Фактчек | Депутат күріш пен ауыл шаруашылық өнімі туралы

31 наурызда өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы ауыл шаруашылығына байланысты бірнеше дерек келтіріп, Қазақстанды “дамыған елдермен” салыстырды. Factcheck.kz сенатордың сөзін тексерді.

Депутат сөзі (тайм-код: 27:01)

Мәлімдеме: Өңірдің [Қызылорда облысы-авт.] аграрлық саласының негізгі дақылы күріш өсіру және өндіру. Ол еліміздің ішкі нарықтағы сұранысының 80%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Дәлелденбеген

Жалпы, ішкі нарықтың қаншасы нақты қызылордалық күрішпен қамтамасыз етіліп отырғаны белгісіз. Ауыл шаруашылық министрлігі де бұған мардымды жауап бере алмады. Алайда өңірде өндірілетін күріш көлемі Қазақстанды қамтамасыз етуге қауқарлы екенін көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2021 жылы барлығы 5 037 713 центнер күріш жиналған, оның 4 479 511 центнері (88%) Қызылорда облысына тиесілі. Ал 2021 жылы республика бойынша күріш өндіру 210 686,2 тоннаны құрап, ішкі нарыққа 96 866,8 тонна кұріш сатылған.

Мәлімдеме: Дамыған елдерде бір метр куб суға 4-6 кг ауыл шарушылығы өнімі өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 кг, яғни 6 есе өнім аз алынады. Ал 1 кг өнім өндіруге дамыған елдерде 160-400 литр су жұмсалса, бізде 1200-2500 литр су жұмсалады.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Шындық

Депутат Ауыл шаруашылық министрлігінің дерегіне сүйеніп сөйлеген. Бұған дейін министрлік суармалы судың өнімділігі шетелде бір куб метрге 2,5-6,0 кг-ны құрайтынын, ал бұл көрсеткіш Қазақстанда 0,4-0,8 екенін жазған. Ал 1 кг өнімге шетелде 165-600 метр куб су жұмсалса, бұл елімізде 1200-2500 метр кубты құрайды.

Яғни, министрлік ақпаратына сай, суармалы судың өнімділігі шетелге қарағанда 6-8 есе төмен, ал өнім бірлігіне шаққандағы суармалы судың көлемі 4-8 есе жоғары.

Қазақстандық ауылшаруашылық өнімнің өнімділігі төмен деңгейде екенін халықаралық көрсеткіштерден де байқауға болады. Мұны бір гектардан алынған бидай мен күріштің тоннасының мысалында төменнен қараңыз.

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz