Сот Болот Теміровті елден шығару туралы шешім қабылдады

23 қарашада Бішкек соты журналист Болот Теміровті елден шығару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Kaktus.media хабарлады.

Прокурор сот алқасынан Теміровті өзіне тағылған Қылмыстық кодекстің баптары бойынша кінәлі деп тануды, елден шығаруды сұрады. Ал Теміровтың адвокаттары Бішкек қаласының Свердлов аудандық сотының үкімін өзгертіп, қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты журналисті толық ақтау керек екенін айтты.

Алайда кеңесу бөлмесінен оралған сот алқасы журналист Болот Теміровтің елден шығарылатынын хабарлады.

Сот шешімі жарияланғаннан кейін күзет Болот Теміровті бірден сот залынан алып кетті. Журналистің қазір қайда екені әзірге белгісіз.

Контекст

2022 жылғы 22 қаңтарда журналист Болот Теміров есірткіні заңсыз өндіру және сақтау ісі бойынша ұсталған. Сол күні журналистің Temirov Live каналының кеңсесінде тінту жүргізілді. Кейін оның үстінен ҚР қылмыстық кодексінің 379 — «жалған құжат жасау» және 378 — «Қырғыз Республикасының шекарасын заңсыз кесіп өту» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал 28 қыркүйекте Теміров есірткі сақтау және мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге қатысты екі жағдай бойынша ақталып шықты. Ал «Құжаттарды қолдан жасау» бабы бойынша кінәлі деп танылды, бірақ қылмыс мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатылды.

Factcheck.kz