Қазақстан мен Түркия жер айырбастамақшы ма?

Жақын күндері әлеуметтік желілердің қазақстандық бөлігінде (12) Хабар 24 телеарнасының жаңалықтар сюжеті тарады. Онда Қазақстан мен Түркия жер алмасады делінген. Ақпаратқа сенсек, заңға екі тарап та қол қойып үлгерген, енді Анталия провинциясы Кемер қаласы аумағындағы жеті гектар орман алқабы Қазақстанның иелігінде болады. Ал Алматы мен Ақтаудағы жалпы көлемі бір гектар екі жер телімі Түркияның меншігіне өтеді.

Қазақстан мен Түркия жер айырбастамақшы ма?
4,5 млн рет қаралған TikTok-тағы жариялым скриншоты

Түркияда 6 ақпанда болған жойқын жер сілкінісінен кейін тараған жер айырбасы туралы ақпарат қазақстандық желі қолданушыларын алаңдатып қойды. Factcheck.kz редакциясы мәселенің мәнісін анықтап көруге тырысты.

Үкім: Манипуляция

Жаңалықтар сюжеті шынайы, бірақ ол 2013 жылдың 9 қаңтарында шыққан. Сол кезде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел үкіметі арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойды. Хаттамада жер телімі рекреациялық, сауықтыру және туристік мақсатта 49 жылға беріледі делінген. Бұл жариялымды манипуляцияға жатқызамыз, себебі он жыл бұрынғы ақпаратты жаңалық ретінде таратып жіберген.

Құжат 1993 жылдың 13 желтоқсанында Анкарада жасалған, бірақ архивке көз жүгіртсек, үкімет қаулысымен тек 2007 жылдың 6 қарашасында бекітілген. Хаттаманың түпнұсқасы бойынша, Түркия Анталия провинциясы Кемер уезі Бельдиби ауылындағы аумағы 44 370 шаршы метр орман алқабын 49 жылға өтеусіз Қазақстанның пайдалануына берген. Аумақ сауықтыру және рекреациялық мақсатта ұсынылып, ҚР ресми тұлғалары мен мекемелеріне берілетіні атап өтілген. Қазақстан тарапы сеніп тапсырылған аумақтың бар шығынына жауап беріп, ол жерде құрылыс жұмыстарын жүргізуге құқылы болды.

Кейінірек 2012 жылдың 16 сәуірінде хаттамаға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп орман аумағы 66 023, 41 шаршы метрге артты. Жер телімінің 22 295,36 шаршы метрлік бөлігі рекреациялық және сауықтыру мақсатында пайдаланылып, мемлекеттік резиденция үшін өтеусіз негізде берілуі керек еді. Ал 43 728,05 шаршы метрлік екінші бөлігі коммерциялық мақсатта пайдалануға ақылы негізде берілген.

Бір қызығы, өзгерістердің екінші нұсқасы бар, ол да сол күні енгізілген. Оған сәйкес, Түркияның Қазақстанға берген жер аумағы – 67 256 шаршы метр. Яғни рекреациялық және коммерциялық мақсатта пайдаланылатын жер аумағы да сәл өзгерді – 22 302 және 44 952 шаршы метр. Осы нұсқада Қазақстанның қай жері Түркияға берілетіні жазылған:  Қазақстан тарапы туризм мақсатындағы сауда қызметінде пайдалану үшін бөлінген аудандарға байланысты 2001 жылғы 16 ақпан – 2010 жылғы 31 желтоқсан аралығында жиналған көгалдандыру құнын, орман шаруашылығы жұмыскерлерін қолдау түсімін, көгалдандыру және эрозия бақылау түсімін, жер рұқсат құнын, жалпы жылдық түсім үлесі мен салық, алым және басқа міндетті шығындарды төлеудің орнына түрік тарапына мемлекеттік ғимараттар салу үшін Ақтау қаласында 7 000 шаршы метр және Алматы қаласында 1500 – 2000 шаршы метр мөлшерінде екі учаскені 49 жылға бөледі.

Өзгерістер (қай нұсқасы екені белгісіз) 2013 жылдың қаңтарында ратификацияланды, ол жаңалықтарда хабарланды.

Оқи отырыңыз

Factcheck.kz