Экобелсенді Аршак Макичян Ресей азаматтығынан айырылды

Украинадағы соғысқа қарсы шыққан экобелсенді Аршак Макичян сот шешімімен Ресей азаматтығынан айырылды. Ол бұл туралы өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Сонымен қатар Аршак Макичянның әкесі мен екі бауыры да азаматтықтан айырылған. Макичяндар отбасы КСРО ыдырағаннан кейін Армениядан Ресейге көшіп, ел азаматтығын алған. Сот оларға ресейлік төлқұжаттардың заңсыз берілгенін айтқан.

Макичянның сөзінше, сот шешіміне оның азаматтық позициясы әсер етті. Ол Ресейде жаһандық жылынуға қарсы күресті жақтайтын Firdays for Future экология қозғалысының белсендісі. Оған қоса Макичян Ресейдің Украинаға шабуылына қарсы шығып, ресейлік билікті бірнеше рет айыптаған.

Ресейліктердің немқұрайлылығы мен қорқынышы Путинге бұл қылмыстық соғысты, кейін мобилизацияны бастауға мүмкіндік берді. Қазір жүз мыңдаған ресейлік абыройсыз өлім мен түрменің бірін таңдап жатыр. Ол біздің бір-бірімізден қорқып, жек көруімізді қалайды. Ол бізді жікке бөледі, ұлтаралық және идеологиялық алауыздықты қоздырды. Сондықтан бұл іс тек маған ғана қатысты емес, бұл – ресейліктерге қарсы жасалған қуғын-сүргіннің жаңа құралы, бұл іс — жаңа халық жаулары, жаңа дәстүрлі құндылықтар. Бұл — кейінгі 30 жыл бойы өмір сүрген көпэтносты Ресейге қарсы іс. Бұл турплы үндемей қалуға болмайды.

Аршак Макичянның Facebook желісіндегі жазбасынан

Макичянның адвокаты Ольга Подопелова да сот шешімінің саяси астары болуы мүмкін екенін айтады.

Украинада соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай Аршак Макичян әйелімен бірге Ресейден кеткен. Алайда ол қайтып оралуды жоспарлаған. Енді Ресей сотының шешімінен кейін оның статусы апатридқа — азаматтығы жоқ адам мәртебесіне ауысады, бұл кез-келген қоныс аударуды қиындатады.

Көбі маған қуануым керек екенін айтады, өйткені мен Украинада әйелдер мен балаларды зорлап, өлтіріп жатқан, Грузияның 20%-ін алған, азаматтарын азаптайтын мемлекеттің бөлігі болуды ресми түрде тоқтаттым. Бірақ Ресей мемлекеті бүкіл Ресей емес. Мен өзім сүйетін елдің бір бөлігі болуды тоқтата алмаймын.

Аршак Макичянның Facebook желісіндегі жазбасынан

Макичянның адвокаттары Мәскеу облыстық сотына апелляция шағымын түсірмек.

Factcheck.kz