Трамптың Facebook пен Instagram парақшасы бұғаттан шығады

25 қаңтарда Meta компаниясы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамтың Facebook және Instagram желісіндегі парақшасын бірнеше апта ішінде бұғаттан шығаратынын хабарлады. Бұл туралы The Verge жазды.

Дегенмен компания ескерту жасады. Олардың сөзінше, Трамп компанияның контентке қатысты саясатын тағы да бұзса, парақшасы, ереже бұзудың ауырлығына қарай, бір айдан екі жылға дейін қайта бұғатталады.

Әдетте, біз Meta платформаларындағы ашық, қоғамдық және демократиялы пікірталасқа кедергі келтіргіміз келмейді. Әсіресе, Америка Құрама Штаттары сияқты демократиялық қоғамның сайлауы жағдайында. Қоғам дауыс беру кезінде саналы таңдау жасау үшін саясаткерлерінің не айтатынын – жаман, жақсы, ессіз сөзін ести алуы керек.

Ник Клегг, Meta компаниясының вице-президенті.

Сонымен қатар, Meta компания ережесін бұзбайтындай, ішкі саясатына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, Капитолийге жасалған шабуыл сияқты зорлық-зомбылықты немесе жойқын әрекетті насихаттайтын контентке шектеу қойылады: қолданушы жазбаны бөлісе алмайды.

Бұған қоса компания платформаның жарнама мүмкіндіктерін де шектей алатынын мәлімдеді.

Factcheck.kz