Пропаганда деконструкциясы | Қазақстанда әлеуметтік масылдық артып бара ма?

2022 жылы Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 3 180 теңгеге, ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге, күнкөріс минимумы 37 389 теңгеге жетті. Осыған байланысты әлеуметтік жәрдемақылар да өсті. Ал баспасөз құралдарында «жұмысқа тұрғысы келмей, әлеуметтік төлемдермен ғана күн көргісі келетін» қазақстандықтар арасындағы «масылдық көңіл күйдің» артып жатқаны, патернализм туралы материалдар ұзақ уақыт бойы жарияланып келеді. 

Factcheck.kz редакциясы «Қазақстан халқы расымен өзіне емес, мемлекетке арқа сүйегенді жөн көре ме?» деген сұраққа жауап іздеді. 

Үкім: Манипуляция

Қазақстан қоғамындағы патерналистік көңіл күй туралы зерттеулер жоқ. Статистика деректері 2018-2019 жылдары жәрдемақы алатындардың саны артқанын, бірақ бұл тенденцияның тек екі жылға созылғанын көрсетті. Қазір кейбір төлемдерді (АӘК, мем.тұрғын үй көмегі) алып жатқандардың саны азайып, ал кандидаттарға талаптар мен мемлекеттің бақылауы күшейген. Бұған қатысты жаппай наразылық та байқалмайды. Факторлардың бәрін ескеріп, жалпы қазақстандықтар және әлеуметтік төлем алатындар мемлекетке толықтай тәуелді болып, жұмыс пен жауапкершіліктен әдейі қашады деген қорытынды жасау мүмкін емес. 

Толығырақ қарастырайық. 

Әлеуметтік масылдық туралы риторика қалай дамыды?

Ең алдымен «әлеуметтік масылдық» пен «патернализм» терминдеріне анықтама берейік. «Әлеуметтік масылдық» терминінің осы күнге дейін нақты түсіндірмесі келтірілмеген. Бұл көбіне «Масылдар кімдер, әлеуметтік деген не?» деген сияқты сипаттарды қамтиды. Жалғыз анықтама Ю.А. Зубарева мен А.И.Шамардинаның «Менеджмент, маркетинг, экономика, кәсіпкерлікке қатысты терминдердің энкиклопедиялық сөздігінде» бар. Әлеуметтік масылдық — тұрақты табыс көзі болатын қоғам есебінен толығымен қамтылу немесе көмек алу. Бұл жерде «толығымен» деген сөзге назар аудару керек. Бұл табыс табудың кез келген басқа жолынан (жұмыстан) бас тартуды меңзейді. 

Патернализм — билігі бар адамдар азаматтар үшін толық жауапкершілік алады да, баласын бақылаған әкедей болады. Адамдар өзіне тиімді нәрсені ала алады, бірақ олардың таңдау мүмкіндігі мен жауапкершілік сезімі болмайды. «Патернализм» ғылыми және сирек қолданылатын термин болса, «әлеуметтік масылдық» — көзге бірден түсетін лексикалық ұғым. Ол көпке түсінікті әрі жиі сынға ұшырап жатады, сонымен қатар жазғыру сарынында айтылады. 

Іздеу жүйесінде мемлекеттің әлеуметтік қамтуына тәуелділік тақырыбы 2000-2017 жылдар аралығында өте аз кездеседі (12345678) және онда көбіне әлемдегі тенденциялар мен Қазақстандағы жағдайдың алдын алу туралы айтылған. 2018 жылдан бастап медиада қазақстандықтардың масылдық көңіл күйі туралы материалдар аксиомаға айналып қана қоймай, үнемі дамып отырған (1, 2345 , 678). Аргумент ретінде медиа президент пен басқа да мемлекет қайраткерлерінің цитаталарын келтіреді: 

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Қиын жағдайда азаматтарға жан-жақты көмек беруге басымдық береміз. Бірақ, өкінішке қарай, қоғамда патерналистік көңіл күй мен әлеуметтік масылдық күшейіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Ірі шетелдік мұнай газ компаниясы азаматтарымызға жақсы жалақы тағайындап, вахта әдісімен жұмыс істеу үшін мың орын бөлді. Өкінішке қарай, ұсынысқа елу адам үн қатқан. Себеп айқын – ешкім бір жаққа жұмыс істеуге барғысы келмейді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Көрсеткіштер бар. Республикада жақсы тұратын, бірақ атаулы әлеуметтік көмек алған он мыңдаған адам анықталды. Өкінішке қарай, масылдық өршіп барады. «Жұмыс жоқ, мемлекет қайда қарап отыр, бізге көмектеспейді» дейді. Маған бәрі жоғары жалақысы бар, кабинеті бар бастық болғысы келетін сияқты көрінеді… Ал тас қашаушы, комбайншы  – бұл жұмыс емес пе?

