Көпшілік кино тарихындағы алғашқы фильмнің бірі саналатын “Пойыздың Ла Сьота станциясына келуінің” (L’Arrivée d’un train en gare de la Ciotat) көрсетілімінде көрермендер арасында дүрбелең туды деген пікірде. Фильмді тамашалау кезіндегі дүрбелең туралы хабарды бірнеше жерден табуға болады (мүнда, мұнда және мұнда).
“Проверено” басылымы шынымен мұндай жағдай болып-болмағынын тексеріп көрді.
Фильм алғаш рет 1896 жылы 25 қаңтарда Лион қаласында “Синематографтың” екінші залының ашылуында көрсетілді. Келесі күні le Lyon républicain газеті ол туралы былай деп жазды: “Бұл — біз куә болған ең керемет көрініс. <…> Әрине, бұл жай ғана илюззия, дегенмен шынайы болғаны соншалық, өзімізді құдды кейіпкерлермен бірге жүргендей сезіндік”. Алайда газетте көреремендердің тәртіпсіздігі жөнінде ешқандай ақпарат жарияланбаған.
1896 жылғы ақпанда шыққан la Science française ғылыми журналында да бұған қатысты ештеңе жазылмаған. Аталмыш нөмірде ағайынды Люмьерлердің өнертабысы туралы екі мақала жарияланды. Оның бірінде фильмнің көрермендерге тигізетін әсері баяндалса, екіншісінде — “тірі суреттердің” техникалық жағы айтылған.
Апта сайын жарық көретін Le Passe-temps басылымының ақпандағы 9-нөмірінде “Тірі суреттер” атты хабарландыру жарияланды: “Таңғажайып көріністің танымал болуына және көрермендердің сұранысының артуына байланысты дирекция мынадай шешім қабылдады: сессиялар енді күн сайын, сағат 2-ден түн ортасына дейін болады. Жексенбі және мереке күндері — таңғы 10-нан түн ортасына дейін. Кіру құны — 0,50 франк”.
Бұл басылымның негізгі тақырыбы — ойын-сауық, мәдениетке қатысты жаңалықтар. Оқырмандар одан фильм, сән көрмелері, театр премьералары туралы ақпарат таба алатын, жаңа фельетондар оқи алатын. “Синематографта” дүрбелең болған жағдайда Le Passe-temps міндетті түрде ол жөнінде жазар еді.
Дегенмен басылымның 16 ақпанда шыққан нөміріне “Пойыздың Ла Сьота станциясына келуі” фильмі тақырыбы арқау болды. Онда кинокөрсетілім бағдарламасы жарияланған, бірақ дүрбелең туралы бірде-бір сөз жоқ.
Көрермендер залындағы дүрбелең туралы аңызды кино тарихшысы Жан-Пьер Сируа-Траан егжей-тегжейлі талдады. “Қорқыныш” сөзі премьерадан кейінгі күні le Lyon républicain газетінде пайда болды. Кинотанушы дәйексөз келтіреді: “Түтіндеткен локомотивтің вокзалға келуі өте шынайы көрінеді. Оның рельсте қатты жылдамдықпен келе жатқаны соншалық, темір жүйрік саған соғылатын секілді, қорыққаннан инстинктив түрде сәл тартынасың. Бірақ қорқудың еш қажеті жоқ, пойыз тоқтайды, бәрі шығады, есіктер ашылады, жаңа жолаушылар вокзал бастығының белгісі бойынша вагондардың баспалдақтарымен көтеріледі”. Осылайша, қорқыныш өткінші болды, залда ешқандай дүрбелең тумады.
Тағы бір зерттеуші, Трир университетінің қызметкері Мартин Лойпердингер де 1896 жылы Лионның “Синематографында” болған дүрбелеңге қатысты сенімді дәлел таппады. Ол өзінің әріптестерін “Пойыздың Ла Сьота станциясына келуі” премьерасы туралы мифтің шексіз репродукциясы үшін сынға алды және бұл аңыз ХХ ғасырдың басында пайда болды деп санады. Неміс зерттеушісінің пікірінше, көрермендердің реакциясы әдеп нормасынан аспады: көрерменнің көбі пойызды көргенде орындықтарынан сәл қозғалған болуы мүмкін.
Дегенмен аңыз басқа фильмнің әсерінен пайда болуы мүмкін. 1901 жылы ағылшын режиссері Роберт Уильям Пол “Ауыл адамы және кино” атты қысқаметражды комедия түсірді. Бұл фильм шаруа адамының сол кезде түсірілген таспалардың әртүрлі эпизодына реакциясын бейнелейді. Осындай көріністің бірінде ол экранда келе жатқан пойыздан қорқып, қашып кетеді.