Брюс Уиллис өзінің дипфейк-егізін жасау құқығын сатпаған болып шықты

Брюс Уиллистің командасы Deepcake компаниясына актердің дипфейк-көшірмесін жасау құқығын сатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Актердің өкілі The Hollywood Reporter басылымына Уиллистің Deepcake компаниясымен ешқандай серіктестігі не келісімі жоқ екенін мәлімдеді. Осылайша, шамамен бір апта бұрын медиада тараған жаңалық терістелді.

Ал Deepcake компаниясының өкілі басылымға цифрлық сурет құқығы голливуд жұлдызына тиесілі екенін және оны сатуға болмайтынын растады. Оның сөзінше, 2021 жылы Уиллистің дипфейк-көшірмесі жарнама науқандары үшін жасалған. Ал болашақта оның қалай қолданылатыны актердің тікелей өзіне байланысты.

Deepcake веб-сайтында актерлердің маркетингтік науқандарға бармай-ақ, виртуал түрде қатысуына мүмкіндік беретін дипфейк-егіз технологиясы насихатталады.

Factcheck.kz