Әлімжет пен әділетсіздік: ерлерді әскерге міндеттеу қаншалықты дұрыс?

Қазақстанда 18 бен 27 жас аралығындағы ер адамдарға әскери қызмет заң жүзінде міндеттелген: жастар жылына екі рет әскерге шақырылады. Одан жалтарғандарға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынудан бастап, бір жылға дейін бас бостандығы шектелуі не айырылуы мүмкін. Бірақ мұндай біржақты “қанаушы” тәртіп қаншалықты әділ және қандай салдарға алып келуі мүмкін? Талдайық.

Жастардың әскерге баруын жақтаушылар мұны “отан алдындағы борыш” пен “отан қорғау” риторикалары арқылы ақтайды. Алайда бұған қатысты жастардың өз ойы мен ұстанымы бар. Одан бөлек, Қазақстанда әскерге шақыру өз алдына құқықтық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге келіп тіреледі.

Алдымен ерлерді әскерге күштеп міндеттеу совет одағынан қалған дәстүр екенін айтып кеткен дұрыс. Ал әскер — маскулин институт. Соғыс бағзы заманнан (қарапайым әскерилерден бастап олардың тағдырын шешетін әскери элитаға дейін) көбіне ерлер айналысатын сала болып қала бермек. Әскердің өзі әлеуметтік институт ретінде гегемондық маскулиндікті өндіретін, қолдайтын және тарататын жер: мұндай әлеуметтік практика жүйесі мен маскулиндік нормалары “нағыз еркек” образын қалыптастыруға жұмыс істейді.

Статистика: жастар әскерге барғысы келе ме?

Мемлекет әскерді совет одағы кезіндегідей “элиталық” статус ретінде көрсетуге, жеңілдік жасауға және имиджін жақсартуға, мүмкіндігінше көп адам тартуға тырысып жатқаны байқалады. Бұл мақсатта, тіпті, ТикТок видео түсірген.

Ал Батыс Қазақстан облысында әскери комиссариат қызметкерлері студенттердің диплом қорғап болуын университет ішінде күтіп, алып кеткен. Бүгінде алыстан не жақыннан көрмеу сияқты көзінің проблемасы барлар да әскерге жарамды саналады. Медициналық босату үшін ауыр ауру түрі болуы шарт.

Жақында әскерге баруды тартымды көрсету мақсатында қорғаныс министрлігі мен ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен жоба әзірледі. Оған сай, әскери қызметті өтеген барлық азаматқа ҰБТ нәтижелерін есепке алмай, әңгімелесу нәтижесінде (әскерден кейін екі жыл ішінде) ақылы негізде ЖОО-ға түсу мүмкіндігі беріледі. Ал ерекше көзге түскендер ЖОО-да тегін оқи алады.

Бұл шаралар қаншалықты тиімді екеніне уақыт сыншы. Бірақ сандар жастардың әскерге баруға құлықсыз екенін көрсетеді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, кейінгі бес жылда әскерге шақырылғандар саны 270 мыңнан 165 мыңға дейін азайған, олардың тек 35 мыңға жуығы жыл сайын әскер қатарына қабылданады, басқа 20-30 мыңы денсаулық жағдайы бойынша әскерге бармайды. Осылайша, 200 мыңның айналасындағы адамның 65 мыңға жуығы ғана медициналық комиссиядан өтеді. Демек, қалған жартысынан көбі тіпті шақыртылған әскери пунктіге бармайды.

“Бір жылым ауаға кеткенін қаламаймын”

Factcheck.kz сайтымен сөйлескен, аты-жөні аноним болғанын қалаған 24 жасар қазақстандық (К деп атайық) әскерге барғысы келмейді. Ол мұны “тырнақша ішіндегі абайсызда өліп кеткендердің қатарында болудан қорқынышымен” түсіндіреді. Жақында К-ға әскерге шақыру келген.

Негізгі себепке келсек, меніңше, әскерде жағдай жасалмаған. Яғни, түк мотивация жоқ. Бұл жағдайға кеңінен қарағым келеді: неліктен бейбіт заманда осылай әскерге баруымыз керек? Қазір қару-жарақ, әскери күшпен емес, біліммен жарысатын заман болса ғой деп армандаймын. Геосаяси жағдайға байланысты, әрине, Қазақстан әскері әрдайым өзге елдің шабуылына дайын болуы керек.

К-ның сөзінше, ол әскерге барудан үзілді-кесілді бас тартпайды. Бірақ, оның айтуынша, мемлекет мұны міндеттеуі үшін бірқатар жағдай жасауы қажет.

Келесідей жағдай жасалса, әскерге барар едім: біріншіден, бір жылым ауаға кетті демеу үшін мен жұмыс істеп отырған орнымда қанша табыс тапсам, әскерге кеткен уақытымда соны үкімет ай сайын беріп отырса; екіншіден, әскерге барғандарға жеңілдік өте көп болғанын қалаймын. Қазір ҰБТ-ға жеңілдік жасап, әскерге барғандарға грант беретінін [көзге түскендерге ғана университет тегін оқу ұсынады- авт.], үй алу үшін әскери баспана бағдарламасы бар екенін естідім. Бірақ бұл жеткіліксіз. Мысалы әскери баспана бағдарламасының басқа бағдарламалардан айырмашылығы жоқ. Бюрократиясы көп. Үшіншіден, қателеспесем бізде кредит пен ипотека мәселесі қарастырылмаған. Яғни, сізді әскерге алып кетсе ипотека не кредитіңіз уақытша тоқтамайды. Бұл да үлкен проблема.

К-ның айтуынша, әскерге шақырғаннан кейін Қорғаныс министрлігі әлімжеттіктің және кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуы керек, өміріңе толықтай жауап беруі қажет. “Қазір медиадан шырылдап, көз жасы аққан қанша ата-ананы көріп жүрміз. Ал көрмей, білмей жүргеніміз қанша?”,-дейді ол.

Бейбіт замандағы өлім

Расымен, әскердің институт ретіндегі имиджіне көп нұқсан келтіріп, адамдарды жирендіретін тағы бір фактор — әскери борышын өтеп жүрген жастардың бейбіт замандағы өлімінің толастамауы.

2022 жылы наурызда 19 жасар, сәуірде 18 жасар, маусымда тағы бір 19 жасар әскери міндетін атқарушы жас өлді. 6 маусымда Қорғаныс министрлігі “армиядағы өлімнің нөлдік деңгейі” бағдарламасын әзірлейтінін мәлімдеп үлгергені сол еді, 12 маусымда Павлодарда Ұлттық ұланның әскери келісімшартпен қызмет етуші қаза тапқаны, 30 шілдеде әскери борышын өтеп жүрген 2 жастың асылып қалғаны белгілі болды.

Қорытынды

Сонымен, өз мақсаты мен жоспары бар жастарды күштеп әскерге алып кету қаншалықты дұрыс? Бәлкім оларды әскерге баруға ынталандыратын нақты шешімдер мен өзгерістер керек шығар?

Әскерилерді қолдау әскерден соң олардың қалыпты өмірге бейімделуіне көп көмегін тигізеді. Бұл контексте мемлекеттен берілетін әлеуметтік және психологиялық көмек ғана емес, адамның қоршаған ортасының қолдауы да маңызды. Осы тұста әскерге мәжбүрлеу адамның психологиялық, әлеуметтік және экономикалық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін айта кеткен жөн.

Мысалы, АҚШ-та әскерге бару ерікті түрде жүзеге асады. 1973 жылдан бері әскери борышын өтеу міндетті емес, тек 18-25 жас аралығындағы жігіттер Selective Service-ке (АҚШ-тың әскери тіркеу органы) барып тіркелуі керек. Елде төтенше жағдай болса, Конгресс пен президент рұқсатымен осы тіркеуде тұрған адамдар іріктеліп шақыртылады.

АҚШ жастарды Қарулы Күштерге тарту үшін көп ақшалай және салықтық жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі. Жеңілдіктер әскерилердің өзін, отбасы мен зейнетке шыққаннан кейінгі өмірін де қамтиды. Ал АҚШ әскери күштері әлемде ең қуатты саналады.

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz