Meta үшін шешуші кезең: 2025 – үлкен серпіліс пе, әлде сәтсіздік пе?

Meta компаниясының бас технологиялық директоры әрі алғашқы инженерлерінің бірі Эндрю Босворт биыл компания үшін бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін деді. Оның ойынша, бұл жыл Meta-ның кеңейтілген және виртуалды шындықпен айналысатын Reality Labs бөлімшесі үшін жаңа жетістіктердің бастауы болуы мүмкін. Алайда бұл бағыт өз жемісін бермесе, компания тарихындағы ең үлкен қате ретінде есте қалуы да ғажап емес. Бұл туралы TechCrunch жазды.

«Бәрін онжылдықтың соңында бағамдаймыз, бірақ дәл қазір біз өте маңызды кезеңде тұрғанымыз анық», – деді ол Bloomberg Technology арнасына берген сұхбатында.

Босворттың айтуынша, Meta мен Ray-Ban бірігіп жасаған жасанды интеллекті бар көзілдірік нағыз серпіліс әкелген. 2023 жылғы қазаннан бастап 2024 жылғы ақпанға дейін 2 миллионнан астам көзілдірік сатылған. Тіпті Meta әлі ЖИ мүмкіндіктерін толық іске қоспай жатып-ақ, бұл көзілдіріктер дәстүрлі Ray-Ban өнімдерінен де жоғары сұранысқа ие болған.

Google да Android XR платформасына негізделген ақылды көзілдірік жасау үшін Gentle Monster және Warby Parker компанияларымен серіктестік орнатқанын мәлімдеді. Ал Apple 2026 жылы өз смарт-көзілдірігін шығаруды көздеп отыр.

«Бұған дейін бұл салада көпшілік назарынан тыс жұмыс істеп келсек, енді тұтынушылар үшін де, бәсекелестер үшін де маңызды ойыншыға айналдық. Бәсеке уақыты басталды, ендігі жасалған әр қадамымыздың құны бұрынғы кезбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болмақ», – деді Босворт.

Технологиялық жарыс қанша қызып тұрса да, бәрі тұтынушының сұранысына тіреліп тұр. Егер нарық Meta-ның кеңейтілген және виртуалды шындық өнімдерін қабылдамаса, бұл саланың болашағы күмән тудырады. Босворттың айтуынша, компания 2025 жылға арнап ауқымды жоспар құрған және ол жоспар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Ол компания бәсекелестерге емес, өз жұмысының сапасына көңіл бөледі дейді.

Журналист

Factcheck.kz