Мәжілісте онлайн-петицияны қарайтын институт құру мәселесі талқыланды

Мәжілістің жалпы отырысының бірінші оқылымында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл заң арнайы онлайн-платформа арқылы петицияны қабылдайтын институт құруды көздейді. Мемлекеттік органдар қажет дауыс санын жинаған азаматтардың өтініштерін қарайды. Бұл туралы Vlast.kz хабарлайды.

Петицияны арнайы интернет-портал арқылы тек Қазақстан азаматтары бере алады. Одан әрі уәкілетті орган петицияның қаншалық заңнама шарттарына сай екенін тексереді. Бірінші кезеңде, петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматы қол қоюға тиіс. Екінші кезеңде, халықтың деңгейі мен санына байланысты төмендегі шекті мәнге сәйкес дауыс жиналуы керек:

  • Аудандық деңгейде, әкімдіктер – халық саны 50 мыңннан асқан жағдайда 2,5 дауыс. Қалғандары үшін – халықтың кемінде 5%-і.
  • Аудандық деңгейде, мәслихат – халық саны 50 мыңнан асқан жағдайда 5 мың дауыс. Қалғандары үшін – халықтың кем дегенде 10%-і.
  • Облыстық деңгей, әкімдіктер – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік тұрғындарының 1%-інің дауысы.
  • Облыстық деңгей, мәслихаттар – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2%-і.
  • Республикалық деңгей, үкімет – кемінде 50 мың дауыс.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің сөзінше, бұл шаралар петицияның қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттырады.

Алайда Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай мұның бюрократияға толы ұзақ процесс екенін айтады.

Петиция заңды деп танылуы үшін сегіз ай қажет, екіншіден, бұл – екі кезеңнен тұратын дауыс жинау. Бірінші кезеңде петиция қолдау тапты деп есептелуі үшін 150 дауыс, екіншісінде 2500-ден 50 мыңға дейін дауыс жинау керек. Бұл ретте мемлекеттік органдардың өтінішті қарауға үш ай мерзімі бар. Нәтижесінде, петиция беруден бастап жауап алуға дейін бір жылға жуық уақыт кетеді. Осы уақыт ішінде көтерілген мәселе өзегін жоғалтады.

Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаты

Депутат Екатерина Смышляева айтуынша, интернет-платформа арқылы петиция ұйымдастыру қиын. Өйткені елде әлі күнге дейін интернеті жоқ өңірлер бар.

Бірқатар шалғай ауылда әлі күнге дейін интернет жоқ. Сәйкесінше, мұндай ауылдарда мұндай қол қою мүмкін емес. Бүгінде қағаз түріндегі құжаттарды қабылдауға болатыны туралы түзетулер енгізілді. Ол құжаттарға қойылатын талаптар әлдеқайда төмен, бірақ оларды тексеру әлдеқайда қиын. Осыған байланысты менің екі сұрағым бар: интернетке кіру мүмкіндігіне қарамастан, барлығының қағаз жүзінде петиция беруге құқығы бола ма? Осы құқықты теріс пайдалану және институттың девальвацияға ұшырауы сияқты тәуекелдерді қалай бағалайсыз?

Екатерина Смышляева, депутат

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, мұндай жағдайда азаматтарға жергілікті әкімдіктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Қазпошта» бөлімшелері көмектеседі, яғни солар арқылы петиция жолдауға болады.

Жергілікті, мемлекеттік, орталық мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, орталық немесе жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар заң жобасындағы қоғамдық бақылау объектілері болып бекітіледі.

Ал Қазақстан азаматтары, елімізде тіркелген коммерциялық емес ұйымдар қоғамдық бақылау субъектілері ретінде бекітіледі. Бірақ 18 жасқа толмаған, соттылығы толық өтелмеген, наркологиялық және психологиялық есепте тұрған адамдар, шетелмен байланысы бар және қолданыстағы заңға сәйкес, қызметі тоқтатылған не тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдар қоғамдық бақылау субъектілеріне жатпайды.

Factcheck.kz