Санжар Боқаев Namys партиясын құратынын хабарлады

17 ақпанда Алматыда өткен пресс-конференцияда саясаттанушы және кәсіпкер Санжар Боқаев «Namys» цифрлық партиясын құратынын айтты. Бұл туралы Vlast.kz сайты хабарлады.

Боқаев партияның басты құндылығы — адам құқығы мен бостандығы, ал партия мақсаты “әділеттілікті негізге алып, елді адал басқаратын жаңа Қазақстан құру” екенін айтты.

Партия бағдарламасы жеті пункттен тұрады:

  1. Тәуелсіз, әділ сот жүйесін құру. Құқық қорғау жүйесі мен қорғаныс саласына реформа жасау.
  2. Сыбайлас жемқорлықпен күрес. Халықтың ақшасына сатып алынған активтерді Қазақстанға қайтару.
  3. Жастардың потенциалын арттыру мақсатында мәдени революция жасау.
  4. Толық саяси өзгеріс енгізу: адал және тәуелсіз сайлау жүйесін құру, жаңа партияларды тіркеу, парламент пен мәслихатқа өзін-өзі ұсыну құқығын қайтару, парламент сайлауы, қала әкімдерін сайлау құқығы.
  5. Мемлекеттік аппаратты қысқартып, тиімділігін арттыру. Кадрға қатысты саясатты өзгерту.
  6. Қоғамды сапалы білім және медицинамен қамтамасыз ету.
  7. Жастарға жаңа зауыттар ашу.

Саясаттанушы екі айдан кейін партияның мобильді қосымшасы іске қосылатынын және парламентке өткен жағдайда бюджеттен ақша алмайтынын айтты. Сонымен қатар, жоспар бойынша партия демеушісі халық болу керек екенін мәлімдеді.

Боқаев бұған қоса партияның биліктен тәуелсіз болуы маңызды екенін білдірді.

Контекст

Боқаев ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері болған. Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына және қала әкімдігінің ішкі саясат басқармасына басшылық еткен. Сонымен бірге, “ҚазТрансГаз” АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz