Қытай Ресеймен шекаралас аймақтарын картаға қосып алғаны рас па?

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде “Қытай Ресейге тиесілі тарихи жерлерін картаға қосып алыпты” деген ақпарат тарауда. КХР ресми сайттарында “Ашық карталардағы мазмұнды көрсету нормалары” туралы бұйрық жарияланыпты-мыс. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Қытай Ресеймен шекаралас аймақтарын картаға қосып алғаны рас па?

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, ҚХР Премьер министрінің ресми сайтында расымен де “Карта мазмұнын көпшілікке ұсыну талаптарының” қаралғаны әрі мақұлданғаны жазылған. Ресеймен шекаралас аймақтағы кейбір қалалардың атауы қытайша көрсетілген. Дегенмен, ол жерден ешқандай да картаның сызбасын байқамадық. Тарихи атауларды өз тілінде берудің еш әбестігі жоқ (Мысалы, Қазақстан тарихында Оренбург қаласын Орынбор, Омск қаласын Омбы деп атайды). Екіншіден, жоғарыдағы карта бұл XVII ғасырдағы Цин империясының шекарасы. Тақырыбында “Ерте Цин дәуіріндегі қытай картасы” деп жазылған әрі ешқандай да ресми карта емес. Интернетте осы және ұқсас карталардың версиясылыр тауып алуға болады.

Ақпарат қай тұста бұрмаланды?

Қазақстандық медиа кеңістікте бұл ақпаратты Айгүл Соловьеваның Facebook парақшасына жариялаған постынан байқадық. Ол кісі “Могилизация” телеграм каналының мәтінін көшіріп алған. Ақпарат таратушылардың айтуынша, бұл картаны ҚХР билігі ресми бекітіп, Ресейдің Украинамен соғыста жеңілген жағдайда тарихи территорияларын қайтаруға дайындалып жатыр екен-міс. Ақпарат осы тұста бұрмаланды, анти-ресейлік көңіл-күйді тудыру үшін жасалған болуы мүмкін. Ал ең алғаш бұл ақпаратты жазған ресейлік блогер Владимир Стечкин Ресейдің Қытаймен шекаралас кейбір қалаларының қытайша атаумен жазылғанын байқап, материал шығарды. Бірақ Стечкин картаны тек мысал ретінде көрсетті. Ал одан кейін көптеген сайт картаны Қытай билігінің астыртын жоспары ретінде таратты.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz