Венгрия үкіметін жиі сынаған Klubradio радиостанциясын лицензиясынан айырды

9 ақпанда Венгрия соты тәуелсіз Klubradio радиостанциясының лицензиясын создыртпау туралы шешім қабылдады. Билікті жиі сынайтын радиостацияның лицензиясы 14 ақпанда аяқталды. Бұл туралы Еuronews.com сайты хабарлады.

Радиостанцияға “құжаттарды кеш тапсырғаны үшін” осындай шешім қабылданған. Klubradio атқарушы директоры Андраш Арато сот шешімінің “ұят” екенін және істің саяси астары бар екенін айтты. Klubradio радиостанциясы Венгрия басшысы Виктор Орбан үкіметін жиі сынаған.

Радиостанция басшылығы Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтып, интернетте жұмысын жалғастыратынын хабарлады. Сонымен бірге, тыңдаушыларын радиостанцияны қолдауға шақырды.

Венгрия сөз бостандығының әлемдік рейтингінде 180 елдің ішінде 89-шы орында тұр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz