Шілденің екінші жартысында баспасөз құралдарында америкалық Gilead Sciences компаниясының АИТВ-ға қарсы жаңа вакцина жасағаны туралы бірқатар мақала жарияланды (1, 2, 3, 4, 5). Esquire Kazakhstan және The Guardian басылымдары тақырыпта «вакцина» сөзін тырнақшаға алып жазды, бірақ кейінірек The Guardian тақырыпты өзгертіп, «вакцина» терминін «дәрі-дәрмек» деп ауыстырды (мақаланың архивітелген нұсқасы).
Америкалық компания шынымен де адамның иммун тапшылығы вирусына қарсы тиімді вакцина жасай алды ма? Factcheck.kz редакциясы осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Үкім: Жартылай шындық
Sunlenca сауда атауымен шығарылған, ленакапавир белсенді заты бар препарат шын мәнінде ағылшын тілді баспасөз құралдарында «АИТВ-ға қарсы вакцинаға келіңкірейді» деп сипатталған (1, 2, 3). Алайда, шын мәнінде бұл вакцина емес — ленакапавир адамның иммун тапшылығы вирусы негізінде жасалмаған және осы вирусқа тұрақты иммунитет қалыптастырмайды. Gilead Sciences компаниясы жасаған препарат басында АИТВ-ның мультирезистентті түрін емдеуге арналды. Ал маусым айының соңында компания ленакапавирді байланысқа дейінгі профилактика құралы ретінде сынақтан сәтті өткізді. Қолдану әдісі мен мақсаты бойынша ленакапавир препараты мен вакцина бір-біріне ұқсайды: ленакапавир вакцина сияқты инъекция арқылы енгізіледі, препарат вакцина сияқты вирус жұқтырудың алдын алуға бағытталған. Алайда АИТВ-дан тиімді қорғану үшін ленакапавир инъекцияларын жылына екі рет тұрақты түрде алып отыру қажет. Қабылдауды тоқтатқан жағдайда оның профилактикалық әсері жоғалады.
Бұдан әрі қарай сынақтардың қалай өткенін, неліктен Sunlenca вакцинаға жатпайтынын және АИТВ-ға қарсы вакцинаның неліктен әлі де тіркелмей жатқанын айтамыз.
Сынақтар
2022 жылы Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі мен америкалық FDA (қазақша— Тағам өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау басқармасы) Sunlenca сауда атауымен шығарылған ленакапавирді мақұлданды. Емдеу құралы ретінде ленакапавир АИТВ-1 нұсқасының мультирезистентті — дәрі-дәрмектерге сезімтал емес — түріне шалдыққан науқастарға ұсынылады.
Ленакапавир адамның иммун тапшылығы вирусының қабығына әсер етіп, оның көбеюіне, сондай-ақ басқа жасушаларға енуіне кедергі жасайды. Препарат вирус клеткаларының ерте циклына да, кейінгі циклына да әсер етеді. Ленакапавир вирусқа қарсы терапия ретінде басқа препараттармен бірге АИТВ жұқтырған адамдарға вируспен күресуге көмектеседі.
2024 жылдың маусым айының аяғында Gilead Sciences Inc. өндіруші компания ленакапавирді АИТВ жұқтырудың байланысқа дейінгі алдын алу препараты ретінде сынақтың бірінші сатысынан сәтті өткізгенін айтып, баспасөз хабарламасын жариялады.
Оған сәйкес, PURPOSE 1 атты зерттеуде әр 26 апта сайын енгізілетін, тері астына салынатын ленакапавир инъекциясының тиімділігі мен қауіпсіздігі күнделікті қабылданатын Descovy препаратымен салыстырылған. Зерттеуге Оңтүстік Африка мен Угандадағы 16-25 жас аралығындағы 5 300-ден астам цисгендерлі әйел мен жасөспірім қыздар қатысқан. Препараттар параллельді түрде сынақтан өтті: бір топ жылына екі рет ленакапавир алса, екінші топ күн сайын Descovy қабылдады. Сонымен қатар, үшінші топқа күніне бір рет Truvada байланысқа дейінгі профилактика (БДП) препараты тағайындалды. Зерттеуде плацебо тобы болған жоқ. БДП-ның тиімді құралдары әлдеқашан табылғандықтан, плацебо тобын құру этикаға сай келмейді.
Зерттеу нәтижелері бойынша, ленакапавир тобындағы 2 134 әйелдің арасында АИТВ инфекциясының бірде-бір жағдайы тіркелмеген. 1 068 адамды қамтыған Truvada тобында АИТВ инфекциясының 16 жағдайы, Descovy тобында 2 136 әйелдің арасында 39 жағдай анықталған. Шамамен үш жылға созылған сынақтан кейін тиімділік болжамнан асып түскен соң, тәуелсіз комитет биыл зерттеуді мерзімінен бұрын тоқтатты.
Қазіргі уақытта PURPOSE 2 зерттеуі Аргентина, Бразилия, Мексика, Перу, Оңтүстік Африка, Тайланд және АҚШ-та жүргізіліп жатыр. Оған цисгендерлі ерлер, трансгендерлі ерлер мен әйелдер және бинарлы емес тұлғалар қатыстырылады. АҚШ-та PURPOSE 3 және PURPOSE 4 зерттеулері аясында ленакапавирдің ересек цисгендерлі әйелдер арасындағы, сондай-ақ инъекциялық есірткі қолданатын адамдар арасындағы қауіпсіздігі мен тиімділігі де бағаланып жатыр.
Сонымен бірге, байланысқа дейінгі профилактика құралдары да тиімді. Алайда, ленакапавирдің басты артықшылығы — оны жылына екі-ақ рет қабылдау керек, ал басқа препараттарды күн сайын таблетка түрінде немесе екі айда бір рет инъекция түрінде қабылдау қажет. Дискриминация, стигматизация және басқа да факторлар науқастардың емдеу схемасын қатаң ұстануына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл вирус жұқтыру қаупін арттырады.
Вакцина емес
Ленакапавирдің байланысқа дейінгі профилактика препараты ретіндегі әсер ету принципі бұрынғыдай. Ол капсидтерге — АИТВ жасушаларының ақуыздық қабықшаларына әсер етеді және әсер ету принципі бойынша вакцинаға мүлдем ұқсамайды.


Ал вакциналар нақты микроағзаның (бұл жағдайда – вирустың) әлсіретілген немесе инактивтендірілген бөлшектері негізінде жасалады. Оларды иммундық жасушалар анықтайды да, өз кезегінде ағзамыздың иммундық жауабын тудырады. Вакциналардың кейбір түрлері антигендердің өзін емес, ағзамыз бөлген антигендердің «нұсқаулығын» қамтиды.
Вакцина қалай жасалғанына қарамастан, өте сирек жағдайларды қоспағанда, вирустың әлсіретілген нұсқасы вакцина алған адамға ауру жұқтырмайды. Бірақ оның иммундық жүйесін осы патогенге бірдей әрекет етуге мәжбүрлейді.
Алайда, өкінішке орай, адамның иммун тапшылығы вирусы басқа вирустардан ерекшеленеді және оған қарсы вакцина жасау өте қиын.
АИТВ-ға қарсы вакцина неге жоқ?
Қазіргі уақытта АИТВ-ға қарсы бірде-бір вакцина тіркелмеген. Вирустың ерекшелігіне байланысты мұндай вакцина жасау қиын:
- АИТВ ағзаға вирусқа қарсы күресуге көмектесуге тиіс CD4 Т-лимфоциттерін, яғни, иммундық жасушаларды зақымдайды.
- АИТВ өте тез мутацияға ұшырайды. Иммундық жүйе антигенді танып, оған қарсы қорғаныс жасап үлгергенше, вирус өзгеріп, қорғаныс тиімсіз болып қалады.
- АИТВ жасушалардың ДНҚ-сына енеді, ал ғалымдар оны жасушаға зақым келтірмей алып тастай алмайды. Яғни, АИТВ ағзаға еніп, иммундық жүйеден бірден қарсылық көрмесе, жасушаларда мәңгі қалады. Вирустың көбеюін тоқтатуға, өсуіне жол бермеуге болады, бірақ адам АИТВ тасымалдаушысы болып қала береді.
- Табиғи иммунитет АИТВ антигенін өте баяу таниды. Осы уақытта вирус иммундық жасушалардың өзіне шабуыл жасайтындықтан, АИТВ-ның ағзаға енген кезде иммундық жауап тудыратын, бірақ ауруды жұқтырмайтын мөлшері болмайды.
Вакцинаны сынақтан өткізу де айтарлықтай қиын. Бастапқы кезеңдерді жасушаларда және зертханалық жануарларда жүргізуге болады, бірақ мұндай сынақ нәтижелерін адамдарға да қолдану өте қиын. Ал адамға жасалатын сынақтар қымбат әрі этикалық шектеулері де көп.
АИТВ вакцинасы 40 жылдан астам уақыт бойы әзірленіп келеді, бірақ осы уақыт ішінде зерттеулердің адамға жүргізілетін сынақ деңгейіне жеткендері өте аз. Қазіргі уақытта бірнеше препарат сынақтан өтіп жатыр. Бірақ олар сәтті болған жағдайда да, вакциналардың тиімділігі 60-70%-пен шектеледі.
Сондықтан медицинаның қазіргі даму кезеңінде АИТВ-мен күресудің негізгі бағыты — тасымалдаушыларға арналған антиретровирустық терапия мен қауіп тобындағы адамдар үшін жұқтырудың алдын алу шаралары болып отыр.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.