Британия парламент мүшелері қаңтар оқиғасы мен Мамай ісін тексереді

Британия парламенті Қазақстанның тіркелмеген демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамайдың ісі негізінде Қаңтар оқиғасында және одан кейін Қазақстанда адам құқықтары мен халықаралық құқықтың бұзылғаны туралы хабарламаларды тексереді. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.

Үкіметтік емес комиссияны елдегі саяси қуғын-сүргін мен адам құқығының бұзылуының көбеюіне алаңдаған қазақстандықтар құрған. Лондондық Bindmans заң фирмасының серіктесі Таяб Алидің айтуынша, азаматтардың жеке бас қауіпсіздігі үшін аты-жөні жария етілмейді.

Азаттықтың хабарлауынша, комиссияны британиялық саясаткер әрі заңгер Кеннет Макдональд басқарады. Қазанда ол британиялық саясаткер Эндрю Митчелл, британиялық депутат Рушнара Әлимен бірге Қазақстанның Лондондағы елшілігіне хат жолдаған. Онда олар ел билігін тергеу ісіне қатысуға шақырған және комиссия мүшелерінің Жанболат Мамаймен кездесуіне көмектесуін сұраған.

Алайда өткен аптада Эндрю Митчелл даму бойынша кіші министр болып тағайындалғандықтан комиссия құрамынан шыққан. Таяб Әлидің сөзінше, комиссия қаңтар оқиғасының не себепті басталғанын емес, Жанболат Мамай ісіне қатысты деректерді қарастыруды көздейді.

Қазір комиссия “Мамайды және басқа саяси тұтқындарды қамауға алуға негіз болған ақпараттар мен дәлелдерді алу” процесін жүргізіп жатыр. Оған қоса олар куәгерлер, қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары ұсынған дәлелдерді де қарастыруды жоспарлап отыр. Жыл соңында комиссия куәгерлердің айғақтарын тыңдау үшін ашық отырыс өткізбекші.

Жанболат Мамайдың адвокаты Ернар Кенжебеков белсендіге қатысты тергеу аяқталғанын және іс материалдары сотқа жіберілгенін айтты.

Factcheck.kz