Жапония хомосексуал қарым-қатынасты мойындай бастады

Токиода бірге тұратын және жұмыс істейтін хомосексуал жұптарға серіктестік сертификаты беріле бастады. Бұл туралы “Голос Америки” хабарлады.

Сертификат тұрғын үй, медицина, әл-ауқат сияқты кейбір мемлекеттік қызметтер кезінде ЛГБТК+ өкілдерін ерлі-зайыпты ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Құжат ресми некедегі құқықтарды толық бермесе де, хомосексуал ерлі-зайыптылар үшін оң өзгеріс болды. Себебі сертификат қоғамдағы ЛГБТК+ өкілдеріне деген дискриминацияны жоюға көмектеседі.

Басылымның мәлімдеуінше, бұл жүйе алғаш 2015 жылы Токионың Щибуя ауданында іске қосылған. Содан бері 200-ден астам шағын жергілікті үкімет хомосексуал жұптарды мойындай бастады.

2021 жылы NHK қоғамдық телерадиокомпаниясының сауалнамасына сүйенсек, халықтың 57%-і хомосексуал некені қолдайды, 37%-і қолдамайды.

Дегенмен Жапонияның хомосексуал некені толық мойындады деуге әлі ерте. Мәселен, маусымда Осака соты хомосексуал некелерді мойындамау конституцияға сай деп тапқан.

Премьер-министр Фумио Кисида да хомосексуал қарым-қатынасты мемлекеттік деңгейде мойындайтын заң өзгерістерін енгізуге қауіптенеді.

Factcheck.kz