Қазақстанға Қытайдың әскери техникасы келгені рас па?

6 маусымда БАСЕ YouTube арнасында және инстаграмдағы бірнеше парақшада (1, 2, 3) “Қазақстанда Қытайдың әскери техникасы не істеп жүр?” деген мазмұндағыф видео жарияланды. Видеода поездың әскери техниканы алып бара жатқаны бейнеленген. Кадр сыртындағы адамның сөзіне сай, “Қытай әскери техникалары” Семейге қарай кетіп бара жатыр. Бұдан бөлек, кейбір желі қолданушылары БАСЕ арнасының видеосының әскери техника көрсетілген кадры мен “Қытай әскери техникасын Ресейдің Украинаға қарсы соғысына көмек ретінде жіберіп жатыр, ал Қазақстан — транзит” деген тұсын бөліскен. Factcheck.kz оқырмандардың сұрауы бойынша, ақпараттың мән-жәйін тексерді.

https://www.instagram.com/tv/CtJ_QlEt1RS/?igshid=MzRlODBiNWFlZA%3D%3D

Үкім: Манипуляция

Видео Қазақстанда түсірілгені рас. Алайда бұл 2018 жылы жасалған кадр және Қытайдың Ресейге берген әскери көмегі емес. ҚР Қорғаныс министрлігінің Factcheck.kz редакциясына берген жауабына сай, Қытай Халық Республикасының әскери техникасын Қазақстан аумағы арқылы Ресейдің Челябі облысындағы Шұбаркөл полигонына апара жатқан сәті бейнеленген. Оған себеп — Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер терроризмге қарсы «Бейбіт миссия – 2018» оқу-жаттығу өткізген. Ал бұл полигонда көбіне танктердің жаттығуы өтеді.

2018 жылы 22-29 тамыз аралығында Шұбаркөлде болған оқу-жаттығу жиынына Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Үндістан және Пәкістан қатысқан. Оқу-жаттығу жиынында 3 000-нан астам әскери қызметкер қатысып, 500-ден астам әскери техника болған.

Контекст

  • Бұған дейін Factcheck.kz редакциясы “Қытай Ресейге тиесілі тарихи жерлерін картаға қосып алыпты” деген манипуляция ақпаратты әшкереледі.
  • Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде публицист Жүсіпбек Аймауытов “Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек деп айтып кеткен екен” деген сарында жарияланған ақпараттың манипуляция екенін анықтадық.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz