«Тоқаев Путинге әскери техника жіберіп жатыр» — видеоны тексереміз

Қыркүйектің соңында БӘСЕ жаңалықтар порталының YouTube және Телеграм арналарында әскери техника мен азаматтық көліктер оператор маңында баяу қозғалып бара жатқан видеосы жарияланды: бұл 27 қыркүйекте таңғы 9-дар шамасында Ақтөбе қаласының вокзалында болды делінген. Видеода дауысы естіліп тұрған адамдар пойыз Ресейге жол тартты деп болжайды. БӘСЕ авторларының пікірінше, бұл ролик Қазақстанның Ресей әскеріне қару тасымалдайтынын дәлелдейді.

Factcheck.kz редакциясы оқырмандардың өтінішімен видеодағы пойыздың қайда бағыт алғанын анықтап көрді.

Үкім: Манипуляция

Біз роликті мұқият зерттедік, видеодағы көріністерді Google.Maps суреттерімен салыстырып көріп, жасақ расында Ақтөбе вокзалынан кетіп бара жатыр деген қорытындыға келдік. Бірақ видеода айтылғандай солтүстікке — Ресейге қарай емес, оңтүстік бағытта, Қазақстанның ішіне қарай жол тартқан.

Дей тұрғанмен, Қазақстан әскери техника саласында Ресеймен тығыз қарым-қатынаста және өзара қару-жарақ тасымалын жүзеге асыратынын жасырмайды. Бірақ 2022 жылдың тамызында Қазақстан бір жылға әскери өнім экспортын толық тоқтатқанын хабарлады. Оған қоса Украина аумағында қазақстандық қару қолданылғанына дәлел таппадық.

Толығырақ

Видеодан бірнеше ғимаратты байқауға болады: (солдан оңға қарай) ақ не ашық сұр түсті шағын бір қабатты ғимарат, жол жағалай тұрған ұзын ақ-көк түсті ғимаратқа жанама салынған ашық көк түсті биік емес ғимарат, олардың алдында қызыл шатырлы кішігірім үй. Оң жақта төбесінде көлденең құрылымы бар мұнара тұр, ал оның артында темір жол бойымен өткен арка көпір.

  • «Тоқаев Путинге әскери техника жіберіп жатыр» — видеоны тексереміз
  • «Тоқаев Путинге әскери техника жіберіп жатыр» — видеоны тексереміз
  • «Тоқаев Путинге әскери техника жіберіп жатыр» — видеоны тексереміз

Кадрға іліккен ғимараттар, ағаштар мен теміржолдың бәрі спутниктің суретімен бірдей.

  • «Тоқаев Путинге әскери техника жіберіп жатыр» — видеоны тексереміз
  • «Тоқаев Путинге әскери техника жіберіп жатыр» — видеоны тексереміз
  • «Тоқаев Путинге әскери техника жіберіп жатыр» — видеоны тексереміз

Сондай-ақ 2:45 секундында кадрда күннің шығып келе жатқаны көрініп тұр. Күннің орналасуын есептейтін SunCalc бағдарламасының ақпаратына сай, 2022 жылдың 27 қыркүйегінде таңғы 9-дар шамасында Ақтөбе вокзалы маңында дәл осы нүктеден — оңтүстік-шығыстан күн шығуы керек.

Сонымен, ғимараттардың орналасуына қарай пойыздардың қозғалысын бақыласақ және күннің орналасуы бойынша түсінгеніміз, құрам Ресей-Қазақстан шекарасына қарсы бағытқа — оңтүстік-шығысқа қарай жол тартып барады.

Өкінішке қарай, видеоның сапасы әр техниканың маркасын анық көруге мүмкіндік бермейді, бірақ шанағының (кузов) ерекше формасының арқасында бір автокөлікті анықтай алдық. 2:45-те камераға Қытайдың North Industries Corporation (NORINCO) компаниясы Poly Technologies-пен бірге жасаған «Дракон» CS/VN3 Dajiang бронеавтокөлігі түсіп қалған. Айта кетейік, бұл бронеавтокөлік Қазақстан қару-жарағының құрамында жоқ, бірақ 2017 жылдың маусымынан бастап Беларусь Республикасының әскеріне жеткізіледі.

Әскери техникасы бар құрамның нақты бағыты белгісіз. Дегенмен, айта кеткен жөн, 26  қыркүйек пен 13 қазан (кей мәліметтер бойынша 8 қазан) аралығында Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, Жамбыл және Алматы облыстарында ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы немесе ОДКБ) оқу-жаттығуы болды. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің мәлімдемесіне сәйкес, ҰҚШҰ мүше елдердің әскери контингенттері 22-30 қыркүйек аралығында елге келді, оның ішінде теміржол көлігімен келгендер де бар.

Қазақстан Ресейге қару экспорттай ма?

Қазақстанның қару-жарақ экспорты туралы ашық деректердегі мәлімет мардымсыз. Мәселен, қару-жарақ пен қарусыздануды бақылау мәселесімен айналысатын ірі ұйымдардың бірі — Стокгольм халықаралық бейбітшілік проблемаларын зерттеу институты (SIPRI) Қазақстаннан басқа елдерге тасымалданатын әскери техника туралы ақпаратты 2006 жылға дейін ғана ұсынған.

