InternetCA-2022 форумында цифрлық құқықтардың сақталуы талқыланды

17-18 қарашада Алматыда “Орталық Азиядағы интернетті дамыту InternetCA-2022” 13-интернет-форумы өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Грузия, Молдова, Аустрия мен АҚШ-тың цифрлық құқық, фактчекиң, медиасауат, пропагандаға қарсы әрекет, сөз бостандығы мен адам құқықтары саласындағы сарапшылар шақырылды. Форум қатысушылары — журналистер, блогерлер, зерттеушілер, мемлекеттік орган, халықаралық ұйым, ҮЕҰ өкілдері, заңгерлер мен дипломаттар.

Іс-шараның басты тақырыбы — дағдарыс кезінде цифрлық құқықтарды сақтау мәселесі. Тақырыптың таңдалуына екі фактор әсер етті: оқиғаларды қабылдауға және бағалауға сыртқы пропаганданың әсері және соның нәтижесінде жалған ақпараттың тарауы; мемлекеттің соңғы жаһандық және жергілікті сын-қатерлерді ескере отырып, интернет кеңістігін бақылауға тырысуы.

«Бәріміз жаһандық дағдарыс болып жатқанын көріп, сезіп отырмыз. Бұл дағдарыс мемлекетке, кәсіпкерлікке және қоғамға қазіргі жайтты қайта қарап, жаңа ойын ережесін, жаңа әлеуметтік келісімшарт жасауға көмектесуі керек. Экономика, саясат пен медианың негізіне айналған интернет азаматтар мен олардың құқық, мүдделерінен басқаны қамтитын мемлекет пен ұлттық мүдде үшін емес, негізгі бенефициар ретінде адамға қызмет етуі қажет», — деп есептейді MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жалилов. 

Қатысушылар цифрлық құқықтың сақталуына кепілдік; сөз бостандығы мен қастандық тілі арасындағы шекара; интернеттегі өзін-өзі басқара алу мүмкіндігі; цифрлық қуғын-сүргін, желіні реттеудің технологиялық және құқықтық аспектілері; сыртқы пропаганда мен дезинформацияның қоғам пікіріне әсерін талқылады.

InternetCA-2022 форумында цифрлық құқықтардың сақталуы талқыланды

Аймақта интернет саласының заңмен реттелуіне қатысты көптеген ортақ мәселе бар. «Сорос Қазақстан» қорының атқарушы директоры Аида Айдарқұлованың айтуынша, мұны аймақтағы азаматтық қоғам, ҮЕҰ және діни ұйымдардың реттелуінен, БАҚ пен медиаға қатысты заңнамалық құрылымнан байқауға болады.

Менің ойымша, төңкерістер болған басқа елдердің тәжірибесінен сабақ ала отырып, біздің аймақтағы мемлекеттер цифрлық платформалардың өте маңызды рөл атқаратынын жақсы түсініп отыр. Бұл, көріп отырғанымыздай, заңнаманың дамуына, өңірлік және ұлттық тұрақтылықты сақтауға, терроризм мен экстремизмнен қорғауға, сонымен бірге азаматтық қоғам кеңістігін тарылтуға қатысты. Бұл тенденциялар әртүрлі сылтаумен ақталған, мысалы, қауіпсіз қалалар мен цифрлық экономиканы құру тұжырымдамасы, халықты, көбінесе балаларды денсаулыққа зиян келтіретін ақпараттан қорғау концепциясы. Мұндағы басты мәселе – заңның түсініксіз, көп мағыналы, көлемді болып, оны әркім өз қалауынша түсіндіре алуында. Мұның бәрі алғашында ізгі ниетпен жасалып, сайып келгенде, адамдардың интернеттегі құқықтарын шектеумен аяқталады.

Аида Айдарқұлова

Іс-шараны Сорос-Қазақстан қорының, «Ашық қоғам» қорының, USAID, Internews Network және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсесінің қолдауымен «MediaNet халықаралық журналистика орталығы» ұйымдастырды.

Factcheck.kz