыз ұшақтар жасайтын Baykar компаниясының бас директоры Халук Байрактардың 18 қазанда Twitter-інде жариялаған жазбасының скриншотын таратты. Twitter-дегі автоаудармаға сәйкес, онда Байрактар: “Пашинскийге айтар жауабым — онда өздерің соғысыңдар” деген. Кейбір ресейлік ақпараттық ресурс мағлұматты шынға балап, лезде таратты (мұнда, мұнда, мұнда және мұнда).

Халук Байрактар украиналықтарға "өздерің соғысыңдар" деді ме?

Фактчекерлер ақпаратты тексеру кезінде Пашинскийдің рөліне назар аударды. 12 қазанда Украинаның қорғаныс кәсіпорындары қауымдастығының Facebook-тегі ресми парақшасында наурызда Сергей Пашинский мен оның сыбайластары ұйымды рейдерлік жолмен басып алғаны туралы хабарлама пайда болды. Алайда қауымдастық экс-депутат Пашинскийді өзінің басшысы ретінде мойындамайды, сол себепті олар сәуірде Әділет министрлігіне, сотқа жүгінген. Қауымдастық сайтында оның басшысы ретінде Андрей Сенченко көрсетілген. Сондықтан жаңалықтарда Сергей Пашинскийдің бұл жанжалдағы рөлі асыра сілтенген: ол мемлекеттік шенеунік емес және болуды да мақсат етпейді.

Baykar компаниясының бас директоры, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның күйеу баласының ағасы Халук Байрактар ​​шынымен де скриншоттағыдай аватары бар Twitter парақшасын жүргізеді. Алайда 20 қазандағы жағдай бойынша Байрактардың парақшасынан бізді қызықтыратын жазба табылмады.

Оның үстіне Twitter-де тек осы бір скриншот тарап жүр. Байрактар бұл жазбасын жоқ дегенде 5 минут қана бөліссе де, оны 419 мың оқырманының тым болмағанда екеуі сақтап не түсіріп алар еді. Бұл жазба шынайы болса да, фактчекерлер скриншоттың бірегейлігіне қатысты ақылға қонымды түсіндірме таппады. Оған қоса бұл скриншотты тек ресейлік, оның ішінде үкіметті қолдайтын ресурстардың ғана таратқаны байқалады. Түркияның да, Украинаның да медиасы бұл туралы ештеңе жазып жатқан жоқ.

Орыстілді автоаударманың тұрғанына қарағанда скриншотты орыстілді қолданушы жасаған болса керек. Бірақ скриншотта «Translated from Turkish by Google» («Google арқылы түрік тілінен аударылған») делінген. Алайда түпнұсқа мәтін түрікше емес, ағылшынша жазылған. Техника тұрғысынан мұндай комбинация мүмкін емес. Түпнұсқа мәтін мен оның астында көрсетілген тіл бірдей болуы қажет.

Сонымен бірге 360 ретвиттің де өшіп қалғаны күмән тудырады. Әрине, олар алғашқы дерекөзбен бірге өшуі ықтимал, дегенмен олардан бірде-бір скриншот қалмағаны қызық.

Осы деректерге сүйене отырып, «Проверено» фактчекерлері скриншот Photoshop арқылы немесе Twitter-дегі парақшаның кодымен жұмыс істеу арқылы жасалған деген қорытындыға келді.

Factcheck.kz