Фактчек | Қазақстан тұрғын үйге қолжетімділік рейтиңінде 33-орында

23 желтоқсанда бірнеше медиа (1, 2) “Қазақстан тұрғын үй бағасының қолжетімділігі бойынша 33-орында екені” туралы ақпарат таратты. Материалдарда еліміздегі тұрғын үйге қолжетімділік көрсеткіші “айтарлықтай жақсы” екені жазылған.

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Қазақстан тұрғын үй бағасының қолжетімділігі бойынша 33-орында.

Қазақстандық медиада тараған ақпарат.

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, қазақстандық сайттар finprom.kz рейтиңіне, ал Finprom Numbeo ресурсына сілтеген. Бірақ Numbeo рейтиңінің методологиясы күмәнді. Екіншіден, рейтиңде әлемдегі барлық ел қамтылмаған, тек 113 ел көрсетілген.

Оның үсттіне Numbeo сайтындағы (елдер, қала жайлы, азық-түлік, тұрғын үй және т.б.) ақпаратты кез келген қолданушы өзгерте алатынын ескеру қажет. Ресурстың деректері сауалнама арқылы жиналады.

Рейтиң неге күмәнді?

Біріншіден, рейтиңде отбасыдағы бір жылдық жалақы есептелген. Numbeo бұл ақпаратты сауалнама арқылы жинаған. Мысалы Қазақстанға қатысты деректерді өзгертуді кейінгі 12 айдың өзінде 435 адам 4 837 рет ұсынған. Нақты неше рет өзгергені белгісіз. Ал Қазақстандағы салықтан кейінгі “таза табыс” 208 мың теңге деп көрсетілген.

Екіншіден, қала ортасындағы және шетіндегі бағалар бойынша 90 шаршы метрлік үйлер зерттелген. Яғни, бұл жерде барлық адамның 90 шаршы метр үйді сатып алмайтынын ескерудің өзі жеткілікті.

Үшіншіден, рейтиңде халық табысы адамдардың пәтер сатып алу қабілеттігіне әсер ететін негізгі фактор делінген. Яғни пәтер құны мен отбасының орташа жылдық табысына негізделген. Бұл тұста Қазақстанда орташа жалақы жыл сайын өскенімен, ел тұрғындарының шынайы табысын көрсетпейтінін ескеру қажет. Бұл, кем дегенде сатып алу қабілетін көрсете алмайды.

Бұдан бөлек, теңге бағамын долларға шаққанда халық табысы азайып жатқанын ескеру керек.

Контекст

  • Статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы қарашада 2021 жылдың қарашасымен салыстырғанда пәтер бағасы 26,9%-ке, ал жаңа тұрғын үйдің бағасы 17,3%-ке өсті. Ал пәтерді жалға алу төлемі 48,6%-ке өсті.
  • Factcheck.kz бұған дейін де Numbeo ресурсының деректері күмәнді екенін бірнеше рет (1, 2, 3) жазған.

Материалды дайындауға Online Factcheck academy түлегі

Ұлжан Болатова атсалысты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz