7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге шабуыл жасаған соң, желіде түрлі видео мен ақпарат тарады. Мысалы, тордың ар жағында отырған балалардың видеосы жарияланды (1, 2, 3). Онда тұтқынға алынған израилдық балалар бейнеленген деседі. “Проверено” басылымы деректі тексеріп көрді.

Шындығында бұл видеоның ХАМАС пен Израиль арасындағы соғысқа еш қатысы жоқ.
Видеоны алғаш TikTok-тағы @user6903068251281 парақшасы жариялаған. Бірақ материалды жазып жатқанда бұл аккаунт бұғатталған.
Израилдық FakeReporter фактчекерлері роликті тексеріп, 8-9 қазанда екі скриншотты (TikTok-тағы видеоның және X желісіндегі фотоның) жариялады. Онда скриншот жасалған видеоның төрт күн бұрын жүктелгені жазылған. Яғни ол кадр ХАМАС қозғалысы шабуыл жасағанға дейін жарияланған.
Оған қоса фактчекерлер бір үйдің кіребересінде отырған балалардың видеосын анықтады. Ондағы екі бала әлгі тордың ар жағында отырған балаларға ұқсайды. Бұл кадр 8 қазанда, яғни торда отырған балалардың видеосынан кейін жүктелген.

11-12 қазанда TikTok-тағы @user6903068251281 парақшасының авторы желіде қысқа үндеу жүктеген. Ол көпшілік арасында тараған видеода туыстары бейнеленгенін, олардың “сионистердің балалары” емес екенін айтқан. Оған қоса ол бұл кадр 4 қазанда түсірілгенін, балалардың қамауда емес екенін мәлімдеді.
Осылайша, видеода бейнеленген балалар израилдық емес және оларды хамастықтар тұтқындамаған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.