Қырғызстанда “Азаттық” сайты екі айға бұғатталды

Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі “Азаттық” сайтының жұмысын екі айға тоқтатты. Бұл туралы “Медиазона” хабарлады.

Қырғызстандағы Beeline провайдері абоненттерінің хабарлауынша, компания радиостанцияның веб-ресурсын бұғаттап үлгерген.

Бұғаттауға Азаттық құзырындағы “Настоящее время” сайтында 16 қыркүйекте жарияланған видео себеп болған. Мәдениет министрлігі мамандарының пікірінше, «Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы ауыр шайқас» деп аталатын бейнеде өшпенділік тілі қолданылған және Қырғызстанның көрші мемлекетке шабуыл жасағаны туралы расталмаған ақпарат жарияланған.

17 қыркүйекте Мәдениет министрлігі “Азаттық” сайтына ескерту жолдаған, алайда редакция жауап бермеген. 24 қазанда министрлік заңға сәйкес, материалды 24 сағат ішінде алып тастауды талап етті. Редакция басылымды өшіру үшін техникалық жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан. Бірақ 26 қазанға дейін видео өшірілмеген. Осыған байланысты министрлік сайтты Қырғызстанда екі айға бұғаттаған.

Сайт иелерінің әрекеттеріне шағымданудың бұл тәртібі Қырғыз Республикасы министрлер кабинетінің 2022 жылғы 8 сәуірдегі № 204 қаулысында бекітілген.

«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті Джейми Флайдың айтуынша, редакторлар видеоны зерттеген және БАҚ стандарттарына қайшы құқықбұзушылықты таппаған.

Кремльдің не Қырғызстан үкіметінің сайттарымыздан баланс сақталған, орынды мазмұндағы материалдарды өшіру туралы талаптарының ығына жығылмаймыз.

Джейми Флай, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті

Кейінгі кездері Қырғызстанда медиаға қысым күшейген. 2021 жылғы тамызда ел президенті Садыр Жапаров «Дұрыс емес (жалған) ақпараттан қорғау туралы» заңға қол қойды. Бұл заң әлеуметтік желілердегі фейктермен күресу үшін қолданылатыны айтылды. Алайда медиа-сарапшылар мұны тәуелсіз журналистикамен күрес құралы деп есептейді.

Factcheck.kz