Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбанына көмектесетін қосымша пайда болды

Елде тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбанына көмектесетін қосымша іске қосылды.

Қосымша AMAN ONLINE деп аталады. Авторы Аружан Меденің айтуынша, ол мұны зорлыққа ұшырап жүрген әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі үшін жасаған.

Адамға қауіп төнсе, қосымшаның SOS батырмасын басуы керек. Қосымша жәбірленушіні лицензиясы бар жеке күзет қызметімен байланыстырады. Күзет қызметі көмек шақырған адамға 7 минут ішінде барады.

“Көмек күтіп жатқан кезде қосымша аудио мен видеоны және пайдаланушының айналасында не болып жатқанын жазып алады. Сонымен қатар қосымшаға жақын адамдарыңды тіркеп қоюға болады, оларға қауіп туралы хабар түседі, адамның қайда тұрғаны да жіберіледі”, – дейді Аружан Меде.

Мобильді қосымша қылмыстың алдын алу, өңдеу және құжаттау принципі бойынша істейді. SOS батырмасын байқаусызда басып қойса, 15 секунд ішінде қоңырауды өшіруге болады. Аудио және видео жазбаларды полиция сұрамаса, екі аптадан кейін өзі өшеді. Қосымшаны әзірге Алматы мен Астана тұрғындары қолдана алады.

Factcheck.kz