ЖИТС туралы қаншалықты жақсы білесіз?

1 желтоқсан ЖИТС-ке қарсы дүниежүзілік күрес күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл ақпараттық науқанды “Әрбір адамның құқығы қорғалса, әлем ЖИТС-ті жоя алады” деген сөйлемyty бастады. Ұйымның жазуынша, адам құқықтарына басымдық беріліп, жергілікті қауымдастықтар жетекшілік жұмыстарды өзіне алса, 2030 жылға қарай әлем ЖИТС-ті қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіретін ауру ретінде жоя алады.

2023 жылы әлемде АИТВ-мен өмір сүретін 39,9 миллион адам болса, шамамен 630 000 адам соған байланысты себептерден қайтыс болды. Бір жылда 1,3 миллион адам АИТВ жұқтырған.

Factcheck.kz редакциясы ЖИТС-пен күрес күніне арнап, инфекцияға қатысты негізгі фактілерді жинақтады.

Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) – ағзаның иммундық жүйесін зақымдайтын инфекция. АИТВ асқынса, жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромына (ЖИТС) әкеп соғады.

АИТВ қалай әсер етеді?

АИТВ қанның ақ жасушаларын шабуылдап, иммун жүйесін әлсіретеді. Бұл туберкулез, жұқпалы аурулар және қатерлі ісіктің кейбір түрлері сияқты аурулардың дамуына әсер етеді. Инфекция жұққаннан кейін алғашқы бірнеше ай ішінде АИТВ-мен ауыратын адамдар әдетте инфекцияны көп таратады, бірақ олардың көбі инфекция жұқтырғанын соңғы деңгейге жеткенде біліп жатады. Кейбір адамдар инфекция жұқтырғаннан кейін алғашқы уақытта ешқандай белгілер сезбеуі мүмкін.

Инфекция бірте-бірте иммун жүйесін әлсіретеді. Бұл деңгейде адамдар ісінген лимфа түйіндері, азып кету, безгек, диарея және жөтел секлді белгілерді байқауы мүмкін.

Қалай жұғады?

АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың әртүрлі дене сұйықтықтары арқылы, мысалы, қан, емшек сүті, шәует және вагинальды секреция арқылы берілуі мүмкін. АИТВ жүктілік және босану кезінде нәрестеге де берілу ықтималдығы бар. Дегенмен вирустың анадан балаға жұғуын антиретровирустық терапиямен, сондай-ақ сақтық шараларымен және босану кезінде дұрыс медициналық көмекпен 1-2%-ке дейін төмендетуге болады.

Алайда инфекция жұқтырған адаммен сүйісу, құшақтау, қол алысу, жеке заттарын пайдалану, тамақ немесе су ішу сияқты қалыпты күнделікті байланыс кезінде инфекция жұқпайды.

АИТВ-ға қатысты қаңқу сөз бен ақпараттың аздығы инфекция жұқтырған адамдардың қоғамнан шеттетілуіне, дискриминацияға ұшырауына алып келуі мүмкін. Стигма мен алалау АИТВ мен ЖИТС-тің тиімді профилактикасы мен күтіміне айтарлықтай кедергі келтіреді. Сондықтан АИТВ ауа тамшыларымен, сумен, ортақ ыдыстарды, бір дәретхананы, көлікті пайдалану арқылы, мектепке барған кезде, спорттық ойындар кезінде, бассейнде жүзу арқылы жұқпайтынын білу маңызды.

Секс сауат маңызды

2023 жылы сол кездегі Қазақсттанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният кейінгі 10 жылда АИТВ жұқтырғандар саны 2 есеге көбейгенін айтты. Министрдің статистикасына сәйкес, елімізде иммун тапшылығы вирусымен 30 мыңнан астам адам дәрігер есебінде тұрған. Олардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 75%-і инфекцияны жыныстық жолмен жұқтырған. АИТВ жұқтырғандардың 82%-і 18-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті халық.

Осы ретте секс сауатты арттыру маңызды мәселе. Секс сауат туралы жан-жақты айту, ақпарат тарату жастарды қауіпсіз өмір сүруге дайындауда маңызды рөл атқарады және жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша шаралар кешенінің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Секс сауат тек инфекцияның тарауының алдын алып қоймай, жыныстық және репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша жан-жақты және нақты білім алуға, шешім қабылдауға көмектеседі.

Жыныстық қатынастың когнитивті, эмоционалды, физикалық және әлеуметтік аспектілерін зерттеу алғашқы секстің кеш басталуына, сескстің жиі болмауына, төсектестің санының азаюына, қауіпті әрекеттердің азаюына, сондай-ақ мүшеқапты көбірек пайдалануға ықпал етеді.

Қызығы, ұлттық статистика бюросының 2015 жылғы дерегіне сәйкес, Қазақстандағы әйелдердің жартысынан азы (44,0%) АИТВ-ның жұғуына қатысты жиі кездесетін екі қате пікірге сенбейді. Ал 15-49 жас аралығындағы әрбір үшінші әйел инфекцияның жұғуы мен профилактикасына қатысты жан-жақты білімім бар деп есептейді.

Емі жоқ инфекция

АИТВ инфекциясын емдеу әдісі жоқ. АИТВ жұқтырған адамға вирустың ағзада көбеюін тоқтататын антиретровирустық препараттар тағайындалады. Антиретровирустық терапияның (АРТ) қазіргі түрлері АИТВ инфекциясын емдей алмайды, бірақ олар дененің иммун жүйесін күшейтеді. Бұл оған басқа инфекциялармен күресуге көмектеседі.

Қазіргі уақытта АРТ препараттарын науқас өмірінің соңына дейін күнделікті қолданады.

АРТ адам ағзасындағы вирустың мөлшерін азайтады. Бұл симптомдардың жойылуына әкеледі және адамдарға толықққанды салауатты өмір сүре алады. АРТ қабылдаған және қанында вирустың белгілері жоқ АИТВ-мен ауыратын адамдар вирусты төсектесіне жұқтырмайды.

АИТВ-ға қарсы вакцина неге жоқ?

Қазіргі уақытта АИТВ-ға қарсы бірде-бір вакцина тіркелмеген. Вирустың ерекшелігіне байланысты мұндай вакцина жасау қиын. Себебі:

  • АИТВ ағзаға вирусқа қарсы күресуге көмектесуге тиіс CD4 Т-лимфоциттерін, яғни, иммундық жасушаларды зақымдайды.
  • АИТВ өте тез мутацияға ұшырайды. Иммундық жүйе антигенді танып, оған қарсы қорғаныс жасап үлгергенше, вирус өзгеріп, қорғаныс тиімсіз болып қалады.
  • АИТВ жасушалардың ДНҚ-сына енеді, ал ғалымдар оны жасушаға зақым келтірмей алып тастай алмайды. Яғни, АИТВ ағзаға еніп, иммундық жүйеден бірден қарсылық көрмесе, жасушаларда мәңгі қалады. Вирустың көбеюін тоқтатуға, өсуіне жол бермеуге болады, бірақ адам АИТВ тасымалдаушысы болып қала береді.
  • Табиғи иммунитет АИТВ антигенін өте баяу таниды. Осы уақытта вирус иммундық жасушалардың өзіне шабуыл жасайтындықтан, АИТВ-ның ағзаға енген кезде иммундық жауап тудыратын, бірақ ауруды жұқтырмайтын мөлшері болмайды.

Үміт алдын алатын дәріде ме?

Жыныстық қатынас немесе инъекциялық есірткі қолдану арқылы АИТВ жұқтыру мүмкіндігін азайтатын дәрілер бар. Егер дәрігердің нұсқауы бойынша және АИТВ-мен ауыратын адаммен байланыспастан бұрын қабылданса, ол дәрілер АИТВ-ны алдын алуда өте тиімді.

Зерттеулер көрсеткендей, ол дәрілерді дәрігердің нұсқауымен дұрыс ішкен кезде жыныстық қатынас арқылы АИТВ жұқтыру қаупін шамамен 99%-ке азайтады. Жаднамадан сіз қатынас алдындағы профилактика туралы, оның тиімділігі және басқа препараттармен үйлесімділігі туралы толық ақпаратты таба аласыз.

Есірткіні инъекция арқылы салатын адамдар арасында ол дәрілер қаншалықты тиімді екендігі туралы ақпарат аз болса да, дәрігер нұсқауымен қабылдаған кезде АИТВ жұқтыру қаупін кем дегенде 74%-ке төмендететіні белгілі. Қазіргі уақытта инъекция арқылы есірткі қолданатын адамдарға ол дәрінің акцинасын салу ұсынылмайды. Ол дәріні бет албат ішу оның тиімділігін азайтады.

Алдын ала ішетін дәрілер тек АИТВ жұқтырмағандарға тағайындалады, сондықтан оны ішуді бастамас бұрын дәрігермен кеңесіп, АИТВ-ға тестілеуден өту керек. Егер сіз мүшеқапсыз қауіпті жыныстық қатынас, бірнеше жыныстық серік болуы, инъекция арқылы есірткі қолдану немесе инені ортақ пайдалану сияқты қауіпті ортадан болсаңыз, ол дәрі туралы медицина қызметкерімен кеңесу ұсынылады.

Алдын алу дәрісі АИТВ-инфекциясынан қорғауда өте тиімді, дегенмен, АИТВ-инфекциясын алдын алудың кез келген басқа әдісі сияқты, ол вирустан 100% қорғауға кепілдік бермейді. Сонымен қатар, ол дәрілер басқа жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғамайды немесе күтпеген жүктіліктің алдын алмайды.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz