Freedom House: Қазақстан интернеті еркін емес елдердің қатарында

Freedom House ұйымы интернет еркіндігіне қатысты баяндама жариялады. Олардың рейтиңінде Қазақстан 100-ден 32 ұпай жинап, интернеті “еркін емес” елдер қатарына кірді.

Мемлекеттің рейтиңде жинаған ұпайы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым интернет еркін деген сөз.

Сарапшылар 70 елдегі интернет жағдайын зерттеген. Интернеті еркін елдердің үштігіне Исландия, Эстония және Канада кірді. Сонымен бірге олардың қатарында бірқатар Еуропа елі, Жапония, Аустралия, Грузия мен Армения бар.

Интернет еркіндігіне қатысты рейтиңде төмен балл жинағандар да бар. Мәселен, Беларусь 28, Қазақстан 32, Ресей 23, Иран 16 және Қытай 10 ұпай алған. Баяндама авторлары бұл елдердің интернетін «еркін емес» дейді.

Freedom House ұйымы зерттеуінде Қазақстанда интернет пен әлеуметтік желінің жиі бұғатталғанын жазған. Оны олар елде болған оқиғалармен байланыстырады.

Авторлардың пікірінше, қаңтар оқиғасы қазақстандықтардың кенеттен интернетке қол жеткізе алмай қалуының бірден-бір себебі болды.

Үкімет шенеуніктері кейбір БАҚ өкілін наразылықтар туралы ақпарат таратпауға мәжбүрледі, ал оқиғаны жариялаған журналистер мен Қазақстан азаматтары заңсыз қамауға алынып, физикалық шабуылдарға ұшырады.

Freedom House

Баяндамада интернет шектелген кезде Vlast.kz, КазТАГ сияқты ақпарат сайттарының журналистері Telegram арналарда ақпарат жариялағаны жазылған. Ал Үкімет ол кездегі өз шешімін лаңкестік қауіп-қатерлерге қарсы күрес, жалған ақпарат тарату және қылмыскерлер арасындағы байланыстың жолын кесумен түсіндірді.

Оған қоса 2021 жылғы шілдеден бастап елде қазақстандық олигархтар, саяси қайраткерлер, журналистер және белсенділермен байланысы бар телефон нөмірлері арнайы бағдарлама көмегімен аңдылатыны да айтылған.

Авторлар Қазақстанда әлі күнге дейін саяси, әлеуметтік және діни тақырыптардағы контенттер бұғатталатынын да атап өткен.

2021 жылы 10 578 парақша бұғатталды, оның 90%-і порнография, суицид және онлайн құмар ойындарға қатысты болып шықты. 2022 жылдың алғашқы бес айында 2 495 парақша бұғатталған. Internet Freedom Kazakhstan тәуелсіз құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша, 2021 жылдың сәуірінде 56 900-ден астам халықаралық және қазақстандық домен қара тізімге енгізілген.

Freedom House

Сонымен бірге ұйымның зерттеуінде Қазақстандық ауылдағы нашар интернет желісі, “Балалар құқығын қорғау туралы” заң аясында кибербуллиңке байланысты контентті өшіруді мақұлдау мәселелері де қарастырылған.

Factcheck.kz