Германия ұйықтап жатқанда…

БЕРЛИН – Германиядан тысқары тұратын жұрттың көбінің немістердің өздері туралы ойша жасап алған карикатурадан хабары жоқ. ХХ ғасырдағы соғыс насихаты сомдаған менмен ұлтшыл да, Мэдисон-авенюдің көлік жарнамасындағы перфекционист инженер де, телеэкрандарда көрсетілетін ережеге бағынатын, тап-тұйнақтай білгір де емес, қазіргі неміс – жатарда киетін киімін, басына тақиясын киген ұйқылы-ояу адам. Кейде қолына шырақты қатты қысқан ол маңындағылар әбден жолынан адастырған аңғал адам болып көрінеді.

Бұл – жаңа көрініс емес. Керісінше, бұл кейіпкер ХІХ ғасырда “Der deutsche Michel” немесе «Неміс Мишель» деген атпен танылған. Тым тар ойлағанының кесірінен ол үлкен идеяларынан бас тартып, өзгерістерден қашты, сөйтіп біртоға, ыңғайлы әрі тыныш өмір сүрді.

Сол Мишель тағы қайтып оралды. Оны қалай кінәлаймыз? Германияның экономикасы гүлденіп тұр, жұмыссыздық жоқтың қасы, ал жалақы өсіп келеді. Қаржы дағдарысы баяғыда ұмытылған, мемлекет бюджеті бақылауда, 2015 жылғы мигранттар нөпірі салыстырмалы түрде жақсы реттелді.

Өнеркәсіптегі дау-дамай да (мәселен Volkswagen-дегі),  әуе компанияларының банкротқа ұшырауы да, инфрақұрылым жобаларының қайта-қайта кейінге қалдырылуы да Германиядағы «мишельдердің» өздерін бақуатты да қауіпсіз сезінуіне кедергі келтіре алмады. Негізгі қауіп – Германия шекарасының тысындағы әлем болса керек.

Осы тұрғыдан қарағанда өткен күздегі сайлау науқаны Германия «мишелінің» образына дөп келеді. Канцлер Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық одағының (CDU) «Біз – бақытты да бақуатты адамдар  өмір сүретін елміз» деген ұраны осыған сай болды, бұдан басқа қарсылас және аймақтық партиялардың мәнсіз ұрандары да осыған саяды. Alternative für Deutschland (AfD) атты оңшыл популистерден басқа партиялар именшек сыпайылық әрі марғау консенсус танытып, электоратты да ұйықтатып тастады.

Сайлаудан соң нағыз саяси ойын басталды, соның өзінде мұны Германияның «мишельдерінен» жасырып-жабуға тырысты. Партия басшылары өз орындарында біраздан бері отырса да, олар дауыс берудің біткенін күтті, содан кейін ғана барлық картаны үстел үстіне жайып салды, бірақ мұның өзін жабық есіктің ар жағында жасады. Жабық есіктің ар жағындағы коалицияға қатысты әңгімелердің сыртқа шығып кеткендерінің өзі «түрлендірілгені» соншалық, партия басшыларының арасындағы дайындық келіссөздері (“Sondierungsgespräche”) саяси тұрғыдан жеңіл өтіп жатқандай әсер қалдырды.

Бірақ Германияның саяси табы да, қатардағы «мишельдер» де мұны жоққа шығарады. Ың-шыңсыз федералдық сайлау, CDU мен оның бавариялық қанаттасы Христиан әлеуметтік одағы (CSU), жасылдар және «еркін демократтар» (FDP) арасындағы коалицияға қатысты келіссөздердің тоқтауы, содан бергі CDU мен Социал-демократиялық партия (SPD) арасындағы ебедейсіз байланыстар Германия саясатында үлкен бір жетіспеушіліктің бар екенінен хабар береді.

Ащы шындық – электоратқа ақпарат беріп, коалиция жөніндегі келіссөздерге негіз қалайтын түрлі саяси платформалар қиял мен жаңа идея атаулыдан мүлде жұрдай болып шықты. Екінші орындағы мәселелер басты проблема ретінде көрсетілді. Мәселен, босқындардың отбасы мүшелерімен қосылуы, ешкім қызықпаған медициналық сақтандыру схемасы (Bürgerversicherung) немесе білімді қаржыландырудағы федералдық үкіметтің рөлі сияқты техникалық сұрақтар алдыңғы орынға шықты.

Еуропаның және бүкіл әлемнің қазіргі жағдайын әрі сырттағы көп жұрттың Германия көшбасшылығына үміт артып жүргенін ескерсек, мұның барлығы маңызды емес көрінеді. Бірақ, бар мәселе – бұлар еуро, қауіпсіздік пен қорғаныс, миграция, инфрақұрылым және салық сияқты үлкен шаруаларға мойын бұрғызбайды.

Болашаққа бағытталған саяси ұстаным болмағандықтан, Германиядағы саясат орныққан басшылардың тактикалық ойыны деңгейіне дейін ұсақталып кетті.  CSU-мен арадағы «раушангүл соғысы» кезінде CDU Меркельмен де, Меркельсіз де өмір сүре алады, ал SPD болса өз-өзіне сенбейді әрі саяси тұрғыдан әлсіреп кетем бе деп қорқады. Бұлардың ешқайсысы Германияға опа берейін деп тұрған жоқ. Себебі сегіз жыл коалициялық үкіметті басқарып тұрған кезінде бұл үш партия оппозицияны маргиналдандырды әрі жаңа көшбасшы кадрлар өсіре алмады, соның кесірінен парламенттің рөлі төмендеп кетті.

Германияда коалиция туралы келісімдер бұрыннан «жалған келісім-шарт» түріндегі құжат саналады. Бірақ қазір төрт жыл басқаруды жоспарлау тенденциясы белең алып келеді. Лидерлер бір парламенттік мерзімді заң жобаларын талқылауға емес, бұрын келісілген істерді жүзеге асыруға жұмсауға бейіл.

Оның үстіне, Германияда канцлер Герхард Шредер еңбек нарығы реформасын жүргізген 2000-жылдардан бері ешқандай реформа сәтті жүзеге асқан емес. Меркель басқарған он жылда 2010 жылғы Шредердің «Күн тәртібі» сияқты болашаққа бағытталған жоспар деңгейіндегі реформаны жүзеге асыруға талпыныс та жасалған жоқ.

CDU/CSU және SPD арасында үлкен коалиция құрылса, Германия соңғы сегіз жыл бұрынғы соқпағына қайта түседі деген сөз. Коалиция туралы ресми келіссөздерді қайта бастауға жол ашатын 28 беттен тұратын келісім – тым майда, технократиялық, амбициясыз және болашаққа бағдары аз құжат.

CDU/CSU және SPD өкілдері бұл келісімді үлкен жетістік деп мақтап жатқанымен, жұрттың көбі, әсіресе SPD-дегілер бұл нәтижемен келіспейді, тіпті арасында келіссөзді қайта бастау туралы ұсыныс айтып жатқандар бар. SPD қазір үлкен таңдаудың алдында тұр. Апта соңында өтетін партияның арнайы жиынында оның басшылары «тағы бір ірі коалициялық үкімет құрамына кіріп, бұрынғыдай уәде беріп отырамыз ба, әлде жаңа сайлауға жол ашатындай әрекетке барып, оппозицияға өтеміз бе?» деген сұраққа жауап іздейді.

Мұнда көпшілік көзге ілмей отырған тағы бір жол бар. Меркель канцлер болып қала беретін, CDU басқарған азшылық үкіметін құруға болады. Енжар SPD мен салқынқанды FDP-ге коалициялық келісімдермен жіпсіз байланып, тұншығып отырғанша, Меркель кабинет мүшелерін партиядан емес, білігі мен болашаққа көзқарасына қарай таңдар еді. Ол тіпті басқа партиялардың өкілдерін министр ете алады.

Ең бастысы – Меркель соңғы жылдары шетке ысырылып қалған маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік алар еді. Бұлар – Еуропа жобасын әрі қарай дамыту мақсатында Франция президенті Эммануэль Макронмен ынтымақтасу, Германияның мемлекеттік басқару жүйесін модернизациялау, еңбек күшін цифрландыруға дайындау және иммиграция проблемасын шешу. Жаңа коалициялық келісімде бұл мәселелер көз үшін айтылған.

Бұл істердің әрқайсысында жетістікке жетелейтін басты күш – парламент. Негізгі партиялар саяси тактиканы ойлағанның орнына Федералдық республиканың алғашқы жылдары парламенттік демократияны қалыптастырған дәстүрді қайта тірілтіп, ашық әрі конструктивті пікірталасты жандандыруы керек.

«Мишель» Меркельдің тұсындағыдай саяси бастамалардың аз болғанын, барлығы инкрементализмге негізделгенін қалауы мүмкін. Бірақ азшылық үкіметі Германия мен Еуропаның алдында тұрған үлкен мәселелерді шешуге ынталылар коалициясын құруға мәжбүр болады, сөйтіп ол «мишель» күткендегіден биікке секіріп, Германия саясатын партия тактиктерінен босатып, бұрыннан қажет болған шынайы реформаларды жүзеге асырады. Басқаша айтқанда, Германия қазір бастан кешіп отырған шағын саяси тербеліс бұл елге жарқын болашаққа бастайтын жаңа идеялар мен жаңа дауыстардың қажеттігін меңзеп тұрғандай.

Германия ұйықтап жатқанда...

Гельмут Анхеи – Берлиндегі Херти Басқару мектебінің президенті әрі социология профессоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Factcheck.kz