Владимир Божко

Жуырда бір ауылда болдым. АӘК алуға берген өтінішінің мақұлданғанын күтіп жүрген жас жігітті көрдім. Неге жұмыс істемейтінін сұрадым. Жұмыс жоқ дейді. Тура сол жерде жұмыс тауып беруді ұсындым. Сол кезде ол жұмыс істегісі келмейтінін айтты. Бізде көлігі мен үйі бар, бірақ сонда да АӘК алуға өтініш берген адамдар бар, мемлекеттен жәрдемақы алу үшін қағаз жүзінде ажырасатын адамдар да бар. Адамдар мұндай тірлікке баруға ұялуы керек. 

Ерлан Қошанов 

Материалдарда сарапшылардың бірен-саран мысал келтіріп, жеке тәжірибесін бөліскені де кездеседі: 

Таңертең уотсап ашып, ондаған әртүрлі хат оқимын. Олардың арасында балаларын құрал қылатын манипулятор аналар бар. Бүгін маған Қарасай ауданында АӘК алуға құжат тапсырған соң, өтініші мақұлданбаған ана жазды. Алтыншы баласын, екі жастағы баланы Қаскелең көпірінен лақтырып жіберемін деп қорқытып отыр. Балаларым Тоқаевқа керек болмаса, маған да керек жоқ дейді. 

Ақмарал Басирова, «Бақытты отбасы» аналарды қолдау орталығының басшысы

Масылдық көңіл күйге жиі куә боламын. «Мен анамын ғой!» деген ұран үнемі байқалады. Жақында жеті баласы бар әйелге көмектестім. Қолымнан келгенін істедім. Азық-түлік апардық. Тұрғын үй жалға алып, пәтерақысын төлеп бердік. Анасының өтінішімен балаларды тәулік бойы істейтін интернатқа орналастырдық. Әйелдердің бала туып, асырай алмаған соң, мемлекеттің қамқорлығына беріп жатқаны да көп нәрсені аңғартады. Бұл жылулық пен мейірімді көрген әйел тағы не керек екенінің тізімін жазып жіберіпті…

Марианна Гурина, «Ұлағатты жанұя» ҚҚ басшысы

Редакция спикерлердің жеке тәжірибесі мен бақылауын құнсыздандырмайды. Бірақ мұндай пікірдің елдегі жалпы тенденцияны көрсетуі екіталай. 

Мысалы, Сaravan.kz секілді басылым келтірген жалғыз ғылыми аргумент — Фридрих Эберт қорының «Қазақстан жастары: құндылықтарын, сенімін, мақсатын бағалау» деген зерттеуі. Онда жастар арасында патерналистік көңіл күй басым екені айтылған. БАҚ дереккөзді таңдаудағы мақсатын 14-29 жас аралығындағы жастар Қазақстан халқының жартысына жуығын құрайды деген оймен түсіндіреді. Бірақ бұл жалған. 2021 жылғы дерек бойынша, тура сол зерттеуде көрсетілгендей, осы жастағы 4 277 728 адам қазақтандықтардың бестен бірін құрайды. Еңбекке жарамды халықты қарастырсақ (9 274 100 адам, статистикада 15-28 жас тобы қамтылады), олардың арасында 2 063 400 адам – төрттен бірінен де аз. Зерттеуде деректерді бір рет жинағандықтан, алдыңғы жылдардағы прогрессия немесе регрессияны бақылау мүмкін емес. 

Қазақстан халқының бестен бірін құрайтын топтағы мың адамнан (методология) сұхбат (немесе сауалнама алу) жалпы тенденцияны көрсете ала ма? Даулы пікір. Әрі одан бір жыл бұрын Эберт қоры «Қазақстан қоғамының әлеуметтік өлшемдегі құндылықтары» деген зерттеу жариялаған. Онда әртүрлі жастағы еңбекке жарамды төрт топ қарастырылған (18 – 29 жас, 30 – 40 жас, 41 – 50 жас, 51 – 60 жас). Олардың патернализм туралы жауабын сараптай отырып, ғалымдар мынадай қорытындығы келеді: 

Саяси мәдениет құрылымында дәстүрлі құндылықтардың позициясы мықты — мемлекеттен кепілдік алуды қалау, ұжымшылдық, патернализм. Сөйте тұра көбі өзінің әл-ауқатына, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуде жеке жауапкершілік болуы керек деп ойлайды.

«Қазақстан қоғамының әлеуметтік өлшемдегі құндылықтары», Эберт қоры

Сарапшылар шынайы жағдайды бағалау қиын екенін айтады:

Қоғамдағы масылдық, инфантилизм мен патерналистік көңіл күйді ашып көрсететін терең зерттеу болмағандықтан, мұны білмейміз. 

Сабина Садиева, Public Policy саласының сарапшысы

Қазақстандықтардың өміріндегі мемлекеттің рөлі туралы деректер болмағандықтан, әлеуметтік көлемдерге арналған мемлекеттік бюджетті, көмек алып жатқан адамдарды, өсім тенденциясы бар-жоғын қарастыра аламыз. 

Деректер не дейді?

Ең алдымен мемлекеттік бюджеттің «Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамту» пункті (2017-2021 жж.) бойынша жалпы шығынына назар аударайық. 

2017 жылдан бастап көрсеткіш шамамен екі есе артты, бірақ азық-түлік, қызметтер, дәрі-дәрмек пен коммуналды шығындарының да қымбаттағанын айта кету керек. Бюджеттегі өзгеріс қымбатшылыққа байланысты ма, әлде көмек алатын адамдар саны расымен артты ма?

Зейнетақы әлеуметтік төлемге жатады. Зейнеткерлер – әлеуметтік көмек алатын ең үлкен топ.


Категорияға мүгедектік бойынша жәрдемақылар да жатады. Бес жылда бұл жәрдемақыны алатындар саны небәрі он мың адамға артқан.


2021 жылдан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған, кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар көпбалалы аналарға арнайы жәрдемақы тағайындалмайды.

«Масылдық» туралы айтқанда, көбіне АӘК алушыларды меңзейді. Әдетте бұл аз қамтылған адамдар мен отбасылар. Олардың саны 2018-2019 жылдардағы реформадан соң расымен өскен, бірақ қазір азайып жатыр.

Деректерді зерттей келе, әлеуметтік көмек алатын ең үлкен топтың зейнеткерлер екенін аңғаруға болады. Бұл табиғи өсім, әрі олар еңбек өтілі толған соң демалысқа кеткендіктен, бұл масылдық белгісі бола алмайды. Әлеуметтік мемлекеттік төлем алатындар саны 20 мыңға артқан, арнайы жәрдемақы берілуі керек адамдар саны миллионға (1 110 451 адам)  дейін төмендеген. Түсіндіре кетейік: 2021 жылдан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқа», «кәмелетке толмаған төрт немесе одан да көп баласы бар аналарға» арнайы жәрдемақы тағайындалмайды. Олар үшін қолдаудың жаңа шарасы қабылданған. Тұрғын үй көмегін алғандар көрсеткіші 76 623 адамнан 32 273 адамға жеткен (44 350 адамға аз).

Мұндай көрсеткіштермен халықтың мемлекеттің есебінен күн көретіні туралы айту орынсыз көрінеді, бірақ «әлеуметтік масылдық» туралы жиі айтатындар бар. Ең алдымен, бұл атаулы әлеуметтік көмек алатындарға қатысты. Еңбекке жарамсыздарға қолдау қайтарымсыз негізде беріледі, бірақ жұмысқа жарамдыларға арналған шарттар да бар. ҚР ұлттық статистика бюросының дерегінде, АӘК алатындар саны 2019 жылы күрт өсіп (571 584-ден 2 177 179 адам), сосын күрт төмендеген. АӘК туралы заңды мына жерде көрсетілгендей 2019 жылы емес, 2001 жылы қабылдаған. Ал 2018 жылы АӘК-тің жаңа форматы туралы айтылған соң өтініш көбейген (2017 жылмен салыстырғанда 548 316 адамға көп). 

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметке келуімен және Астанада ата-анасы жұмыста болған бес баланың өртеніп кеткенімен есте қалды. Отбасында материалды проблемалар болғандықтан, жүздеген көпбалалы ана митиңге шығып, мемлекеттің әлеуметтік қолдауын күшейтуді талап етті. Сол кезде билік шара қабылдады. Бірақ деректер көрсеткендей, қазір АӘК алатындар азайған, оларға қойылатын талап күшейген. 

Реттеу шараларын күшейту туралы шенеуніктер 2019 жылы айта бастады. Сол кезде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Бердібек Сапарбаев АӘК алатындардың жұмыс істегісі келмейтінін, кейбірінің үшқабатты коттеджі мен көліктері барын мәлімдеді. Үшқабатты үйі бар адамдар мемлекетке масыл деп санала алмайды, себебі автокөлік пен үйді олар жәрдемақыға алмаған. Бұл мақсатсыз алдауға көбірек ұқсайды, себебі әлеуметтік масылдық мемлекет есебінен жүз пайыз күн көруді білдіреді. 

Бірақ шын мәнінде солай болуы мүмкін бе? АӘК жан басында шаққандағы табыспен есептеледі. Ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің жетпіс пайызынан аз болмауы керек. Бұл әр өңірде әртүрлі. Маңғыстау облысын алсақ, онда 2022 жылғы мамырда ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 200 тг болды. Яғни, ай сайын әр тұрғынның 35 140 тг табысы болуы керек. Мұндай табысы жоқ кез келген адам атаулы әлеуметтік көмекке жүгіне алады. 

Атаулы әлеуметтік көмек адамға жан басына жаққандағы табыс мөлшеріне ғана кепілдік береді, одан көп емес!

2021 жылы қазақстандықтардың өмір сапасы туралы зерттеу халықтың жан басына шаққандағы шығыны  67 440 тг тең екенін көрсетеді. Зерттеуді ұлттық статистикасы бюросының сайтында жарияланған.

Қаржы министрлігінің сайтындағы 2021 жылдың әлеуметтік блок бойынша есебінде АӘК алуға өтініш берген 273 400 еңбекке жарамды адамның ішінде 27 900-і жұмыспен қамту шараларына жүгінгенін, 178 900 адам өтініш қалдырған кезде жұмыс істеп жүргені айтылған. Еңбекпен қамту тіпті ең төменгі күнкөріс деңгейіне де кепілдік бермейді, сондықтан көбі масылдықтан, ештеңе істегісі келмегеннен емес, жалақының өте төмен болғанынан қолдау іздейді

Қазақстандағы жұмыссыздық жөніндегі статистика көрсеткіштері айтарлықтай жақсы: 9 256 800 еңбекке жарамды адамның арасында 449 600-ы жұмыс істемейді. Бұл небәрі 4,9%. Ресми дерек бойынша, 998 мың адам ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз табыс табады. Әрине, олардың бәрі еңбекке жарамды топқа жатпайды, бірақ жоғарыда айтқандай, еңбекпен қамтылғандар да мемлекеттен көмек ала алады. Еңбекпен қамту туралы статистиканың Қазақстандағы еңбек нарығын қаншалық анық көрсететінін басқа материалда талдағанбыз. 

Мемлекетке тұтынушылық сипатта қарайды деген күдікке түскен тағы бір топ — мүгедектігі бар адамдар. Сенат депутаты Ләззат Қалтаева былай деді: 

Мүгедектігі бар адамдар арасында масылдық өршіп барады. Оларға жасалып жатқан жағдай жеткілікті болса да, жәрдемақыны көтеруді талап етеді. Бірақ ешбір елде әлеуметтік төлемдерді арттыру арқылы тең мүмкіндік қалыптастыру мүмкін емес. 

Ләззат Қалтаева

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2017 жылдан бастап жәрдемақы алатын мүгедектігі бар адамдардың саны 10 мың адамға ғана артқанымен, кей шенеуніктер бұл категориядағы адамдардың еңбекпен қамтылуы төмен екенін айтады. Бірақ бұл жерде жауапкершіліктен қашу емес, инклюзивті қоғам туралы айту маңыздырақ. 

2020 жылы сол кезде еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Ерлан Аукенов ерекше қажеттілігі бар еңбекке жарамды адамдардың 30%-і жұмыс орнымен қамту керек деп мәлімдеді. Ол 25%-інің жұмысы бар екенін айтты. Бірақ екі жыл бұрын, 2018 жылы жұмыс істейтіндердің көрсеткіші тура сол 30%-ті көрсетті. 2021 жылға қарай үлес 24,8%-ке азайды. hh.kz және enbek.kz электронды еңбек биржасынан мүгедектігі бар адамдар үшін бос жұмыс орындарын қарап көрдік. Бүкіл Қазақстан бойынша тек 1 637 ұсыныс шықты. 

Түйін

Қазақстандықтардың «масылдық» және «патерналистік» көңіл күйі туралы іргелі зерттеулер жоқ. Сондықтан мемлекет саясатындағы, бюджетті қайта бөлудегі, әлеуметтік төлемдердің деңгейі мен оны алатын адамдардың санындағы өзгерістер бойынша ғана қорытынды жасай аламыз. 2018 жылғы наурызда «Президенттің бас әлеуметтік бастамасы» жарияланды, АӘК беру форматы өзгерді. Бұл іс жүзінде әртүрлі жәрдемақыларға тапсыратын адам санының артуына әкелді және бұл тенденция одан кейінгі жылда да сақталды. Сарапшылар адамдардың ығына жығылатын «жұмсақ мемлекет» туралы айтады. Дегенмен, кейінгі екі жылда мемлекеттен көмек алу талаптары күшейіп, бақылау қатаңдады. Бірақ бұған қатысты қоғамдық толқулар болған жоқ. Бағдарламаларды орындау туралы есептерде еңбекке жарамды қатысушылардың белсенді екені, не жұмыс істеп жатқаны, не жұмыс іздеу мүмкіндіктерін қолданатыны көрсетілген. Осылайша қазақстандықтардың патернализм мен масылдыққа бейім екенін айту орынсыз.  

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz