Уәделерді қадағалау | А. Көлгінов 3,5 жылда Астананы газдандыра алды ма?

Алтай Көлгінов 2019 жылы қала әкімі қызметіне келе сала, Астананы газдандыруға кірісті. Ол кезде құрылысты үш сатыға бөліп, жобаны 2023 жылға қарай аяқтауды жоспарлаған. 2022 жылғы 8 желтоқсанда Көлгінов қала әкімі қызметінен кетті. Factcheck.kz редакциясы «Экс-әкім астананы газдандыра алды ма?» деген сұраққа жауап іздеді. 

Алтай Көлгіновтың уәдесі (тайм-код: 11:30)

Уәде: 2023 жылға қарай НұрСұлтан қаласы толықтай газдандырылады

Үкім: Ішінара орындалды

Жоспарға сәйкес 2023 жылы Астана толығымен газдандырылуы керек болғанына қарамастан, жоба толығымен іске асқан жоқ. Алтай Көлгінов қызметінен кеткен соң газдандыру эстафетасын қаланың жаңа басшысы Жеңіс Қасымбекке тапсырды. Ол құрылыс жылдамдығын бәсеңдетпеуге уәде берді. Ресми органдар жоба 2024 жылдың басында аяқталады деп отыр. Астана аудандарын газбен қамту жұмыстары жүргізілгендіктен, Көлгінов «Уәдесін ішінара орындады» деген үкім қоямыз.

Толығырақ қарастырсақ

Астананы газдандыру жобасы Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған кезде жоспарланған. 2019 жылы «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысын аяқтады. Оның ұзындығы оңтүстіктен солтүстікке 1 081 шақырымға жетті. Құрылыс аяқталған соң Астана әкімдігі қалаға газ жіберуді бастады. 

Ол кезде жобаны үш сатыға бөлді

  • Бірінші саты — ЖЭО-1,2,3, Көктал-1,2, Темір жолшылар, Оңтүстік-шығыс шағын аудандары. Іске асыру мерзімі: 2020-2021 жылдың жылу маусымы.
  • Екінші саты — Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village және Family Village. Іске асыру мерзімі: 2021 жылдың соңы.
  • Үшінші саты — Ильинка, Шұбар, Өндіріс ауылдарын газбен қамту. Іске асыру мерзімі: 2022 жылдың аяғы.

2022 жылдың 15 тамызында Көлгінов Instagram парақшасында былай деп жазды: 

Қазір Сарыарқа мен Алматы аудандары толығымен газға қосылған. Ол үшін арнайы 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды. 14 мың абонент газға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. 6 мыңнан астам абонент техникалық шарттарды алды, 4,6 мыңнан астам үй газға қосылған. Әлеуметтік объектілер де газға қосыла бастады. 

Бұған қоса ол Байқоңыр мен Есіл аудандарында газ құбыры құрылысы басталғанын айтты. Бұл аудандарда каналішілік желі салу 2023 жылы басталады. 

Астана қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының Factcheck.kz редакциясына берген ақпараты бойынша, қазір Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Теміржолшылар, Промышленный, Оңтүстік-шығыс, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный, сонымен қатар Потанина-Московская көшесіндегі Нұр-Бесік, Ақбидай, Қазақауыл шағын аудандары газға қосылған. 

Биыл Илинка, Тельман, Пригородный, Family Village бен Өндіріс аудандарының қазандығына апаратын желілердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Илинка, Өндіріс пен Пригородный газ тарату желілері бойынша мемлекеттік экспертиза қорытындысын алу 2023 жылдың ақпанына жоспарланған. Басқарма 2024 жылға қарай газға 300 мың тұрғын қол жеткізеді дейді. 

Шұбар тұрғын үй алабын газбен қамту 2023 жылға қалған. Мұны Көлгіновтің 2022 жылдың 17 қазанында жариялаған туитінен біле аламыз. 

Уәделерді қадағалау | А. Көлгінов 3,5 жылда Астананы газдандыра алды ма?
Алтай Көлгіновтың 2022 жылғы 17 қазандағы туиті

Бұл деректерге сүйеніп, 2022 жылдың аяғында астананы газдандыру жобасы ішінара орындалды деген қорытындыға келеміз. Екінші және үшінші сатыны 2023 жылы аяқтау жоспарланған. 

Factcheck.kz