Starbucks ЛГБТК+ ұйымдарын қолдайтыны рас па?

Жақында әлеуметтік желі қолданушылары Starbucks компаниясы былтыр ЛГБТК+ ұйымдарына 700 000 доллар қайырымдылыққа берді деген ақпарат таратты. Factcheck.kz желіде тараған хабарламаның қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Starbucks компаниясы өткен жылы ЛГБТК+ ұйымдарына 700 000 мың доллар қайырымдылыққа берді.

Желіде тараған ақпарат.

Үкім: Шындық және манипуляция

Неліктен шындық: Расымен 2021 жылдың маусымы мен 2022 жылдың мамыры аралығында Starbucks қоры ЛГБТК+ қауымдастығын қолдайтын коммерциялық емес ұйымдарға 700 000 доллардан астам сомаға 300-ден астам грант берген.

Неліктен манипуляция: Starbucks ЛГБТК+ қауымдастықты қолдаумен ғана шектелмейді. Қор құрылғалы кофе мен шай дайындайтын қауымдастықтарды нығайтуға арналған бағдарламаларға 25 миллион доллардан астам қаражат жұмсады. Бұдан бөлек, 2018 жылы Халықаралық әйелдер күніне орай 250 000-нан астам әйелдер мен қыздардың құқығы мен мүмкіндігін арттыру мақсатында Африка, Азия және Латын Америкада арнайы бағдарламаны жүзеге асыратынын хабарлады.

Әйелдерді қолдау бағдарламасының мақсаты — санитария мен таза суға қол жеткізу және білім алу мүмкіндігін арттыру. Қор бұл жобаны бастау үшін Нобель сыйлығының лауреаты Малала Юсуфзайттың Малала қорымен серіктестік орнатқан.

Контекст

  • Starbucks қоры әлемдегі тұрақтылықты сақтауға, азаматтық қоғамның дамуына және табиғи апат болған жағдайда көмектеседі. 1997 жылы құрылған қор АҚШ заңнамасының 501(c)(3) бөлімі бойынша жұмыс жасайды. Заңнамада қайырымдылық қорлардың салықтан босатылу үшін не істеу керектігі жазылған.
  • Былтыр әлеуметтік желі қолданушылары Starbucks бас директоры жайлы фейк ақпарат таратты. Желі қолданушыларының айтуынша, компания бас директоры “егер еркек пен әйел арасындағы “дәстүрлі некеге” сенсеңіз, Starbucks кофесін ішпеуіңіз керек” деген-міс. Алайда Reuters фактчекерлері бұрынғы бас директор Кевин Джонсонның немесе қазіргі бас директор Говард Шульцтің мұндай мәлімдеме жасамағанын, яғни, желідегі хабарламаның фейк екенін анықтаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz