Бішкекте Ресей елшілігі алдында пикетке шыққан ресейлікке айыппұл салынды

Бішкектегі Ресей елшілігі ғимараты алдына пикетке шыққан ресейлік азаматқа айыппұл салынды. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

Белсенді Ондуруш Токтонасыров Ресей президенті Владимир Путиннің әрекетіне қарсы пикетке шыққан. Кейін Омурбек Кангелдиев және ресейлік Владимир есімді азамат наразылық акциясына қосылған.

Алайда біраз уақыттан соң полиция қызметкерлері наразылық білдірушілерді ұстап, Первомайский аудандық сотына жеткізген. Сот Ондуруш Токтонасыров пен Омурбек Кангелдиевті босатқан. Ал Владимирге 3 мың сом (шамамен 17 507 теңге) айыппұл салған.

Адвокат Бақытбек Автандил сот шешімінің заңсыз екенін және аппеляция шағымын түсіретінін мәлімдеді.

Factcheck.kz