«Тоқаев Путинге әскери техника жіберіп жатыр» — видеоны тексереміз
SIPRI сайтынан скриншот  

Бір қызығы, SIPRI тізіміндегі импортшы елдер қатарында Ресей Федерациясы жоқ. Бірақ Кеңес Үкіметі ыдырағаннан кейін Қазақстан мен Ресей әскери серіктестік туралы бірқатар келісімшартқа қол қойып, қару-жарақ тасымалы туралы келіскен. Бірақ SIPRI мамандары деректер қарама-қайшы болуы мүмкін екенін ескертеді.

1991 жылы Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде бірқатар кәсіпорын болды, олар Одақтың өте үлкен қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің бір бөлігі еді. Атап айтқанда, 50-ден аса зауыттан қару-жарақ, әскери-теңіз күштеріне арналған құрылғы, танкілерге арналған қару, атыс қаруы, зымыран жүйелері, зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің компоненттері шығарылды.

1994 жылы Қазақстан мен Ресей Әскери серіктестік туралы алғашқы келісімшартқа қол қойып, 1995 жылы екі ел арасындағы Келісім күшіне енді. Оған сәйкес Қазақстан Ресейге мыналарды береді:

  • Ұшуды жерден қамтамасыз ету техникасы мен құралдары және бақылау-тексеру аппаратурасы бар Ту-95 МС ауыр бомбалаушы — 35 дана;
  • 312 дана КРВБ (қанатты зымырандар);
  • Техникалық мүлкі бар шетелдік мамандарды оқытуға арналған 21 дана Миг-29 ұшағы;
  • Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жабдықталған 11 дана АН-12 ӨҚЖ (өртке қарсы жүйе) ұшағы және 10 Ан-24 ұшағы; жерүсті іздеу және құтқару құралдары, сондай-ақ іздестіру-құтқару жұмыстарын басқару үшін қажетті жабдықтар.

Ресей олардың орнын былайша өтейді:

  • Қазақстан Республикасына Ту-154 және Ту-134 ұшақтарын;
  • Қазақстан Республикасына 21 МиГ-29;
  • Қазақстан Республикасына Су-27, Су-25 ұшақтарын береді.

Айта кетейік, бұл айтылған құрал-жабдық алмасу туралы дерек SIPRI мәліметтер базасында жоқ.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары қорғаныс өнеркәсібі құлдырап кетті, дегенмен 2000 жылдардың ортасынан республика әскери-өнеркәсіптік кешенді дамытуды қайта қолға алып, Франция, Испания, Израиль, Түркия және басқа да елдермен серіктестік орната бастады. Сол уақытта ҰҚШҰ қызметі белсенді болып, Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы Одақ аясында нығая түсті.

Соның нәтижесінде төмендегі құжаттарға қол қойылды:

  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында әскери мақсаттағы өнім шығару жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-өндірістік бірлестіктер құрудың жалпы қағидаттары туралы келісім (2010 ж.);
  • ҰҚШҰ шеңберінде әскери мақсаттағы өнім өндіруге қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келісім (2010 ж).

ҰҚШҰ-да Ұжымдық жедел ден қою күштерін (ҰЖДК) заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекетаралық нысаналы бағдарлама жұмыс істейді, сондай-ақ қару-жарақтың бірыңғай стандарттары енгізілді. Қару-жарақтың үйлесімділігі мен олардың ҰҚШҰ стандарттарына сәйкестігі ортақ оқулар кезінде тұрақты түрде тексеріліп тұрады. ҰҚШҰ бойынша одақтастар бір-біріне қару-жарақ пен әскери техниканы жеңілдетілген және мемлекетішілік бағамен жеткізу туралы шешім қабылдады.

Қазақстаннан Ресейге қару-жарақ экспорттау туралы нақты ақпарат болмаған соң біз мемлекеттік органдардың хабарламаларына жүгініп көрдік. Мәселен, 2022 жылдың маусым айында «Экспресс К» ҚР Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтей отырып, қазақстандық қару мен оқ-дәрінің импортшылары төрт ел — Үндістан, Румыния, Чехия және Ресей деп хабарлаған.

Сондай-ақ айта кеткен жөн, Украинадағы соғыс пен қару-жарақты алып-сату туралы түрлі мәлімдеме аясында ҚР ИИДМ ұсынысы бойынша ҚР Қорғаныс өнеркәсібі мәселелері жөніндегі комиссия 2023 жылғы тамызға дейін Қазақстаннан әскери өнім экспортын тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, біз әскери қақтығыс кезінде Украина аумағында қазақстандық қару қолданылғаны туралы дәлел таппадық. Бірақ желіде Ресейдің ирандық дрон, француздық әскери құрылғы мен АҚШ, Еуроодақ пен Азияда өндірілген электронды бөлшектер пайдаланғаны туралы хабарлар мен мәлімдемелер пайда болды.

Factcheck.kz